12.07.2024, 16:00
Оқылды: 226

Елімізде алғаш рет Ветеринария қызметкерлері күні аталып өтті

Елімізде орман шаруашылығы қызметкерлері күні, ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні, балық шаруашылығы қызметкерлерінің күні сияқты кәсіби мерекелер бар. Бірақ ветеринария қызметкерлерінің күні болмады. Аталған олқылықтың орны толып, шілденің 10-ы – Ветеринария қызметкерлері күні болып бекітілді.

E18AFDB3-A237-49CC-80F2-15B1FE27C309

Мұндай ұсыныс түскен кезде еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі: «Бұл кәсіби мерекені тізбеге енгізу кәсіби қоғамдастықтың бірыңғай саласына жататынын сезінуге мүмкіндік береді, сондай-ақ корпоративтік мәдениеттің одан әрі дамуына ықпал етеді. Мерекені бекіту ел экономикасындағы ветеринарияның стратегиялық маңыздылығын мойындауға түрткі болады», – деген пікірін білдіріп, қолдауын көрсетті.

Алғаш рет тойланған мереке күнінде Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің аграрлық инновациялық-технологиялық паркі дөңгелек үстел отырысын ұйымдастырды.

Саладағы өзекті мәселелер талқыға түскен жиынға Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің ректоры, қауымдастырылған профессор Бекболат Шакешев, PhD доктор, қауымдастырылған профессор Дархан Смағұлов, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Ғайса Абсатиров және басқа да танымал ғалымдар, сала мамандары, «БҚО ветеринарлық дәрігерлері» қоғамдық бірлестігінің өкілдері қатысты.

Мал дәрігері қызметінің ерекше бір қыры – ол қауіп-қатермен де жиі бетпе-бет келеді. Жылдың қай мезгі­лінде болмасын, ауруға шал­дыққан түлікті алдымен  мал дәрігері тексеріп, ем-дом шараларын атқарады.

Ветеринар сібір жарасы, ту­беркулез, бруцеллез, аусыл,  қарасан, індетті лимфан­гоит, қатерлі ісік, құтыру  сияқты сан түрлі жұқпалы аурумен күресуге мәжбүр. Аталған ауру түрлерінің адам денсаулығы үшін қаншалықты қауіпті екені айтпаса да түсінікті. Мұғалім, дәрігер, полицей сияқты мамандық иелерін қалай құрмет тұтсақ, мал дәрігерлерін де солай құрметтеуіміз керек.

– Бұл мереке мал шаруашылығымен айналысатын, азық-түлік өнеркәсібінде жұмыс істейтін, еліміздің және өңіріміздің аумақтық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге талмай үлес қосып жүрген жандардың еңбегінің жемісі. Ауыл шаруашылығы саласында халқымыздың әлауқаты мен өмір сапасын жақсартуда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ветеринарлардың алар орны ерекше. Мал дәрігерлерінің қажырлы еңбегі қашанда құрметке ие. Сіздер қазақ елінің әлемдік азық-түлік нарығында жетекші орынға ие болуы және миллиондаған отандасымыздың сапалы аспен қамтамасыз етілуіне үлес қосып жүрсіздер. Осындай өз ісіне шын берілген сала мамандарының арқасында отандық ветеринария ерекше дамып, түзеле түседі деген сенімдемін. Алғаш рет тойланып жатқан айтулы мереке күні баршаңызға саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін, - деді дөңгелек үстелде алғаш болып сөз алған Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің ректоры, қауымдастырылған профессор Бекболат Шакешев.

Одан соң ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Ғайса Абсатиров «Батыс Қазақстан облысының ветеринарлық дәрігерлері» қоғамдық бірлестігінің атқарған жұмыстары туралы қысқаша мәлімет берді. Өз сөзінде Ғайса Ғарапұлы елімізде әлі күнге дейін ветеринария саласына тиісті көңіл бөлінбей жатқанын атап өтті.

– Қазір ветеринарлардың жағдайы мәз емес. Жалақысы да мардымсыз. Әкімдіктің бір бұрышын паналап отыр. Кейбір дәрі-дәрмектер мен құралдарды, арнайы киімді сақтайтын орын жоқ. Он жылдан бері көліктері де жаңармады. Өндірістік жағдай да жасалды деуге ауыз бармайды. Өйткені малды егу және қан алу үшін ветеринарлар аула-ауланы аралап жүр. Ол, бір жағынан, мал дәрігерінің денсаулығына қауіпті болса, екінші жағынан, ветеринарлардың өздері күмәнді ауру таратуы мүмкін. Аталған мәселелерді біраздан бері көтеріп жүрміз. Алдағы уақытта шешіледі деген ойдамын. Өйткені осы күні қомақты қаражат бөлініп, мәселені шешуге бетбұрыс жасалып жатқан секілді, - деді Ғайса Абсатиров.

Одан соң PhD доктор, қауымдастырылған профессор Дархан Смағұлов «Аграрлық инновациялық технологиялық паркінің мақсаты және оны іске асыру жоспары» жөнінде баяндама жасады.

Дөңгелек үстел барысында «Орал өңірі» газетінің бас редакторы, жазушы Бауыржан Ғұбайдуллиннің, ветеринария ғылымдарының докторы, академик Мәлік Шәлменовтің өмірі мен қызметі туралы жазылған «Ауылына жанашыр академик» атты кітабының тұсауы кесілді.

Жиын соңында ветеринария саласының мамандары алғысхаттармен марапатталды.

Түгелбай Бисен

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале