20.06.2024, 16:30
Оқылды: 226

Ғалия Мырзағалиқызы: «37 жыл ғұмырымды агрономияға арнаппын...»

Ұзақ жыл өңіріміздің ауыл шаруашылығы саласына еңбегі сіңген жандардың бірі – Ғалия Мырзағалиқызы Искакова. Федоров ауданындағы Тіксай деген шағын ауылда жарық дүниеге көрінген Ғалия Мырзағалиқызы 21 маусымда 80 жасқа толады. Оның үш жасында отбасы Бөрлі ауданына қарасты Облавка ауылына қоныс аударған. Сол жерде балалық шағы өтіп, жетіжылдық мектепті бітіреді.

WhatsApp Image 2024-06-20 at 11.14.32

1960 жылы Орал ауыл шаруашылығы техникумына оқуға  түсіп, 1965 жылы 18 наурызда қызыл дипломмен аяқтайды. Оқуда озат болған ол агроном-агрохимик мамандығын алып шығады. Зейінді шәкіртті Ресейдің Мәскеу қаласына, Тимирязов ауыл шаруашылығы академиясына оқуға жібереді. Алайда отбасылық жағдайға байланысты ол жаққа баруға мүмкіндігі болмайды.    

– Мен жетіжылдық мектепті бітіргенде 14 жасқа да толған жоқ едім. Бір күні «Красный луч» деген газетті оқып отырып, хабарландыруды көзім шалды. Онда техникумның веттехник, агроном, экономист және ветеринар мамандарды даярлайтыны жазылыпты. Сол сәтте агрономдықты таңдадым. Осы күні ғой, «Неге экономист мамандығын таңдамадым екен?» деп ойлаймын. Әке-шешеміз үш класс бітірсе де, балаларының білімді болуларына барын салды. «Оқыңдар, оқыңдар» деп жиі айтатын. Мен – кіндіктен тараған үш ұл, үш қыздың үлкенімін. Бауырларымның бәрі институтта білім алды. Мамам газеттерді, «Қазақстан әйелдері» журналын жаздырып алып, оқитын. Шай ішіп отырғанда, оқыған-білгендерін әңгімелеп, айтып беретін. Кітапты да көп оқыды. Менің кітап оқуға деген қызығушылығым сол кезде қалыптасса керек. Техикумды бітірген соң, 1965 жылы сәуірдің 17-сінде ауыл шаруашылығы басқармасына бардым. Ол кезде жас мамандарға жұмысқа орналасуға жолдама беретін. Маған Бөрлі ауданына қарасты Приуральный ауылының «Урал» колхозына барасың деді. Әлі есімде, жаңбыр жауып, жол езіліп жатты. Кадр бөліміндегі әйел адам мені колхозға бара жатқан инженердің көлігіне отырғызып жіберді. Инженер: «Девушка, вы на долго к нам?» – деді.

Мен: «Ну, надеюсь», – дедім. Жап-жас болып, даладағы жұмысқа бара жатқан соң сұраған шығар. Сол кезде 22 жастамын. Осылайша «Урал» колхозындағы  бригадада агроном-тұқым өсіруші (агроном-семеновод) болып еңбек жолымды бастадым. Осы жерде  табан аудармастан 37 жыл қызмет істедім. Сөйтіп, 37  жыл ғұмырымды агрономияға арнаппын, – деп жастық шағын жылы жымиып есіне алды Ғалия апай. Приуральный ауылында тұратын Искаков Әкімгерей деген азаматпен шаңырақ көтеріп, ұл-қыздардың ата-анасы атанды. Алайда жұбайы 40 жасында дүние салады. Ғалия Мырзағалиқызына перзенттерін өсіріп, ел қатарына қосу жолында қиындыққа мойымай, аянбай еңбек етуге  тура  келді.

2250FAD1-4742-4443-B2EA-958776C34F9C

Агроном-тұқым өсіруші – егіннің бітік шығуына жауапты адам. Орасан еңбек пен зор жауапкершілікті қажет етеді. Шаруашылықтағы егістік біткеннің бәріне, ең алдымен, жауап беретін маман. Жылдың қай мезгілінде де егістік басында, жұмыстың қайнаған ортасында жүреді. «Қалай десем де, мамандығым, жұмысым өзіме ұнады. Күзгі жиын-терім кезінде ауданнан басшылар көп келеді. Бұл шақта диқандардың жұмысы қызады. Өзім комбайнның соңында жүріп, орақ барысын, дәннің түсімін қадағалаймын. Жаз мезгілінде егістікке облыстан самолет үш рет келетін.

