25.06.2024, 15:48
Оқылды: 264

Теректі ауданында ашылған Ардагерлер үйі неге «жабық»?

«Тоқта балам, атаң келеді артыңда» деген мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың өлең жолдарынан соң аудандағы ақсақалдардың мәртебесіне, ортадан алар орнына кейін тоқтала жатармыз. Бұл жолы оған дейін өзектілігін байқатқан аудан орталығындағы ардагерлер үйі туралы әңгіме өрбіткенді жөн санадық.
Жалпы, Теректіде сонадайдан көз тартып, сән-салтанаты келіскен ғимарат бірең-сараң болғанымен, әйтеуір бар. Соның бірі – 2015 жылы пайдалануға берілген «Ардагерлер үйі».
B7B745C7-1ABC-463B-83DD-1E8A06835F30
Салтанатты түрде лентасы қиылып, қариялардың қуанышын еселеген орталық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықпен бірге орналасқан. Яғни, бір жағында аудан жастары, бір жағында ардагерлер жұмыс істейді. Бұл үйлесімділікке көз тиді ме, әлде сөз өтті ме, ол жағы қараңғы. Жастар орталығының есігін айқара ашып, жұмыс барысымен танысқан редакция ұжымы ардегерлер үйіне де бас сұқты.

Алғашында тас 
кілтеніп тұрған ғимарат екінші, үшінші барған кезде де ашылмады. Жап-жаңа болса да, тұтқасын шаң басқан ардагерлер үйі неге мұндай күй кешті? Қолдау аз ба, ауызбіршілігі жарасқан қариялар аз ба? Бөлек ғимаратқа зар болып жүрген «Теректі жаңалығы» ұжымын алға тартсақ, хан сарайындай болған үш бөлмені қиялдап кетесің. Кейін бос қиялдаудан бас тартып, шынайы пікірлесуге кірістік.
Құтты күннің бірінде қаңырап тұратын Ардагерлер үйінің жолында бізге беймәлім тосқауылдар болар, бәлкім. Иә, сырттай пішкен тоннан «келісіп пішкен тонның келте болмасын» ұқтық та, бұл мәселені жан-жақты талдауды ұйғардық.
45B70E7B-7830-4341-A27C-D9406457E0A3
Әңгіменің әлқиссасын 9 жылға кейін шегініп, 2015 жылдан бастайық. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына байланысты ашылған нысан бұрынғы саз мектебінің орны болған. Аудандық бюджеттен қаражат бөлініп, тозығы жеткен сарай толық күрделі жөндеуден өтіп, су жаңа қалыпқа қайта еніп, түрленген екен. Міне, сол салтанатты жиында қуаныштарында шек болмаған ардагерлер аудан басшылығына алғыс білдіруден бір сәт тынбаған. Архивтегі газеттің ақпаратына сүйенсек, ашылу салтанатында сөз бастаған сол кездегі ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәлім Кукашев:
– Бұл – тек басқосу және жиылу орны емес. Сонымен қоса жастарға дұрыс ақыл-өнеге беретін ортаға айналу керек, - деген екен. Сондай-ақ дәл осы ақпаратта: «Жаңа ғимарат барлық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Интернет желісі тартылған, сонымен қоса шахмат пен дойбы, тоғызқұмалақ сияқты ойындарды ойнауға, газет-журналдар оқуға арналған бөлмелер де бар» делінген.
Өткенге шолу жасадық, қандай сипатта жүзеге асқанынан хабардар болдық.
«Экс-төраға өз сөзінде тұрып, мақсатына жетті ме?» деген сұрақ туындайды ғой осындайда. Оны 2015 жылы жастар орталығының директоры болған қазір «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Мирхат Ибраев баяндады.
B7C6DB15-5FE1-460B-AAEC-D97FD3D1BD6A
– Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықта үш жыл қызмет еттім. Ардагерлер мен жастар үшін өте жемісті жылдар болды. Бір іс-шараны өткізбес бұрын ақсақалдармен ақылдасып, батасын алатынбыз. Жасыратыны жоқ, Сәлім Асанұлы күн сайын Ардагерлер үйінен табылатын. Керек кезінде жастарға қолдау білдіріп, жөн сілтей білді. Бірақ қазіргі ардагерлер кеңесінің төрағасы Білікбай Құбайысұлының жасап жатқан ісін жоққа шығара алмаймын. Естуімше, белгілі бір қиындықтар бар. Оның ішінде ғимараттың құжатын рәсімдеу, көмекшісінің болмауы айтарлықтай кедергі келтіреді.
Әйтпесе, білікті ұстаз болған ағамыздың жоспары көп. Жастар жағы тілеулес болып, бірігіп жұмыс істесе, ардагерлердің жұмысы жанданатынына сенемін, - деді Мирхат Мақсотұлы.

Сәлім Асанұлының шаңырағына арнайы барып, бейнетінің зейнетін көріп отырған 
ақсақалмен сәлемдестік. Қария әлі де тың. Биыл сексен жеті жасқа толатын ол ағынан ақтарылып, өзі төрағалық еткен тұстағы естеліктерімен бөлісті. Дүркіреп ашылған кезең мен «іштен тынған» бүгінгі халді салыстырдық. Неге осылайша құлдырауға ұласқаны хақында жауап берген экс-төраға «бәріне өзіміз кінәліміз» дейді.
0B1972CD-E066-44D5-A7A0-8A0C12B48CAF
– Қазіргі ахуалды білсем де, айта алмаймын. Неге десеңіз, мен өзің біліп отырған кісіні жамандап, сыртынан ғайбат айтқандай боламын. Бір-ақ ауыз сөзбен айтсам, ол мүлде жұмыс істемейді. Әкім-қаралардың жанында жүргенді жақсы көреді, - деді қазіргі төраға Білікбай Қазиқановқа ренішін білдіріп.
Сәлім Кукашев 2005 жылдан 2020 жылға дейін ардагерлер кеңесі жұмысының ілгерілеуіне атсалысқан екен. Арадағы 15 жыл аз уақыт емес. Сол жылдары аудан ардагерлерінің бірлігіне көрген көз тойып, көңіл жылитындай болған. Айталық, зейнеткерлер спорттық жарыстардан бастап, түрлі байқауларда аудан намысын қорғап, облыстық ақсақалдар кеңесімен тығыз байланыс орнатқан. Бос уақыттарында шахмат ойнап, арқа-жарқа әңгіме-дүкен құрып, ардагерлер үйінің сәнін келтірген. Мұны Сәлім Асанұлы шабытпен жеткізіп:

– Біз іс-шараларды өткізуден бөлек, мүгедектігі бар зейнеткерлерді қолдауға ықпал 
жасадық. Әр ауылдық округтегі кездесуден соң замандастарымыздың мәселесіне үңіліп, шешуге атсалысатынбыз. Соның ішінде қан майданда ел мен жерін қорғаған соғыс ардагерлеріне жағдай жасауға, түрлі деңгейдегі алғысхаттармен марапаттауға, әкімдік тарапынан елеп-ескеруге күшімді салдым, - деді.

Сексен үш жасқа қараған шағында еңбек демалысына шыққан ол қойын дәптерін ашып, жұмыс жоспарын көрсетті. Ауданға сапарлап келген жергілікті әкімдер мен бөлім басшылары әуелі ардагерлер үйіне аялдайтын. Сол кезде облыс әкімі болған Нұрлан Ноғаев та ғимараттың табалдырығын аттап, ақсақалдармен кездесу жиынын өткізген. Сонымен қатар еліміздің қалаларына саяхаттауға, конференция мен жүздесулерге баруға жағдай да жасалынған. Жыл сайын шипажайларға жолдама беріліп, ардагерлер ауыз толтырып айтарлықтай қолдауға ие болып, бөлінген көңілден қапы қалмаған.

Бір мезетте үзілген үміт жібінің себебін ұғынып, мән-жайды Білікбай Қазиқановтан білу үшін алдымен хабарласып, белгілі бір уақытқа келісіп, Ардагерлер үйіне бардық. Бардық та, көптеген мәліметке қанықтық. Жағдай сіз бен біз ойлағандай емес екен. Оны төрағаның өз аузынан естідік.

BA272C4D-3BC8-40B1-A8EE-59DA9359EB48

– Жалпы, құжат бойынша менің кеңсем өзімнің үйімде тіркелген. Ғимарат берілгенмен, құжаты жасақталмаған. Қысқасы Ардагерлер үйі жастар орталығының иелігінде. Онымен қоса қазір бұрынғыдай ішкі саясат бөлімі арқылы көмекші берілмейді. Сол себепті, мен бұл ғимаратқа жиі келе алмаймын. Барлық құжат ішкі саясат бөлімінің бас маманы Азамат Құспановтың көмегімен жазылып жүр. Әлдеқандай шаруам шығып жатса, бірден бөлімге барамын. Қазірдің өзінде сол жерден келіп отырмын, - деді не істерін білмей, екі оттың арасында қалған қария.

