Жерлес ақын Қадыр Мырза Әлі:
– Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-сәл кем бұра, Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра, - деп жырға қосып еді. Расында қазақ поэзиясындағы домбыра бейнесі – ежелгі жыр-дастандардан бүгінгі жас толқынға дейін жырланып келе жатқан мәңгілік тақырып.
Домбыраның сазды сарыны мен қайталанбас үні арқылы қазақтың кең-байтақ сахарасы, сұлу табиғаты, самал желі мен тіпті үрленген боранына дейін көзге елестейді. Қос дауыс сарынынан бүкіл қазақ жұртының қуанышы мен қайғысы, арман-мүддесі, дархан даланың төсіндегі бабалар ерлігі, жалпы айтқанда тарихы күй болып төгіледі. Содан шығар қазақтың даладағысы болсын, қаладағысы болсын домбыра үнін естісе елітіп тұратыны рас. Қасиетті һәм құдіретті осы аспаптың құндылығын жас ұпақтың бойына дарыту үшін 2018 жылдан бастап елімізде домбыра күні тойланып келеді. Алайда домбыраға деген құрметіміз атаулы күнмен шектеліп қалмауы керек. Сол себепті қалам тербеп осы тақырып төңірегінде біраз қаузап көрмекпіз. Бұл жолы күні кеше ғана Облыстық халық шығармашылығы орталығы қолға алған өңірімізге белгілі күйшілердің домбырасының көшірмелерін жасауға ат салысып, өңір басшысы Нариман Төреғалиұлының атынан алғыс алған, домбыра жасаушы шебер, Ақсай қаласы №3 ЖОББМ ұстазы Тілек Әлібекұлымен сұхбат жасадық.
– Адамның қолының икемділігі тұқымнан беріледі ме әлде қол өнерді жүре бара үйренуге болады ма?
– Негізі қаннан тарайды деп айтады. Сол үшін бәлкім қанда болуы да заңдылық шығар. Аталарымыз қолөнерден құр алақан емес. Біздің әулеттің балалары аталарымыз өз қолымен жасаған бесікте өсті. Содан олардың саусағының қасиеті дарыған шығар. Алайда қанша жерден таланатты болды десек те ең алдыменен еңбек қажеттігі рас. Өйткені барлық жеңістің артында тынымсыз еңбек, көлдей маңдай тер тұратыны анық. Қанша талантты болсаңыз да барлығын бірден жасап шыға алмайсыз. Мысалы сіздің алғашқы жасаған домбыраңызбен әнші немесе күйші сахнаға шығып кете алмайды. Оны қайта-қайта қайталап, бірнеше айларды, тіпті бірнеше жылдарды сарып ету қажет. Біреуін-екеуін, одан соң жиырма-отызын жасайсың. Әрмен қарай жүзінші домбырадан кейін сахнаға шығаратын домбыра шығып қалуы мүмкін. Яғни бұл жұмысқа талмас талап пен ықпас ынта керек. Домбыраның сұлбасын жасау бәлкім қиын емес шығар. Алайда оның үнін келтіру үлкен жұмыс. Басқасын былай қойғанда бір құлағын жасап, орнықтырудың өзіне біраз уақыт шығындайсыз. Сондықтан домбыра жасау жүрдім-бардым қарайтын шаруа емес. Дегенмен аса талантты тек домбыра жасау үшін туған жан болады дегенге өзім сеніңкіремеймін. Егер ерінбейтін адам болса мұны да меңгеріп кете алады деп ойлаймын. Ең алдымен ерінбей соған ден қоя алсаңыз болды. Меніңше ерінбеген адам талантты.
– Күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлы, күй анасы Дина Нұрпейісовадан бастап, Мұхит, Ғарифолла секілді тұлғалардың домбыраларының көшірмесін жасап, болашақ ұрпақ үшін ұмыт қалдырмау, насихаттау мақсатында Батыс Қазақстан облысының домбыра жасаушы қолөнер шеберлері біраз жұмыстар атқарды. Өзіңіз де осы істің басы-қасында болып, жерлесіміз домбырашы Сабыр Мұқатовтың домбырасының көшірмесін жасадыңыз. Ол домбыраның ерекшелігі неде?
