26.06.2024, 13:01
Оқылды: 81

Қазақстанның су қоймаларына 75 млрд текше метр су жиналды

Биыл 800 мың гектарға жуық егіс алқабын суаруға 7,6 млрд текше метр су жіберілмек. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлады, деп жазды ҚазАқпарат.

B2BE5103-C774-42EB-8839-3E3DE11EB5F8

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Суару кезеңі басталғалы елдегі 20 мыңнан астам шаруа суармалы сумен тұрақты қамтамасыз етілген. Бүгінгі таңда «Қазсушар» филиалдары дихандарға шамамен 3 млрд текше метр су жіберді.

«Қазақстанның 6 өңірінде – Алматы, Түркістан, Қызылорда, БҚО, ШҚО және Жетісу облыстарында «Қазсушар» филиалдары 600 шақырымнан астам каналды механикалық әдіспен тазалайды. Сонымен қатар, жөндеу жоспарланған 400-ден астам гидробекеттің 102-і жөнделді. Қазақстанның су қоймаларында 75 млрд текше метр су жиналды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15 млрд текше метрге артық. Су қоймаларында жиналған судың 12 млрд астамы – тасқын су», - деді министрліктің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева Орталық коммуникациялар қызметінде.

Су тасқыны кезінде Балқаш көліне 3,3 млрд текше метр, ал Каспий теңізіне – шамамен 6 млрд текше метр су жіберілді. 80 млн текше метр тасқын суы БҚО Қамыс-Самар көлдеріне жіберілді, бұл көлдерге шамамен 20 жыл бойы су бармаған.

Сонымен қатар, жыл басынан бері Солтүстік Арал теңізіне 1,1 млрд текше метр су келді.

Ал Ұлытау облысынан Қызылорда облысына 839 млн текше метр су жіберілді. Осының арқасында, алғаш рет Сарысу өзені арқылы Қызылорда облысының көлдеріне су жетті.

«2000 жылдан бері алғаш рет Тобыл өзеніне де судың көп келгені байқалды. Тобыл өзені каскадының ірі су қоймалары тасқын суды қауіпсіз өткізуді қамтамасыз етті және 92% толды. Барлық жиналған тасқын суы ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпте пайдаланылады», - деді М. Әбдуәлиева.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале