Бүгін Мәжіліс депутаты Нартай Сарсенғалиев «Жаңақала–Жаңақазан» жолының жөндеу жұмысымен танысып, жауапты мердігер «Uniserv» ЖШС-ның жоба басшысы Эльдар Мақсотұлына тиісті сауалдарын қойды.
– Аталмыш жоба қыркүйек айында аяқталып, толықтай пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, биылғы жоспар бойынша 20 шақырым астыңғы қабатпен, 20 шақырым үстіңгі қабатпен салынайын деп тұр. Дәл осы жұмыс бағытында 100-ге жуық адам жұмыспен қамтылса, соның ішіндегі 60 аудан тұрғыны жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша жұмыс жасап жатыр. Биылғы жылға бөлінген 4,5 млрд қаржыны игере отырып, жұмысты сапалы әрі уақытында аяқтауға тырысамыз, - дейді жоба жетекшісі Эльдар Мақсотұлы.
– Өздеріңіз білетіндей, өзіміздің мұрындық болуымызбен, Орал қаласынан Ресей Федерациясына дейін тасжол салынып жатыр. Ол аяқталып қалды, биыл толықтай қолданысқа беріледі. Дейтұрғанмен, аталмыш жол Казталов ауданы арқылы Жәнібек ауданы және Бөкей Орда ауданының Бейсен ауылы арқылы аудан орталығына кетеді. Соның салдарынан Бөкей ордадағы Бөрлі, Ұялы, Саралжын, сонымен қатар Жаңақала ауданына қарасты Мәстексай, Жаңақазан ауылдары күре жолсыз қалды.
Өкініштісі, жол өте нашар әрі батпақ. Тәуліктеп қиналып жатқан халық бар. Сондықтан осы Жаңақала мен Бейсеннің арасындағы жолды салу өте өзекті болды. Бұл сұрақты депутаттық сауал ретінде де көтерген болатынмын. Былтырғы жылы республикалық жолға бөлінетін қаржы құны 40-45 пайызға көтерілді. Ал дәл осы аймақтағы жол облыстық маңызы бар жол ретінде танылып тұр. Қазіргі күні 18,8 млрд. қаржы бөлінді. Мердігерге берілген тапсырма бойынша жолдың екі қабатын қатарынан қоюын сұрадық. Жауапты мердігердің биылғы жылы Мәстексай ауылына дейін жетеді деген уәдесін алып отырмыз. Сондай-ақ 3 млрд теңгедей қосымша қаражат қажет деген болатын. Оны да елеусіз қалдырмай, міндетті түрде қарастырып, тапсырма ретінде беретін боламыз. Бейсен ауылынан шығатын қарама-қарсы жолға да қаражат нақтыланып, 10 млрд теңге бөлінген болатын. Бірақ өкінішке орай әлі күнге дейін мердігер табылмай отыр.
Бұл жерде мердігерлерге қатысты да көптеген мәселе бар. Себебі «табатын пайдамыз азайып қалады, 30 шақырымға бөлінген қаржы жеткіліксіздеу» деген уәждерін айтып жатады. Бұл жаңсақ пікір деп алсақ, ел игілі үшін жасалатын жобаның қаражаты бөлінсе, мердігерлер де жұмысқа кірісуі керек. Әрине, олар азғантай пайда табатын шығар, бірақ оны себеп қылып, жобадан бас тартуға болмайды. Келесі сапарым Хан ордасында жалғасын табатындықтан, бұл тақырып әлі де қозғалатын болады.
Ал бұл жолға келер болсақ, тәуелсіздік алғалы еш жөндеу көрмегенін көз көріп, ел біліп келе жатыр. Ұлтжанды азаматтардың арқасында қазіргі таңда осы жоба жүзеге асып жатыр. Жұмыс барысы аяқталып, қолданысқа берілетін болса, ондаған елді мекенге, жүздеген, мыңдаған тұрғынға жылдар бойы қызмет ететін жол болары сөзсіз. Себебі жас сәбилер мен аналардың ауруханаға жете алмай, талай жанның жан тапсырғанын, көліктен зардап шеккенін естіп, көріп жатырмыз. Толық жетекті болса да жүріп өту мүмкін болмады. Дәл осы бағыттың соңғы шаршы метріне дейін аяқталғанша басы қасында жүретін боламын, - деді мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы.
Жаздың аптап ыстығына қарамай, жұмыс барысына білек сыбана кіріскен ер азаматтарды көріп, техникалардың бір дамыл таппай қозғалысын сырттай байқап тұрып, шалғай ауылдар мен құбылмалы ауа райынан зардап шеккен жандардың мұңы сейілетініне іштей қуанып тұрдық.
Иә, қаражат игеріліп, сан жылдар бойы армандап өткен жол құрылысы оң нәтижесін берсе, халық сөзсіз риза болатыны рас.
Ақерке Мәлікқызы
Жаңақала ауданы