Жыл басынан су саласындағы 7 000-ға жуық жұмысшының еңбекақысы өсті. Атап айтқанда, 1 қаңтардан еңбекақысы тариф есебінен төленетін «Қазсушар» мамандарының айлығы орта есеппен 25%-ға көтерілді. Ал 1 мамырдан еңбекақысы республикалық бюджеттен төленетін бірқатар мамандардың айлығы 25%-ға ұлғайды. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі жазды.
Сурет: Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі
«Су саласы қызметкерлерінің еңбекақысын ұлғайту бағытындағы жұмыс одан әрі жалғасады. Бұл бір күндік іс-шара емес және су шаруашылығы мамандықтарының тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл біз үшін өте маңызды», - деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.
Еске сала кетейік, кеше, 9 шілдеде елімізде су шаруашылығы саласы қызметкерлерінің күні аталып өтті.
Кәсіби мерекеде су саласының 323 қызметкері мен ардагері марапатталды.