Қазіргі уақытта жоғары білімі бола тұра екі қолға бір күрек таппай сабылғандардың саны артты. Қолына диплом алғанымен, мүлде басқа салада еңбек етіп жүрген жастар да баршылық. Шыңғырлау колледжінің басшылығы елімізде сұранысы жоғары, жас маман үшін жұмысқа тұру оңайға түсетін салалар қандай екені туралы өз пікірлерімен бөлісті.
Серікбай Жұмағұлов, Шыңғырлау колледжінің директоры:
- Басты бағыт – жұмысшы кадрлар дайындау. Бұл мемлекетіміздің басты назарға қойып отырған бағыты. Себебі, өндірістік орында, ауыл шаруашылығында, ауылдық елді-мекендерде жасайтын жұмысшы қолы аса қажет. Бүгінгі жастар сұранысы бар, жұмысқа орналаса алатын мамандыққа емес, қалаға барып, жоғарғы оқу орынына түсуге бейім. Мейлі ғой, таңдаған мамандығына түссін, оқысын, бірақ жұмысқа орналасуға келгенде жұмыс орын жоқ. Себебі, қазіргі жастар көбірек түсіп жататын мұғалімдік, заңгерлік, басқа да гуманитарлық бағытта бітірушілер көп, сәйкесінше жұмыс орны ауыса бермейді. Ал, елімізде кәдімгі жұмысшы қолы қат. Құрылысшылар жетіспей жатыр, дәнекерлеушілер керек, электриктер керек, аспаздар, шаштараздар, IT-технологияны меңгергендер аса қажет. Ал, ол білімдерді беретін колледждер. Осындай үнемі сұранысқа ие, қажет мамандықтарға біздің балаларымыз оқымай жатады. Осы жері аса өкінішті!
Бұл жерде мәселе алдымен ата-аналарда. Барлығы да баласына жоғары оқу орнын оқытқысы келеді, алайда сол бала соңынан жұмыс таба алмайды. Ал, колледж ғұмырлық табысың, азығың болатын, сұранысқа әрқашан ие мамандықтар береді. Бұрын бір ғана мамандық берілетін, қазір бір мамандықтың аясында қосымша мамандықтар берілетін болды, яғни, колледжге түскен оқушы екі мамандықты қатар алып шыға алады. Бұл дегеніңіз екі есе мүмкіндік, екі есе бәсекеге қабілеттілік.
Облыста 26 мемлекеттік және 8 жеке колледж бар. Осы колледждер арасында жас мамандарды даярлау бойынша мемлекеттік бағдарламаларды қорғап, гранттар алған таңдаулы 10 колледждің ортасындамыз. Бұл біздің бәсекеге қабілеттілігіміздің дәлелі. Осы бағдарламалар аясында біздің материалдық-техникалық базамыз өте жақсы қамтылған, яғни, өндірістік оқытуды практикалық тұрғыда жүргізуімізге толық жағдайымыз бар.
Жалпы, ел экономикасын алға тартатын жұмысшы халық. Қол еңбегімен айналысып, өндірістерде, ауыл шаруашылығы саласында, машина құрастырушы, электр қуатын беруші, халықтық-тұрмыстық салаларда еңбек етушілер экономика дамуының сүйреуші күші. Осыны ескере отырып әрбір ата-ана өз балаларын болашақта өзін және отбасын асырай алатын табысты және әрқашан сұранысқа ие мамандықтарға оқытуы керек.
Бүгінгі қоғам қолынан іс келетін, жан- жақты қабілетке жұмысшы маманға зәру. Қазіргі қоғам бейнесі жастар арасындағы жұмыссыздықпен назар аударады. Яғни, жоғарғы оқу орнын бітіргендерімен жұмыс таппай жүргендер тым көп. Ал, трактор жүргізетін, комбайнға отыратын, құрылыс салатын, темір жонып-токарлықты, болат пісіріп-дәнекерлеуші болатын жұмысшы адамдар ауадай қажет. Шыңғырлау колледжі аудан аумағындағы осы жүкті көтеріп тұрған бірден- бір мекеме. Жыл сайын түлектерін ұшырып, халық шаруашылығына қосып келе жатырған білім орнының жетістіктері облыс, республика деңгейінде белгілі, өз саласында жеңімпаз студентері жетерлік.
Шыңғырлау колледжі нақты 9 түрлі мамандық бере алады, материалдық- техникалық базасы толық, білім алушыларға жақсы жағдай жасап отырған білім орны. Мұнда келген оқушы «Есептеу техникасы және ақпараттық желілер» (Вычислительная техника и информационная сети), «Дәнекерлеу ісі» (сварочное дело), «Электр жабдықтары» (электрооборудование), «Кірпішті қалау»( кирпичная кладка), «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» (механизация сельскохозяйства), «Зоотехния», «Тамақтандыруды ұйымдастыру» (организация питании), «Ғимараттар мен құрылыстар салу және пайдалану» (строительство и эксплуатация зданий и сооружений) бағытында оқып, салалас, түбірлес қос мамандықтан алып шығады. Бұлар оқырманның өзі де байқап отырғандай бүгінгі қоғамның сұранысына сай келетін қажет мамандықтар.
Ел ішінде көріп жүргеніміздей осы колледжді бітірген бірқатар аудан жастары түрлі жақтарда жұмысқа орналасып, жеке кәсіпке бет бұрғандары да бар. Білім орнының мамандарының айтуынша түлектердің басым бөлігі Ақсай қаласындағы өндіріс орындарына орналасады екен.
Биылғы 2023-2024 оқу жылында колледжді «Есептеу техникасы және ақпараттық желілер» бағытындағы «компьютерлік- ақпараттық қамтамасыз ету операторы мамандығымен 24 студент, «Құрылыс-әрлеу жұмыстарының шебері» болып-15 және «аспазшы» мамандығымен 15 студент аяқтап отыр.
Алдағы оқу жылына «Есептеу техникасы және ақпараттық желілер» мамандығына -15, «Электргазымен дәнекерлеуші»-15, «Электромонтер» (түрлері және салалары бойынша) - 15(9 сыныптан), «Ауыл шаруашылығы өндірісінің тракторист- машинисі» - 15, «Құрылыс-әрлеу жұмыстарының шебері» – 15 орынға талапкерлер қабылданады.
Жоғарыда айтылып өткендей, колледждің материалдық техникалық қамтылуы жоғары деңгейде. Бүгінгі таңда өндірістік оқыту цехтарында толық үйрену бағдарламасымен қамтылған «John Deere» тракторларының тренажер- платформалары тұр. Мұнда студент компьютерлік бағдарламамен тракторды жүргізу, оның мүмкіндіктерін жұмыс барысында толық пайдалануды үйреніп шығады. Осындай толық бағдарламалы тренажерлардың басқа да тракторлар түрлеріне, автокөлікке, дәнекерлеушілер мен электриктерге арналған түрлері де бар. Бұл өз кезегінде студенттің толыққанды білім алуына жасалған жағдай деп атап өтуге болады.
Білім алушы студенттер білім сапасын дәлелдеп те келеді. Жуырда облыс аумағында өткен өңірлік «WorldSkills Oral-2024» чемпионатына қатысушы Ильдар Гайнутдинов кірпіш қалаудан І орын алып, республикалық бәсекеге жолдама алды. Осы «Кірпіш қалау»-дан Руслан Жұмағазиев, «Құрғақ құрылыс пен сылақ жұмыстары» құзіреті бойынша Әділжан Кереев ІІ орын, «Бояу және сәндік өнер» құзіреті бойынша Александр Епочинцев ІІІ орынды иеленді. Осы чемпионатта «Графикалық дизаин» бойынша қатысқан Аманжол Абзал чемпионаттың арнайы төсбелгісін жеңіп алды.
Берік Рахымберлиев, директордың өндірістік оқыту ісі жөніндегі орынбасары:
- Бізде студенттердің өндіріс басында, қолма-қол жұмыс істеуіне жағдай жасалған. 22 оқу кабинеттері бар, оның ішінде мектептік жалпы білім беру бағдарламаларын оқытатын 9 кабинет, арнайы тәртіптегі, яғни, арнайы технология кабинеттері, автокөлік және трактор кабинеттері, тағамдайындау технологиялық кабинеті, компьютерлік ақпараттық кабинеттері бар- 5, оқу зертханалары-3 және 4 шеберхана жұмыс жасап тұр.
Оқу шаруашылығында оқу-тәжірибелік бағыттағы 1861 га жеріміз бар. Бұл жер көлемінде студенттерді практикалық оқыту мақсатындағы егістік жер, жайылымдық-шабындық, жоласты, суасты, жыралы жерлер де қамтылған. Оқушылар қолымен өткен жылы 50 га жерге мақсары егіліп, 25 тонна өнім жиналды. 20 га жерге арпа егіліп, 10 тонна өнім алынды. Яғни, әрбір білім алушы өзі трактормен жерді жыртып, егіп, оны жинап алып, нақты өндірістік практикадан өтеді. Бұл студенттеріміздің теориялық білімін қолма-қол жұмысымен ұштастырып, мамандығын толық игеруге мүмкіндігі бар екенін білдіреді. Сондықтан бізде мамандығын білмейтін оқушы болмайды, олар оқу орнынан дайын маман боп шығады.
Техника жағы да беретін мамандығымызға сәйкес жинақталған. Автокөлік іс бойынша «ВАЗ», «Волга», «Газ», УАЗ» маркалы көліктер мен комбайн, екі «МТЗ- 82», «Белорусс-1221», W430 комбайны, «John Deere» тракторы бар.
Дәнекерлеушілер шеберханасы болат пісіру, аргнды-доғалық, алюминий пісіретін, импульсті жартылай автоматты бірнеше дәнекерлеуші аппараттармен жабдықталған. Яғни, колледждің толыққанды теориялық және өндірістік білім беруге мүмкіндігі бар.
Алайда, ата-аналар балаларын қалаға оқуға жіберуге асығып тұрады. Ауылдағы қолжетімді және сұранысқа ие мамандықтарға ұмтылмайды. Ал, қалаға барған бала түсіп кете алса жақсы ғой, егер түсе алмаса бізге де келе алмайды. Себебі бізде де орын саны шектеулі, оқушы саны толғаннан кейін қабылдай алмай қаламыз. Осыны ата-аналар ескерсе екен. Балаларының қазіргі жағдайы мен алдағы өмірін тұтас ойлап барып қолжетімді, сұранысқа ие және тегін оқуға бергені абзал,- дейді.
Шынында да колледж оқуы тегін. Бұл мемлекет тарапынан шешімін тапқан жағдай. Техникалық, шаруашылық және өндірістік білімді игерген мамандардың ауадай қажет екенін жоғарыда айтып өткенбіз.
Эльмира Багиджанова, директордың оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары:
- Колледж өндірістік-техникалық мамандықтар бере отырып, оқушының жалпы білім беру бағдарламасынан қалып қоймауын, сондай-ақ тәрбиелік тағылымды да қатар жүргізілуін қадағалап отырады. Әсіресе, жасөспірім жастағы студенттерге елжандылық, ұлттық тәрбие, рухани тәлім беруге үлкен мән беріледі. Бұл бағытта ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында тәрбие жұмысын негіге алып жұмыстанып отырмыз. Аталмыш бағдарламаның мақсаты - жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген еңбекқор, адал, саналы, жасампаз азаматты тәрбиелеу.
Колледждегі тәрбие жұмыстары ұлттық мүдде, ар- ұят және талап деген құндылықтарға негізделген.
Көптеген студенттеріміздің әлеуметтік жағдайы орташа, соған қарамастан оқуда үлгерімді, ортада белсенді шәкірттеріміз көп. Бүгінгі таңда колледжде спорттық, патриоттық, өнер және зияткерлік бағыттағы 8 үйірме жұмыс жасап тұр. Оқу орнында және оның аумағында, сондай- ақ, көшеде де колледж студенттерінің тәртібі бақылауда.
Нарықтық экономика көш бастап тұрған тұста әр адам бәсекеге қабілетті болу керек, яғни, әрбір тұлға өндірістік қасиетке ие болуы маңызды. Себебі, өз еңбегіңмен, біліктілігіңмен, шығармашылығыңмен әлдебір затты немесе өнімді, болмаса интелектуалдық тауар шығара алсаңыз, ол сізге тікелей табыс әкеледі. Сіз сол арқылы табыс табасыз, жетістіктерге жетесіз. Ол үшін білім керек. Қоғамда сұранысқа ие мамандық керек.
Біздің халықтың шығармашылық әлеуеті күшті, тек оны қажетті арнаға бұра алмай жатырмыз. Барша ата-аналар балаларын қоғамға керек мамандыққа, сұранысқа ие мамандыққа оқытса баласының болашағы үшін уайымдамаса да болады. Себебі, кез-келген уақытта кез-келген жерге жұмысқа кіре алады, жеке кәсібін бастай алады, себебі ол тиісті білім алған, өндірістік оқытудан өткен, техникалық біліммен қаруланған бәсекеге қабілетті маман.
Ал, сол маманды даярлайтын оқу орны қасымызда. Тегін оқу, тегін жатақхана, білікті оқытушылар мен тәжірибелі өндірістік оқыту шеберлері сапалы білімнің кепілі. Көп ата-ана жалған мақтан мен доңайбат үшін қалаға шаппай, балаларын ауылда, тиімді жағдайда қажетті мамандыққа оқытып алса ұтылмасы анық!
Қаршыға Елемесов,
Шыңғырлау ауданы