23.06.2024, 9:00
Оқылды: 123

Ғаллем Құрмашев: «Мемлекеттік қызметші – халық айнасы»

23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні

Мемлекеттік қызметшінің бойында адалдық, халқына деген жанашырлық, сөзден биік тұрар іскерлік, қандай сын сағатта да ұлт мүддесі жолында басын бәйгеге тігер табандылық болса екен дейсің, соны іздейсің. Жұмыс барысында мемлекеттік мекемелерге барғанда бойынан мәдениеттің мәйегі төгілген, жүзінен ибалы нұр ескен, ісі ширақ адамның алдынан көңілің марқайып шығады.

809C3F67-93CB-49A3-B342-DEB0680ADB51

Ұзынкөл ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Ғаллем Құрмашев – осындай жан. Ғаллем Төлепұлы 1961 жылдың 11 шілдесінде Талов ауылында дүние есігін ашты. Әкесі Төлеп Құрмашев тарих пәнінен сабақ берген білікті ұстаз болса, анасы Алтын Құрмашева бастауыш сыныптың мұғалімі болатын. 1965 жылы бұл отбасы «Қайрат» кеңшарына қоныс аударып, бозбала Ғаллем орта мектепті аяқтаған соң, арман қуып Орал ауылшаруашылық институтының «агрономия» факультетіне сынақ тапсырғанымен оқуға түсе алмай, аудан орталығындағы жүргізушілер курсын бітіреді.

Кеңес Әскері қатарында азаматтық борышын өтеген соң, Қайрат ауылына келіп, жүргізуші болып еңбек етті. Ресей Федерациясы Тамбов облысының Мичуринск қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумында оқып, 1986 жылы жолдамамен Ұзынкөл ауылына келді.

– 1986 жылы қыздар педагогикалық институтының түлегі, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлзада Еркеғұловамен отау құрып, Ұзынкөл ауылына келдік. Кеңшар басшысы Қадер Бекесов тұрмысқа қолайлы пәтер берді, алдымызға мал салдық. Жұмыс барысында бас агроном Марат Ахметовтен үйренгенім көп болды. 1988 жылы Ұзынкөл селолық кеңесінің хатшысы Шолпан Қайырлиеваның қарауында үш жыл селолық кеңес хатшысының міндетін, кейін қоғамдық тамақтандырудың технологы болып қызмет атқардым. 2003 жылдан бастап Ұзынкөл ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы, кейін бас маман болып күні бүгінге дейін жұмыс істеп келемін. Әкім аппараты саласында Қабиболла Қадырәлиевпен жұмыстас болғанымда ол кісінің адамдармен тіл табыса білу, ұтқыр да салиқалы шешім қабылдау, ақылы қоғамдық жұмысқа адамдарды тарта білудегі ұйымдастырушылық қабілеті, ауыл тұрғындарының материалдық деңгейін көтеруге қолұшын берудегі адамгершілік қасиетінен үлгі алдым. Мәселен, 2003 жылы округте 27 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алса, 2007 жылы оларды тұрақты жұмысқа орналастыру, несие алып, малдануына жағдай туғызу нәтижесінде өзін-өзі қамтушыларға айналуына Қабиболла аға әкім ретінде үлкен ықпал жасап еді.

Қабиболла Қадырәлиев сол кездегі өзекті мәселе округті газдандырудың түйткілді түйіндерін шешіп, жобасын бастап кеткен болатын. 2007-2012 жылдары ауыл әкімі болған марқұм Нұрпейіс Елемесовтің тұсында ауылда дәрігерлік амбулатория салынып, газ келсе, 2014 жылы «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы ауыз су мәселесі шешімін тапты. Тәуелсіздіктің елең-алаң тұсында жұмыссыз қалған қырыққа жуық жерлесіміз үйін бұзып, ішінара сатып, ауылдан қоныс аударып кетсе, ауылға көгілдір отын тартылып, су мәселесінің шешілуіне сай тұрғындардың тұрақтануы жолға қойылды.

Бүгінде округте мыңға жуық тұрғын өмір сүруде. Ақсақалдар алқасымен тығыз бірлікте жұмыс атқарамыз. Өз тәжірибемнен тарқатар болсам, мемлекеттік қызметкерде темірдей тәртіп, адалдық, халықпен қоян-қолтық араласа білу қасиеті басты орында болуы қажет деп есептеймін, - дейді Ғаллем Төлепұлы.

Әкім аппаратының бас маманы ретінде ұйымдастыру-құқықтық және ақпараттық-сараптау қызметін қамтамасыз ету, елді мекенді абаттандыру, жарықтандыру, санитарлық тазалық, құқықтық оқу жұмыстарын ұйымдастыру, қолданыстағы заңнамаға сай тұрғындарға сапалы мемлекеттік қызмет көрсету, белгіленген тәртіп пен ережеге сәйкес нотариаттық іс-әрекеттерін жүргізу, округ бойынша төтенше жағдайларға дайындық пен жұмылдыру туралы мәселелерді ұйымдастыру, мемлекеттік жәрдемақыларға, атаулы әлеуметтік көмекке, тұрғын үй көмегіне үміткер отбасыларды анықтау, округтік комиссия жұмысын ұйымдастыру, құжаттарды уәкілетті органға тапсыру, шағын және орта бизнесті қолдау сынды жауапты қызметін сапалы атқарып отырған табиғатынан кішіпейіл, мәдениетті, тапсырған істі тиянақты атқаратын, жерлестері арасында беделі зор, мәмілегерлік, адаммен ұғыса білу қасиеті жоғары тәжірибелі маман ретінде Ғаллем Құрмашев хақында ауыл жұртшылығының пікірі оң.

Үлгілі отағасы ретінде зайыбы екеуі Шапағат есімді ұлы мен Ханшайым атты қызына тәлімді тәрбие берді. Келіні Айгүл де ибалы жан. Ханшайым Ақтөбе медициналық академиясының түлегі, отбасылы. Күйеу баласы Хасан – әскери қызметкер. Жиендері Сафия, Жасмина бал қылығымен қуантып өсіп келеді.

Психологтар мен әлеуметтанушылардың пікірінше, қазіргі қоғамда адам баласының толық бақытты болуына негізгі бес нәрсе қатысты екен. Бұлар – ата-анасының үлгілі адамдар болуы, жақсы ұстаздың кездесуі, өз мамандығын дұрыс таңдауы, сүйікті жұмыс орнының болуы, балаларына лайықты тәрбиенің берілуі.

Шындығында бұл фактілер тек өз отбасында ғана емес, өмірде де адамның өзін бақытты сезінуіне, қабілеті мен мүмкіндіктерін пайдалы іске арнауына, қоғамда өз қолтаңбасын қалдыруына қозғаушы күш екеніне ешкім шәк келтірмесі ақиқат.

Ендеше, аталмыш қасиеттер тұла бойынан толық табылып отырған Ғаллем Төлепұлын нағыз бақытты жан деп есептеймін. Биыл кейіпкеріміз бейнеттің зейнетін көріп, құрмет демалысына шығады.

Меңдігүл Фазылова

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале