Ақтөбе қаласында өткен Қазақстан халқы ассамблеясының Журналистика клубының көшпелі отырысы өз мәресіне жетті. Осыдан бұрын хабарлағанымыздай, алдымен отырыстың ресми бөлімі өтті, содан кейін Журналистика клубының мүшелері және басқа да қатысушылар үшін этносаралық қатынастар саласындағы ақпараттық жұмыстың тиімді әдістері және құралдары тақырыбында тренинг өткізілді.
Қатысушылар үшін аталған тақырыптағы тренингті өткізу мақсатында тәжірибелі медиатренерлер арнайы шақырылған. Алғаш болып сөз алған медиатренер, «Сұрауы бар» YouTube арнасының авторы, журналист Ербол Сейілхан YouTube арнасының мүмкіндіктері, оның басқа платформалар, ресурстардан айырмашылығы мен артықшылықтары туралы айтты. Оған қоса YouTube арнасын этносаралық қатынастар саласында контент жасауда қалай ұтымды пайдалануға болатынын өз тәжірибесінің негізінде түсіндірді.
Ал әлеуметтанушы, "PaperLab" зерттеу орталығының директоры Серік Бейсембаев болса, медиакеңістікте өшпенділік тілін қалай анықтаудың түсінігі мен әдістемесі, жолдарын түсіндірді. Сонымен қатар, ол ақпараттық кеңістіктегі этносаралық жанжалдың алдын алудың 10 ережесіне тоқталды. Сессия соңында қатысушылар Серік Бейсембаевтың тапсырмасымен бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған материалдардан өшпенділік тілін анықтауға практикалық тапсырманы орындады.
Factcheck.kz бас редакторы Думан Смақов БАҚ-та этносаралық тақырыптағы материалдарды жариялау тәсілдері бойынша чек-листті тізімдеп, әрқайсысына жеке тоқталды. Ол маңызды тақырыптардың бірі этносаралық қақтығыстар кезінде көрнекі ақпараттың, яғни фото, видео материалдардың дұрыстығын қалай тексеруге болатынын тәжірибеде көрсетті. Қорытындысында қатысушыларға сертификаттар табысталды.
Альфия Шамаева,
zhaikpress.kz,
Фото: ҚХА Баспасөз қызметі