Нағыз жұмыс енді басталып, налыған тұрғындардың жанына шын жұбаныш болатын, елдігіміз бен бірлігіміз сыналатын кезге де келдік. Бір мезетте шайып өткен тасқын судың зардабын қалыпқа келтіру жұмысы қызу жүріп жатыр. Мұны Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бақылауға алып, жергілікті басшыларға қатаң тапсырмасын беріп отыр. Ендігі ахуал қалай болмақ?
Батыс Қазақстан облысында 775 үй салынады екен. Нақтырақ айтсақ, 401-і аудандарда, 374 үй қалада бой көтермек және облыс әкімдігі пәтерін су басқан шамамен 1500 отбасыға қолұшын созады. Ал енді Теректі ауданындағы жағдайға екпін түсіріп, сенделген халыққа салынып жатқан баспана хақында баян етейік.
Подстепный ауылындағы бақандай 481 отбасының үйіне ентелеп кірген қарғын су әп сәтте көзден ғайып болғанымен, үй-күйсіз жұрттың шығыны екі еселенді. Бүгінгі таңда 10 мердігер компания жұмылып, 131 үйдің құрылысына тер төгуде. Ал халықтың мердігерлердің жұмысына көңілдері тола ма? Сан бар, сапаның барына кім кепілдік бола алады? Бұл көптің, әсіресе халық қалаулыларының көкейінде жүрген сұрақ. Шешімін іздеп, жағдайды көзбен көрмекке бекінген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Нартай Сәрсенғалиев тыныш отыра алмаса керек, бүгін Подстепный ауылынан табылды. Қара халық базынасын тиісті орындарға, басшыларға жеткізуді парыз санайтын ол аталмыш ауылдың Төле би көшесіне аялдап, «СКФ Отделстрой» ЖШС міндетіне алған Азамат Сәлімовтың шаңырағына барды. Аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова мен аудандық мәслихат төрағасы, «AMANAT» партиясы Теректі аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Әлжан Нұрғалиев жол көрсетіп, облыстық құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиев өзі жауапты саладағы жүзеге асқан һәм жоспардағы жұмыстарды тізбеледі. Подстепный ауылының әкімі Мейірбек Сұлтанов та осы жүздесуде де төбе көрсетіп, тұрғындардың өтініш-тілектерін жеткізді. «AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев және аудандық филиалдың атқарушы хатшысы Мирхат Ибраев партияның ел сенімін ақтау мақсатына салғырт қарамай, подстепныйлықтардың ортасынан табылды. Нартай Аралбайұлы облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің қабылдауында болып, талқыланған игі істерді елге жеткізді.
- Жұртпен жүздесу, халықтың арыз-шағымын тыңдау, мұқым елдің мұңын атқарушы билік органдарына жеткізу және оның оң шешімін табуына жәрдемдесу – міндетіміз. Жазда бұл жұмыс тіптен күшейеді, себебі өңірлерді аралаймыз. Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келдім. Өңір басшысымен Нариман Төреғалиұлымен кездестім. Су астында қалып, жарамсыз болған мүлік үшін 150 айлық есептік көрсеткішке дейін өтемақы беріледі. Су тасқынынан келген шығын көбеюі мүмкін, себебі көптеген саяжайлап әлі күнге су астында тұр. Қала тұрғындарымен жүздесемін, шалғай аудандардағы ағайынға барып арыз-шағымын тыңдаймын. Жұмыс енді басталды,- деді ол сөзінде.
Мәжілісмен тоқтаған үйдің иесі Аманжол Сәлімов алғашында булығып, өз өкпесін айтты. Дегенмен саман тастан салынған өз үйінен зәулім баспанаға қол жеткізгені есіне түсті ме, сабырға келіп, ақжарма алғысын жаудырды.
- Бір қынжылтқаны – үйдің төбесі. Қазір салынған материал өте әлсіз. Былайша үй салмайды. Қара қағаз төселіп, төбенің өз ағашы қойылса деген тілек бар,- деген тұрғынға Әлібек Сайынұлы төбені ашып, қайта жабуға тапсырма беретінін жеткізіп, дүйім жұрттың көзінше уәдесін берді.
Одан да өзге тұрғындар Нартай Сәрсенғалиевке жолығып, құрылыс кешеуілдеп жатқанынан хабардар етті. Ауыл жұртшылығының талап етуіне түсіністікпен қараған аудан басшысы Әлия Биғазықызы жіті бақылап отырған баспана құрылысының уақытында аяқталатынын, тек бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ел болып еңсеру керектігін тілге тиек етті. Тасқынның зардабымен алысып жатқан ағайын ауыз су, ауылішілік жолдар мәселесін де қозғады. Ауыз сумен қамтамасыз ететін компания басшысы Абзал Ергенбайұлы өтініштерді құп алды. Әлия Мұханбетжанова биыл 5 көшеге жол жабыны төселетінін айтып, жағымды жаңалықпен қуантты. Тамыз айында бір келіп, құрылыстың қарқынын көретінін ескерткен Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы:
– Депутаттар алғашқы күннен-ақ оқиға орнынан табылды. Өз басым, зардап шеккен отбасылармен бірнеше рет кездестім, су тасқынына қарсы іс-қимыл бойынша әкімдіктермен бірге жұмыс істедім, бағалау комиссияларының жұмысына атсалыстым. Барлық мәселе Президент бақылауында болды. Қазір біздің басты мақсатымыз – зардап шеккен жадардың барынша тезірек байырғы өмірге оралуына жағдай жасау, үйлерді, жеке қосалқы шаруашылықтарды, әлеуметтік инфрақұрылымды, балабақшалар мен ауруханаларды қалпына келтіру,- деп, сөзін түйіндеді.
Журналистерге баяндап болғаны сол-ақ еді, Қазбек би көшесінің 70 жастан асқан Жібек Иманғалиева есімді кейуанасы келіп, бағалаушылар 1 млн теңгеге лайықты санаған үйдің сиқын көруін өтінді. Бардық, көрдік те жаға ұстадық. Үй құлауға шақ тұр. Оның үстіне сырқат баласының болашағын уайымдайды, әжей. Психологиялық ауытқушылығы бар ұлы Жібек әжеге күш бермейді. Қысқасы, үйдің жайы бір, ұлдың денсаулығы бір оның еңсесін әбден түсірген. Нартай Аралбайұлы мен жергілікті басшылар жәрдемдесуге ниетті. Міндетті түрде хабарласып, жағдайды оң шешуге атсалысатынын айтқан Нартай Сәрсенғалиевтің сөзін жылы қабылдаған тұрғын жаулығына жасын сүртіп, бір үмітпен қол бұлғады.
Ақтілек Әлібекұлы,
Теректі ауданы