7 шілдеде өткен сайлауда айқын басымдықпен (57,5%) халық дауысын иеленген Арман Жұмағалиев Рубежин ауылдық округінің әкімі лауазымына тағайындалды.
Жаңа округ әкімін тағайындауға келген аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев әлеуметтік мәселелерден де бөлек, алдымен идеологияға аса мән беру керектігіне тоқталды.
«Басты орында – халық мүддесі. Әкімнің міндеті – еліне қызмет ету, тұрғындардың ауызбіршілігін арттыру. Кешегі тасқын уақытын ешқайсымыз ұмытқан жоқпыз. Сол кезде осы ауыл азаматтарының татулықпен күш біріктіруі, ақ жаулықты аналарымыздың уақытпен санаспастан өзге облыстардан көмекке келген жігіттерге ас-су дайындап, қызмет қылғанына барлығымыз куәміз. Әрине, жарықтандыру, су тарту, жол салу сынды әлеуметтік мәселелер күн тәртібінен түспек емес. Оны өзіңіз бағдарламаңызда да көрсеттіңіз. Орындаймын деп ел сенімін арқаладыңыз. Алайда осының бәрінің негізі адами құндылықтан бастау алуы тиіс», - деді Ерлан Ерсайынұлы.
Гүлім Орда
Бәйтерек ауданы