– Елімізге белгілі күйшілердің домбыраларының түпнұсқасының көшірмесін жасау туралы ұсыныс айтылды. Одан соң өңіріміздегі шеберлерге бір-бір күйшінің домбырасы берілді. Маған жерлесіміз күйші Сабыр Мұқатов домбырасының көшірмесін жасайсың деп айтылды. Содан күйшінің шығармашылығын, өмірін зерттеу басталды. Сабыр Мұқатов өмірінің соңғы кезеңдерін Казталов ауданы, Талдықұдық аулында өткізген екен. Домбырасы мектептің музейінде сақталыпты. Күйші сол домбырамен 1937 жылдары Астраханға барып ән салған деседі. Домбыра бүгінгі домбыраларға ұқсамайды. Алты шанақтан тұрады. Әр шанаққа ағаштан жиек салынған. Махамбет Өтемісұлының және Ерғали Есжановтың домбыраларына ұқсас. Бетінде төрт жерден тесік салынған. Шанағының жанында ойығы бар. Сабы тиектен сағаға дейін 52 см. Тиектері өзара жақын орналасқан. Негізгі ерекшелігі осылар. Домбыраның түпнұсқасынан ешқандай айырмашылығы жоқ. Тек шектері ғана өзгеше. Ол кезде домбыраларға қой ішек тартқан. Бұл шара өткеннің өнегесін бүгінге дәріптеу. Ұрпаққа үлгі, ертеңге мақтаныш болар осындай игі істің ортасында болғаныма өзім де қуаныштымын.
– Бүгінгі күні домбыраның қандай түріне сұраныс көп? Жалпылама сіздің қолыңыздан шыққан домбыраға қай өңір көп тапсырыс береді?
– Домбыраның түрі көп. Мысалы балдырған, балақай, альт, тенор домбыра деп бөлінеді. Ол домбыраның шанағы мен сабының өлшеміне байланысты жіктеледі. Ең үлкен өлшем 48 және содан кері қарай төмендей береді. Домбыраға музыкалық мектептер, ондағы оқытушылар, ата-аналар тапсырыс беріп жатады. Көбіне өзіміздің аудандар, өзіміздің өңірден тапсырыстар көп келеді. Әр өңірдің өзінің шеберлері бар. Қолымнан шыққан домбыралар еліміздің басқа өңірлеріне де кетіп жатыр. Сонымен қатар аспаптардың басқа түрлерін де жасаймын. Мысалы домбырадан бөлек қобызды жасап жатырмын. Оған да сұраныс жаман емес. Дегенмен тек тапсырыс бойынша емес, қолым қалт етіп, бос уақытым болса осы шеберханадан табыламын. Уақытымның көп бөлігін шеберханада өткізгенді ұнатамын.
– Қол өнерге оқушылардың қызығушылығы қандай? Домбыра жасау өнерін үйренгісі келетін шәкірттеріңіз бар ма?
– Қолөнерге 100-ден бір адам келеді десем артық айтқаным емес. Өйткені ең алдымен бұл салаға шын қызғушылық пен махаббат қажет. Жалпы біздің халқымыздың киіз үйі, ыдыс-аяғы, ат-әбзелі бәрі-бәрі тұнған қолөнер. Қолөнер қазақтың қанында бар. Өзімде бала кезден осы колөнерге қатты қызықтым.. Менің суретші боламын деген арманым мені қолөнерге алып келді. Бұл қолөнер бейнелеу өнерінің бір саласына кіреді. Бүгінгі күні бенелеуге қызығып, бар ынтасын салып жүрген шәкріттеріміз бар. Бәлкім өсе келе қолөнерге қарай бет бұратын шығар. Алайда тап домбыра жасауға дайындап жатқан шәкіртім жоқ. Домбыра жасауға келгенде мен өзімді әлі шәкіртпін деп есептеймін. Оралда Сансызбай Ахметов деген домбыра жасаушы шеберге домбыра жасаудың қыр-сырын үйренемін деп барғанмын. Содан бері әлі шәкірттіктен аса алмай келемін. Домбыра жасағаныма 10 жылдан асса да өзімді толысқан, бәрін меңгерген шебермін деп айта алмаймын. Әлі үйренерім көп деп ойлмаймын. Егер уақыт келгенде шәкірт боламын деп жастар, оқушылар келіп жатырса, бар білгенімді үйретуге тырысамын.
– Тілек Әлібекұлы шынайы әрі әдемі сұқтабатыңыз үшін рахмет. Еңбегіңізге табыс тілейміз.
Сұқбаттасқан Гүлсезім Сүйеуғалиева
Бөрлі ауданы