Себебі егістікті арамшөптерге қарсы өңдейтінбіз. Мұндай кезде 10-15 күн егістік басында жүремін. Қыста «К-700-ге» отырып, қар тоқтатудың жай-жапсарын қадағалаймын. Жылдың төрт мезгілінде де жұмыс бір тынбайды. Ол аздай, әйелдер кеңесіне, пленумдарға, жиналыстарға шақыртатын да жататын. Кейде небір қоғамдық жұмыстарды мойныңа іліп қояды. Алайда өзіме далада, егіс басында жүрген ұнайтын. Жалпы ер адамдармен жұмыс істеген жеңіл.

Менің бригадамда бәрі ер адам болды. Тіпті аспаз да ер кісі еді. Бәрі де мені сыйлайтын. Жұмыс басында еразаматтар өз араларында дөрекі сөздер қоспай сөйлемейтін. Бірақ менің келе жатқанымды көрсе, сап тыйылатын. Жұмыс та оңай атқарылатын. Колхоздағы жұмыс қанатымды қатайтып, тәжірибемді шыңдады. Жасы үлкендерден білмегенімді сұрадым, үйрендім. Ешқашан біреулермен бет жыртысып көрмеппін. Ұрысқанды ұнатпаймын. Ал керек жерінде тиісті сөзді айтамын», – деп бүгінде сағынышқа айналған күндерін есіне алды еңбек ардагері.

Ғалия Мырзағалиқызы еңбек еткен жылдары колхоз 4 500 гектар (га) жерге егін еккен. Колхоздағы аумағы 30 га плантацияда көкөністің түр-түрі, одан бөлек 100 гектарда картоп егілген. 50 гектар бақта түрлі жеміс ағаштары өсірілген. Агроном бау-бақша шаруашылығына да жауапты болған. 1968 жылы «Урал» колхозында бидай бітік шығып, диқандар әр гектарынан 42 центнерден өнім алыпты. 1974 жылы да егістіктен мол өнім жинаған. Ерлермен иық тіресіп еңбек етіп жүрген нәзік жан сол жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталады. Ал 1990 жылы желтоқсанда «Еңбек ардагері» медалін иеленген. Еңбек ардагерінің  бұлардан басқа алғысхат, грамоталарының өзі бір төбе.

Ғалия апай егістікте еңбек ете жүріп, үйінің ауласын бау-бақшамен жайнатыпты. Қазір де қаладағы үйінің ауласында жеміс ағаштары бар, азын-аулақ қияр-қызанақ еккен. «Мен Приуральный ауылында 50 жыл тұрдым. Бүгінде онда мен танитын адамдар жоқтың қасы. Анда-санда барғанда байқайтыным, бұрынғыдай бау-бақша жоқ. Тұрғындар тіпті сиыр ұстамайды. Сиыры барлардың өзі малды табынға айдап жіберіп, сүтті сатып алады. Тауық та өсірмейді. Жастар жалқауланып барады», – деп қынжылыс білдірді қария. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан апай екі қыз, бір ұлынан 6 немере, 2 шөбере сүйіп отыр.

Жиырма жылдан астам уақыттан бері келіні Әлиямен тату-тәтті тұрып жатқандарына дән риза. Балаларын аяқтандырып, енді оқушыстудент немерелеріне сүйеніш болып отырған әженің шөберелеріне деген сүйіспеншілігі  ерекше.

Ғалия Искакова туралы ауылдасы, әріптестерінің бірі Салиха Құлманғожиева  былай дейді: «Ғалия Мырзағалиқызының ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі зор. Бірге жұмыс істедік. Өте еңбекқор адам. Білімді, сыпайы, салмақты. Ол кісінің біреумен сөзге келіп, ренжіскенін көрмеппін. Қоғамдық жұмыстардан да сырт қалмайтын. Әйелдер кеңесінің мүшесі болды. Жұбайы ертерек қайтыс болса да, балаларын қатарларынан кем қылмай өсірді. Бүгінде мәуелі бәйтеректей жайқалып,  ұрпағының қызығына кенеліп отыр. Ерен еңбегі көпке үлгі». 1976-1980 жылдары «Урал» колхозында бас агроном, 1980-1987 жылдары осы колхоздың төрағасы болған Иван Шишков та мерейтой иесінің еңбегін ерекше бағалайды.

«Ғалия Мырзағалиқызы – өз ісінің нағыз маманы. Жылдар бойы «Урал» колхозында еселі еңбек етіп тұқым шаруашылығын дамытуға зор үлес қосты. Білікті агрономтұқым өсіруші жылдар бойы 1 және 2-класты тұқымдар дайындады. Сол үшін өзге шаруашылықтарға қарағанда біздің колхозда өнімділік әрдайым жоғары болды. Жемісті еңбегінің нәтижесінде Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Қарапайым, сабырлы, ешқашан ешкіммен ренжіскен емес. Айналасындағылармен тез тіл табысатын. Өзінің жұмысына қоса колхоздағы қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Бірақ балаларының тәрбиесін де, үйінің шаруашылығын жүргізуді де  ұмытқан емес», – деді Иван Николаевич.

Ясипа Рабаева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале