Адам жанының суреткері, қазақтың өз ұлы, өз Қадыры, ақын Қадыр Ғинаятұлының шығармашылығын, шым-шытырық, сынаққа толы өмір жолын көзі қарақты оқырман білуі тиіс. Бірақ тиіс екен деп, оны насихаттамау, поэзия деп аталған алтынға бергісіз мұрасын мұқым елге жеткізбеу – ауыр күнә.
Осы орайда Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы ақынның өмірі мен шығармашылығы хақында ізденіп, жас ұрпақтың санасында жаңғыртудан жалыққан емес. Орталықтың тынысы мен жұмысы елдің көз алдында. Оны тарқатып айтудың да қажеті болмас. Өйткені өнер сүйер жұртшылықтың орталықта өтетін іс-шаралардан алған әсеріндей жеткізе алмаспыз.
Айтпағымыз, кеше Теректі аудандық мәдениет үйінде өткен «Қадыр – қазына» жобасы аясындағы концерттік бағдарлама жайлы. Әуелі теректіліктер 2023 жылы түсірілген ақын туралы деректі фильмді тамашалады. Алматы қаласында түсірілген фильмнің тұсауы 24 қаңтар кесіліп, өз көрермендеріне жол тартқан еді. Ал бүгін ауданымызда көрсетілген деректі фильм арқылы ағайын Қадыр Мырза Әлінің сегіз қырына қанық болды. Қазақтың Қадыры ұлықталған рухани кешке ақынның туған қарындасы Күләш Мырзалиева арнайы қатысты. Деректі фильм аяқталған соң аяулы ақынның бауырына теректілік құрмет көрсетіп, ыстық ықыласпен қошемет білдірді. Аталмыш орталықтың директоры Серік Тоқмамбетов, аудандық мәслихат төрағасы Әлжан Нұрғалиев, аудан әкімінің орынбасары Қалаубек Теміров, ақсақалдар кеңесінің төрағасы Білікбай Қазиқанов зал төрінен орын алып, жанға азық сыйлайтын іс-шараны тапжылмастан көрді.
Қадыр орталығы ұйымдастырған «Қадыр жыры – халық үні» атты облыстық жыршы-термешілер додасында жеңімпаз атанған Қазақстан Мәдениет саласының үздігі Нұршат Исламғалиев ақын жазған «Балалықсыз балалық», «Соңғы сәт» өлеңін халық мақамымен шырқап, көпшілікті терең ойға батырды. Шәмші Қалдаяқовтың әні «Тамды аруы»Рустам Хафизовтың орындауында көңілдерге жол тапты. «Қадыр – қазына» жобасы аясында «Бұлбұл бағы» облыстық сазгерлер байқауы арқылы тыңдармандардың зор бағасына ие болған Алтынбек Базаров Елжас Мағзомның сырға толы «Егер де мен өзіңе жолықпасам» әнін шырқады.
Содан соң өнер мен жырдан кенде емес орталықтың айтыскерлері, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық Одағының мүшелері Айнабек Бисенғалиев пен Орынбек Меңдіқұл айтысып, көрермендердің делебесін қоздырды.
– Арт жақта бос орындар көп екен ғой
Соған менің көңілім тола алар ма?
Әй, бірақ несін оған қысылайын,
Теректілік ел қолын соға алар ма?
Себебі Теректінің бір адамы,
Мен үшін татиды ғой он адамға, - деген Орынбек Нұрболатұлын Айнабек Сағынтайұлы жалғап, Теректінің ақынға деген құрметін, өнерпаздарға көрсеткен ілтипатын жырға қосты.
Жүректерді тербеген «Өмір» атты ақынның поэзиясына жазылған Ербол Ақбасовтың әні көңіл толқытып, жүрек жібітті. Кеш соңында Қалаубек Баубекұлы Күләш Ғинаятқызының иығына ақорамал жауып, ізгі тілегін айтты. Сонымен қатар Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы ұжымына аудан әкімі Әлия Мұханбетжанованың алғысхатын табыс етті. Өз кезегінде орталық директоры Серік Әнуарұлы сөзалып, ақынды аялай білетін аудан тұрғындарына алғыс айтты.
Ақтілек Әлібекұлы
Теректі ауданы