Білікбай Құбайысұлының 2024 жылға арналған жоспарын көріп, уақыт еншісіндегі іс-шаралардың тізбегімен таныстық. Шілде айында зейнеткерлер арасында волейбол, үстел теннисі, шахмат, дойбы, бильярд ойындарынан спартакиада өткізу, «Ақ Ерке» әжелер ансамблінің есептік концертін беру, ауданның құрметті азаматы Нұрболат Майрановтың 75 жылдығымен құттықтау, тамыз айында спорт күніне ардагерлер арасында бұқаралық спорттық іс-шаралар ұйымдастыру жоспарда бар екен. Жыл бойы жоспардан тыс салауатты өмір салтына екпін түсіріп, спорттық жарыстар өткізгісі келетін арман-мақсаты тағы бар. 2021 жылдың күз мезгілінде төрағалық қызметке тағайындалған зейнеткер өзге аудандардың бүгінгі қарқынына қызығып қарайды.

– Тасқала,
Жәнібек аудандарындағы «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі аудандық филиалдарының ай сайын ұйымдастырып жатқан іс-шараларын үлгі етіп аламын. Бірақ әзірге «жалғыздың үні шықпастың» кебін киіп отырмын. Мен атаған аудандардың өз иеліктерінде ғимараттың барын айтпай кетуге болмас. Мысалы, Жәнібек ауданындағы Ардагерлер үйінде салауатты денсаулық бөлмесі, мәжіліс залы және әр маман алаңсыз жұмыс істейтін бөлмелер бар. Егер шын мәнінде жастар заң мен құжатқа сүйеніп, ғимаратты түгел өз меншігіне алса, амалсыз көнуге тура келеді. Жағдай осындай, балам, - деді.Одан бөлек, жоспардағы іс-шаралар жүзеге асуы үшін қаражат мәселесін бір жолға қойған дұрыс. Төрағаның көмекшісі болмаған соң, мемлекеттік сатып алу порталы арқылы жыл сайын бәсекеге түсетін қаржы қолға түспей, мақсатына жетуге кедергі келтіріп тұр. Былтыр 500 мың теңгені ұтып, 300 мың теңгесі қариялар айлығына, қалғаны спорттық сайыстарға жұмсалған. Ал 2021, 2022 жылдары аузы аққа тимеген. Оның айтуынша 2021 жылы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген аудандағы күрмеуі шешілмей тұрған ардагерлердің жұмысын жандандыру үшін мәселе көтеріп, аудан әкімдігіне жеткізген. Бірақ әлі күнге дейін «баяғы жартас – сол жартас». Ғимаратқа келсек, төраға ескі емханадан үмітті. Ол өтінішін жетер жеріне жеткізіп, айтып жүр.

– Егер талапқа сай келіп, ардагерлерге береміз деп ұйғарып жатса, нұр үстіне нұр 
болар еді. Құжатты жасақтап, ешқандай кедергісіз жұмысымызды жалғастыра берер едік, - деді.
Әдеттегідей қазіргі жастар орталығының директоры Нұрсұлтан Кәдірғалиевқа жолығып, жастардың пікірін тыңдадық.

– Ардагерлерімізге кез келген уақытта қолұшын созуға дайынбыз. Жақында бір жас 
маманды Білікбай ағаның құжаттарына көмектесуге жібердім. Компьютермен жасалынатын жұмыстарын реттеп, жоспар бойынша есептерін салып отырады. Ардагерлер үйінің жұмыс деңгейі төмен деп айта алмаймын. Әзірге қиындықтардың
кесірінен тұралап қалып жатқан шығар. Бірақ қайтадан құлашын кеңге сермейді деген ойдамын, - деді ол өз сөзінде.
Айта кетейік, теректілік қариялардың белсенділігі де көңіл көншітпейді. Оны Білікбай Қазиқанов жайып салды. Баяндауынша, аудан көлеміндегі қоғамдық маңызы бар жүздесу жиындарына 4-5 зейнеткер ғана қатысады. Олардың өзі мәжбүрлі түрде ғана келеді екен. Ал Теректіде 3500-ге жуық қарт бар. Осы орайда қалған 3495 қарияға іздеу саламыз...
P.S. Газетіміздің 19-санында «Ашылмаған» музейдің қарқынды жұмысқа кіріскенін тілге тиек етіп, облыс басшылығының пікірін ұсынған едік. Бұл жолы ашылған Ардагерлер үйінің жабық тұратынына қам жедік. Ашылған, ашылмаған...
Не болып кетті өзі?! Ауданда ашылып, ашық тұрған ғимарат бар ма екен? Яғни, төрт құбыласы тең идеологиялық маңызы орасан орталық таптырмай тұр. Әйтеуір, бір тұсынан кемшілік байқалады.
Ақтілек Әлібекұлы
Теректі ауданы
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале