10.07.2024, 10:15
Оқылды: 458

Теректі тұрғындары ауыз суға қашан жариды?

Теректі ауданы орталығының тұрғындары жылда жаз бойы суден тарығады

IMG-20240611-WA0013

Облыс орталығынан таяқ тастам жердегі Теректі ауылының шөлден кенезесі кебетін жөні жоқ. Басқалары тарықса бір сәрі, өзен-көлдің ортасында тұрған аудан орталығының суға жарымауы ақылға сыймайды. Оның үстіне он шақты жыл бұрын «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасымен су құбыры тартылып, іске қосылды емес пе? Таза су ішетін болдық деп бөркін аспанға атқандардың қуанышы ыстық аптапта судың буындай буланып, ұшып кеткендей.

Ауыз судың азабын тартып жүрген ауыл тұрғындарының су тапшылығы мен сапасына деген өкпесі қара қазандай. Қайсысынан сұрасаңыз да, ренішін жасырмайды.

– Таза су мәселесі жүйкемізді жұқартты. Құбырдан келер судың қысымы төмен, краннан су тамшылап тұрады. Кейде суды белгілі уақыт аралығында береді. Су болмай қалатын күндер жиіледі. Мен тұратын екі қабатты үйдің пәтерлеріне су жетпей қалады. Бізден басқа Абай, Сұңқар, Зрелов, Горький көшелері тұрғындарының да көріп жүрген құқайы – осы. Аудан орталығының аумағы кеңейіп, үш қабатты үй салынуда.  Сонда су тұтынушылар саны өскенде не болмақ? Үйінде үлкен кісілері, кішкентай балалары барларға мүлдем қиын. Қайыр сұрағандай су іздеп жүргеніміз. Мұның бір шешімі болу керек деп санаймын, – деді ауылдың Орталық көшесінде тұратын Мәншүк Молдағалиева.

– Теректіге 2008 жылы көшіп келгенмін. Бұрын Дуана деген ауылда тұрғанымызда суды құдықтан тасып ішетінбіз. Аудан орталығына көшіп, енді су тасудың машақатынан құтылдық па деп қуанып едік. Ауыз судың жетіспейтінін айтудай-ақ айтып келеміз тыңдар құлақ болса... Алайда одан шығар нәтиже жоқ. Жаз басталса, жылдағы судың «жыры». Анда-санда жылт ететін, сыздықтап ағатын судың сапасы өте төмен. Түсі сап-сары, ішуге жарамсыз.  Ондай суда береке болушы ма еді? – деді Теректі ауылының Тәуелсіздік көшесінде  тұратын  Ардақ   Омарова.

Теректі ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайыржан Есетов (суретте) тұрғындардың өкпе-ренішіне түсіністікпен қарайды. Басшының айтуынша, бүгінде ауыз сумен қамтуды жақсарту бағытында нақты жұмыстар қолға алынған. Алақандай ауылға құбырмен келетін судың көзі Қабылтөбе деген жерде орналасқан. Онда әрқайсысының сыйымдылығы 10 шаршы метр болатын  алты  ұңғыма,  олардың  алты  су  сорғысы  бар.

– Былтыр «Жайықгидрогеология» мекемесі 10 млн теңгеге екі ұңғыма қазды. Бірақ ол іске қосылмады. Жақында «Теректі таза су» кәсіпорнының кіріс қаражаты есебінен Ақтөбе қаласынан 365 мың теңгеге екі сорғы сатып алынып, орнатылды. Биыл аудандық бюджеттен 15 млн теңге қаражат бөлінді, соған 30 сорғы сатып аламыз. Қарағандылық мердігер конкурста жеңімпаз деп танылды. Сатып алынатын 30 сорғының 10-ы Теректі ауылын сумен қамтуға қойылады. Алдында екі сорғыны жаңарттық, енді қалған төртеуін жаңасымен ауыстырамыз.  Осылайша барлық алты сорғы жаңарады, – деді  бөлім  басшысы.

IMG-20240611-WA0017

Теректі ауылында 7 мыңнан астам адам тұрады.  Қыста ауыз суды тұтыну шамасы 350-400 текше метр. Жаз кезінде суды тұтыну  мөлшері өседі, тәулігіне 800 текше метрді құрайды. Ауа райы қатты ысып, су буланады. Әрі тұрғындар ауыз суды төрт түлік малды және бау-бақшаны суаруға пайдаланады. Негізінде «Ақбұлақ» бағдарламасы халықты ауыз сумен қамтуға арналған. Бұл ауыл өңіріміздегі көптеген елді мекен секілді техникалық сумен қамтылмаған. Сондықтан осындай келеңсіз жағдай қалыптасқан. Қ. Есетовтің айтуынша, мамандар су мәселесінің түйткілін шешуге қам жасауда. Жыл басынан бері жаңа жоба жасақтауға жұмыстанған. Жыл аяғына дейін «Теректі ауылын сумен қамтамасыз етуді қайта құру» жобасын мемлекеттік сараптамадан өткізу жоспарланған. Оның жобалаушысы  – Шымкент қаласындағы «Шымгорпроект» деген компания.  Теректі өңірін білмейтін мамандар жобалайтын жобаның сапасы не болар екенін ешкім дөп басып айта алмайды. Бірақ «Жаңа жоба тұрғындарды  жарылқайды ма?» деген сауалымызды бөлім басшысынан  іркіп  қалмадық.

– Қабылтөбеде су 12 метр төмен деңгейде орналасқан. Жоба бойынша сол жердегі су көтергіш бірінші стансадағы сорғылар суды 15 метр биіктікке көтереді. Одан кейін су 12 шақырым жердегі Теректіге жеткізіледі. Түсінікті тілмен айтсақ, алты сорғының жүктемесі көп. Қабылтөбе басына су жиналатын резервуар орнатылады. Ол сорғылардың жүктемесін азайтады. Қазір ондай резервуар қойылмаған.

Резервуарға  жиналған су сорғылардың көмегімен Теректідегі су көтергіш екінші стансаға жеткізіледі. Су құбырының қасына апатты жағдайларда іске қосатын екінші желіні салу жоспарланған. Осының барлығы жоба бойынша салынып, іске қосылған жағдайда тұтынушыларды сумен тұрақты қамтимыз. Ауыз судың сапасын жақсарту үшін ауылдағы екінші стансаға суды тазалайтын қондырғы орнатылады. Дәл бүгінгі күні ондай қондырғы орнатылмаған, – деді  Қайыржан Есетов.

IMG-20240611-WA0012 (1)

Иә, басшының сөзінше, бұрынғы бағдарламада ондай тазалағыш қондырғы қарастырылмаған. Сондықтан су жердің астынан сорылып, құбыр арқылы тікелей тұтынушыға жетеді. Су дәмінің кермектігіне, түсіне қатысты реніш содан, яғни сүзгінің жоқтығынан туындайды. Ауыл ішіндегі  құбыр құдықтарындағы темір бұрандалы тетіктер (задвижки) істен шыққан. Ондай тетіктер құбырлардағы ақауға байланысты   суды тоқтату үшін қажет. Сондықтан қайта құру жобасы бойынша осындай таттанған тетіктерді жаңалау қарастырылуда. Ал пластик құбырлардың қызмет ету мерзімі 50 жылдан жоғары болғандықтан, пайдалану мерзімі бітпеген, сол себептен  жаңартылмайды.

Теректіні ауыз сумен қамтушы кәсіпорын –  «Теректі таза су» ЖШС-ның басшысы Сабырбек Мусин (суретте) жаздың аптап ыстығынан резервуарға жиналған судың күрт азайып кететінін айтады. Соның кесірінен кейбір көшеге, әсіресе, көпқабатты үйлерге, әлеуметтік нысандарға су жетпей қалады. Сондықтан су қорын жинап алу үшін түнгі сағат 22.30-дан бастап таңғы сағат 05.00-ге дейін халыққа су беру уақытша тоқтатылады.

– Судың шығыны өтелмейді. «Теректі таза су» мекемесінің 20 млн теңге коммуналдық қызметтерге бережағы бар. Теректіде 1639  жеке үй, 33 мекеме су тұтынады. Су тұтынатын заңды тұлғалардан бір жылда 40 млн теңге түседі. Соның 16 млн теңгесі газға, 26 млн теңгесі электр қуатына төленеді. Бір жылда 42 млн теңге болып тұр.  Жекелер судың текше метріне 90 теңге төлейді, қалған 550 теңгесін мемлекет субсидиямен өтейді. Кәсіпорнымызда 108 адам жұмыс істейді. Жылдық жалақы қоры –  15 млн теңге.  Аудан бойынша су үшін ай сайын 8-12 млн теңге субсидия беріледі. Соны түгелдей жалақы төлеуге жұмсаймыз. Салық төлемдеріне ай сайын 4 млн теңге төленеді. Үш техниканы  ұстау шығындары бар.  Қолданыстағы тариф төмен, сондықтан  оны көтеру керек. Сонда «Судың да сұрауы бар» екенін көпшілік ұғынар еді, – деді Сабырбек Мусин.

Мемлекет басшысының 2025 жылы Қазақстан халқын 100 пайыз ауыз сумен қамтуды тапсырғаны жадымызда. Ішетін судың таза болмағы денсаулық сақтауда маңызды екені белгілі. Мемлекет қаржыны бөлудей-ақ бөледі. Соған қарамастан, бақылаудың кемшіндігінен, жобаның шикілігінен ауыз су түйткілдері өңірімізде әлі шешілер емес. Қағаз жүзінде бар, ал нақты іс жүзінде жоқ судан теректіліктер қашанғы тарығады? Жаңа жоба  барлық мәселені шешер ме екен? Сұрақ көп, күдік басым.

Гүлбаршын Әжігереева

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале