4.07.2024, 12:30
Оқылды: 132

Көгеріске +2 жанұя: Сырымда «Қаладан – ауылға» бағдармаласы қалай жүзеге асырылып жатыр?

«Қаладан – ауылға» бағдармаласы аясында Сырым ауданына екі жанұя көшіп келді. Бұған дейін бір отбасының Тасқұдық ауылына келіп от тұтатқанын жазғанбыз. Ал, кешегі қос үйдің адамдары ресми түрде Бұлдырты ауылдық округі, Көгеріс ауылының тұрғындары атанып жатыр.

5CE6DF2E-D8B2-496D-A667-7D5CA9BF55B7

90-жылдардың аяғында қазақ ауылдарындағы біраз үйде жарық өшті. Иә, электр жарығынсыз қалғандар болды ғой, бірақ бүгінгі әңгіме ол жарық жайында емес. Әйтпесе, сығырайған білтелі шаммен де жаңа ғасырға аман жеткен ауылдар бар ғой.

Тоқыраудың соңы көшуге ұласты. Ауылдарда терезе-есігі шегеленген үйлер көбейді. Жылы орнынан қозғалған ауылдасқа да айып жоқ. «Қара қазан мен сары баланың» қамы үшін көшті олар. Бірақ, көбінің жүгін қалаға артып, ал жүрегін ауылға тастап бара жатқанын байқайтын едік.

Биыл Батыс Қазақстан өңірінде басталған «Қаладан – ауылға» бағдарламасы жаңағы айтқан «жүгі қалада болғанмен, жүрегі ауылда қалған» ағайындардың алдынан ашылған есік болды. Бағдарламаның шарты – қаладан ауылға қарай көш құю. Бұл жерде ең бірінші – халықтың баспана, жұмыссыздық секілді бірқатар әлеуметтік мәселелері шешімін табады. Ал, екінші әрі негізгі стратегия – елді мекендердің іргесін бекіту.

Бағдарлама жайлы Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев:

– Біз туған жерді түлетіп, қара шаңырақтың түтінін қайта шалқыту үшін жаңа жоба бастап отырмыз. Ауылдың дамуы – мемлекеттің дамуы! Сондықтан бұл бағдарламаның идеологиясы өте тереңде жатыр. Бұл бағытқа әсіресе жастар белсенді қатысуы керек. Біз «ауылға көшіп барамын» деген азаматтарға мемлекеттік бағдарламаларды пайдаланып және жергілікті бюджеттің мүмкіндігін ескере отырып, барынша қолдау білдіреміз, - деген еді.

Көгеріс ауылына көшіп келген жанұяның бірі – Жұмасейітовтер. Көпбалалы ана Гүлсезім Сырым ауданын балаларының болашағы үшін таңдағанын айтады:

– Азаматым дүние салды, төрт баламен қалдым. Бөкей ордасы ауданы, Ұялы ауылында тұрдық. Әрине, туған үй, тұрған мекеннен ыстық бар ма? Бірақ, облыс орталығынан шалғайда тұрудың көпбалалы анаға түсетін салмағы аз емес. Балаларымды мектепке даярлау үшін Оралға келемін. Жинаған ақшамның жартысы жолақыға кетеді. Сырым ауданы ол жағынан алғанда қолайлы. Біз келген Көгеріс күре жолдың бойында орналасқан әрі Ақтөбе, Орал қалаларына жақын екен, - деп бастады ол әңгімесін.

Гүлсезімге ауыл мектебінен жұмыс ұсынылыпты. Бұдан бөлек, жанұяға әлеуметтік төлемдер төленеді. Ал кәсіп етуге ниеті болса қаржылай гранттарға батыл қатысуға құқылы. Ең бастысы – балалар тегін әрі сапалы білім алады.

F9667C63-9428-4297-837C-AF239CB9B7AB

Көгеріс негізгі мектебінің директорының міндетін уақытша атқарушы Гүлім Меңдіғалиеваның айтуынша, екі-ақ оқушының болуына байланысты жаңа оқу жылында 8 сынып ашылмай қалу қаупі болған. Алайда, Айлан Жұмасейіттің келуімен сынып бір оқушыға толығып, қалыпты жұмысын жалғастыратын болды. Айланның сіңлісі Раяна да енді осы мектепте білім алады.

Нұрлыхан Жұмасейіт болса бірінші сыныпқа бармақ. Бұйырса, қара бала алғашқы қоңырауды Көгеріс мектебінен естиді.

Балалы-базарлы жанұяны қаладан бері қарай көшіріп әкелуге мектеп педагогтері аяқтай барған. Қолдау ретінде ұжым болып, бір айлық азық-түлік алып берген.

– Көгерістің көктеп, көркеюінің бір белгісі – жанұялардың көшіп келуі. Қос отбасыны да қуана қарсы алдық. Енді олармен ауылдаспыз. Мектеп балаларды білім процесінен бөлек, тынығуы мен дамуына да мүдделі. Ауылда А.Шайхиев атындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің күрес үйірмесі жұмыс жасайды. Балғын балуандарға Темірлан Наурызбай тәлім береді. Биыл Жымпитыдағы «ORTA» қосымша білім беру орталығы шешендік өнер, би үйірмелерін Көгерістен ашпақ, - дейді ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, ауылдың азаматы Мерей Меңжанов.

Көгеріске келген тағы бір жанұя – Мұқатовтар. Қариясы бар үй дегесін, кіріп, сәлем беріп «Көш көлікті болсын!» айтып шықтық. Амангелді ақсақалдың жасы 83-те екен:

–Қалада тұрды демесең, қырда өскен жан едік. Жосалыда тудым, еңбек жолымды бастадым. Халел Аманов деген директормен дәуренінде әріптес болдық. Кейін Жетікөлде, Қособада агроном болдым. Жусанның иісін сағынып келген адаммын. Ауылда бәрі табиғи ғой, тағамы да, адамы да. Қалада балалардың қауіпсіздігіне алаңдайсың. Сабағына жетектеп апарып, жетектеп әкелесің. Ауылда мектеп үйдің дәл қасында.

Көгеріске көшіп келдік. Балалар мал шаруашылығымен айналысуға ниетті, - деді Амангелді қария.

Иә, «Қаладан – ауылға» бағдарламасы осылайша перзенттерді де туған топырақтарымен табыстырып жатыр.

P.S. Мұқатовтарға мемлекет жайлы баспана ұсынған. Бұйырса, Гүлсезім де қоныстойын тойлайды. Айтпақшы, Көгеріс ауылында су жаңа қоспәтерлі зәулім үйдің құрылысы жүріп жатыр. Ол үй болашақта ауылға көшіп келген жанұяларға, мамандарға берілмек.

Бауыржан Ширмединұлы

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале