25.06.2024, 9:45
Оқылды: 808

Мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Рахметолла Егізбаевтың туғанына 100 жыл толды

Ақ Жайық өңірінің ай­тулы азаматы болған, әкемнің асқар таудай ағасы Рахметолла Егізбаев туралы көңілімде көптен жүрген сырымды шертейін деп едім. Өйткені көкеміздің (әулетіміз солай атайтын) өмір жолы кейінгі ұрпақ үшін қағазға түсіп, тасқа басылып қалса деген ой маған маза бермеді.

FD260BF0-3897-43EC-B75D-0280A6063069

Рахметолла Сүйіндікұлы Егізбаев 1924 жылы 7 қыркүйекте Жәнібек ауданы Қамысты ауылында кедей шаруаның жанұясында дүниеге келген. Ол 17 жасында Қайсат МТС-да бухгалтер болып жұмысқа  орналасады.

Рахметолла Сүйіндікұлы Ұлы Отан соғысы кезінде Тынық мұхиты флотында әскери міндетін атқарған. Әскерден 1947 жылы оралып, София есімді қызға үйленеді. Араларында қызы Асия дүниеге келеді. 1949 жылы өзінің бұрынғы жұмысына қайтып орналасып, кейін Жәнібек ауданында жоспарлау комиссиясының экономисі болды.

Одан әрі Жәнібек ауданының хатшысы, сосын Приурал ауданының екінші хатшысы, Жымпиты ауданының бірінші хатшысы, Қазақстан Компартиясы Батыс Қазақстандық аймағының басшысы, 1965-72 жылдары аралығында Жәнібек ауданының бірінші хатшысы, 1972-77 жылдары Орда ауданының  бірінші хатшысы лауазым­дарын абыроймен атқарды.

1977 жылы қараша айынан өмірінің соңына де­йін облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы қызметінде болды.

Қандай лауазымды қызмет атқарса да, Рахметолла Сүйіндікұлы жоғары жауапкершілікті, тәртіп пен талапшылдықты бірінші кезекке қойды. Облыстық кәсіп­одақтар кеңесіне төраға болған кезінде мәдениет және құрылыс салаларына қатысты түйткілдер бойынша ақыл-кеңес бере отырып, олардың жүзеге асуына аянбай қызмет етті. Осы жылдары Р. Егізбаев басқарған облыстық және аудандық кәсіп­одақ ұйымдарының жұмысы жандана түсті.

Рахметолла Егізбаев облыс­­тың қоғамдық жұмыстары­на белсене араласып жүрді. Соған орай адамдар оны өте  жақсы көрді. Оны халық бір­неше рет аудандық, облыс­тық кеңестердің депутатты­ғына сайлады. Кейін Қазақ­стан Компартия­сы Орал облыстық комитеті­нің бюро мүшелігіне сайланды. Ол об­лыстың, туған жерінің эконо-микасы мен мәдение­тін көтеру үшін жоғары жаққа жалтақтамай, халқының сө­зін сөйлеген азамат. Кезінде жерлес ақынымыз Тайыр Жароковтың ескерткішін қоюға қарсы шыққан жоғары лауазымды адамдар­мен тайталаса жүріп, ақыры  ақын ескерткішін орнатты.

F26E9262-B35D-47EF-9184-1FE1D0B6E9C6

Тарихи тұлғалары­мызды ас­қақтату мақ­­сатында өзі хатшы болған кезеңдерде Кеңес Одағының Батыры М.Мәме­товаға, қазақтың нар тұлға­лы батыры Е.Ниетқалиевке, КСРО Жоға­ры кеңесінің де­путаты, ха­лық комиссары  Х.Халиуллин­ге ескерткіштер орнатуға белсенді ықпал етті.

Бұл сол уақытта халықтың көкейінде жүрген өзекті мә­селе, ар­ман болатын. Сондық­тан шығар, халық Р.Егізбаев­тың осынау азаматтық істе­рін асқан ри­­зашылықпен қабылдады.      

Туған жерінен шыққан ақын-жазушыларды, мәдениет, қо­ғам қайраткерлерін аса жо­ғары дәріптейтін. Қазақтан шыққан тұңғыш генерал-майор, әскери қайраткер Шәкір Жексенбаевты өзіне үлгі тұтып, жерлесіміздің ерлігін ел­ге таныстырып, өмірден өткенше қадір тұтып, батыр­мен аралас-құраластығы, сый­ластығы үзілген жоқ.

Елдің қиыр шетіндегі шал­ғай өңірге өнер фестиваль­дарын, ақын-жа­зу­шы­лармен кездесулерді өткі­зуге жиі ұйытқы болып жү­ре­тін. Жұ­бан Молдағалиев, Роза Бағ­­ла­нова, Бибігүл Төлегенова, Ғафу Қайырбеков, Сағынғали Сейітов, Берқайыр Аманшин, Қайрат Жұмағалиев, Ғарифолла Құрманғалиев, Шамғон Қажығалиев, Нұрғиса Тілендиев секілді әдебиет және өнер тарландарын елге жиі шақырушы еді. Өзі де шебер, ше-шен сөйлей білетін, аузы дуалы азамат еді. Үйінің төрінен жерлес ақындарымыз жиі табылып, талай дәм татыпты.

Рахметолла Сүйіндікұлы бір қарағанда мінезі қатты көрінгенімен, жүрегі өте нә­зік, ақынжанды адам еді. Көкейінен өлең құйылатын ақындығы да керемет болатын. Оның өлеңдері Отанға, туған жеріне, жерлестеріне, майдандас достарына, махаббат лирикасына арналды.

Ақынның көзі тірісінде «Жазушы» баспасынан «Шешу­ші  күш», «Қараша қаздар қайтқанда», «Дала бұлбұлда­ры», «Шәрімбет саздары» ат­ты жыр  жинақтары жарық көрді. Кейін өмірден өткесін «Ізде­дім сені» атты өлеңдер топ­тамасы шықты. Қазақ­стан Журналистер одағына мүшелікке қабылданды.

Бойындағы адамгер­шілік, ізеттілік, қайы­рымдылық, та­лапшылдық, қарапайымдылық қасиеттерімен жолдастарының, қызметтестерінің арасында жоғары беделге ие болды.

Үкімет пен партия майдан­гер, қоғам қайраткері, сыр­шыл ақын Рахметолла Сүйін­дікұлы Егізбаевтың еңбегін  жоғары бағалап, үш рет Ең­бек Қызыл Ту орденімен, «Халықтар дос­тығы» орденімен және көптеген медальдармен марапаттады.

Қазіргі таңда Орал қала­сында және өзінің туған же­рінде Рахметолла Егізбаев атындағы көше бар. Ақынның мерейтойлары қарсаңында түрлі мәдени шаралар өткізіліп тұрады. Қиян шеттегі алақандай ауылда дүниеге келсе де, кейіннен облыс деңгейінде саналы ғұ­мырын сарп еткен Р.Егізбаев­тың соңына қалдырған бедерлі ізі мен өнеге­лі ісі әлі сайрап жатыр.

Күлән Бекмұхамбетова

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале