Қазақ ұлтының қаймақтары, Алаш зиялылары елін алға сүйреймін депөздері жазықсыз жапа шекті. Өздері ғана емес, әлсіз тұсын көздеген тасжүректер әйелдері мен балалары арқылы қинады.
Теректі төрінде Казталов халықтық театры Мәдина Омарованың «Chanel №5» қойылымын сахналады.
Сөзіміздің басында айтқандай, ағартушылардың сүйген жарлары азапталатын түрмедегі жан түршігерлік оқиғаларды көрермендер өне бойынан өткізді.
Жұмат Шанин, Бейімбет Майлин, Темірбек Жүргенов сынды зиялы қауымның жазықсыз айыпталғаны былай тұрсын, жұбайларын оңдырмай сабап, тіпті ату жазасына кескен жүйенің дүркіреп тұрған шағына нәлет айттық. Көзге жас келді.
Жерге ас, төсерге жайлы көрпе таба алмастан, жұмысқа жегіліп, жүзінен әр кеткен бір топ әйел ортасына күзетші тастай салған француз актрисаның үстінен шыққан хош иісті бірден сезген Бейімбет Майлиннің жары Күнжамал ағыл да тегіл жылай кетеді. Бұл иіссуды оған бір кездері жазушы сыйлапты. Жұмабике Шанина да көзге келген жасын ішке жұтып, иістің таныс екендігін айтады.
Өзгелері де бұл иіссуды сеуіп келген француз келіншекті иіскелейді. Кенет тамақтарына өксік қысылып, бақытты кездерін сағынады. Бірақ өз киіміне сіңіп қалған иісті актриса әйел мүлдем сезбейді. Керісінше мысық тырнағына іліп, жемтік қылғалы тұрған тышқаның исі мүңкіп тұрғанын айтып, жайбарақат отыра береді.
Аталмыш деректі драма шарықтау шегіне жете берген тұста сөздің парқын түсінетін теректілік ағайын тік тұрып қошемет білдірді. Соңында аудандық мәдени-демалыс орталығының директоры Арман Сағидоллин аудан әкімі Әлия Мұханбетжанованың ықылас гүлін ұсынып, Казталов халықтық театр ұжымына алғысхат табыстады.
Арман Рахметоллаұлының толқығаны соншалық, көзіне жас алғанын жасырмады. Казталов аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ернар Ілиясов та сөз алып, Ақсайдан кейін табан тіреген Теректі топырағына алғысын жаудырды. Келгеннен бері құрақ ұшып жүрген мәдениет қызметкерлерінің жұмысына сәттілік тілеп, қос аудан арасындағы шығармашылық байланыстың нығая беруін тілге тиек қылды.
Ақтілек Әлібек
Теректі ауданы