Адамды табиғаттың төл перзенті дейтін болсақ, табиғат ананы қолдан келгенше аялауды ар көрмеу тиіспіз. Қазақ халқының түсінігінде табиғат туған жер, атамекен сынды қастерлі ұғыммен қатар тұрады. Ендеше туған топырақтың тазалығы бәрінен биік тұрады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асқан «Таза Қазақстан» республика көлеміндегі экологияның тазалығын көздейтін акция облыс бойынша сәуір айында басталып, әр апта сайын сенбілік өтуде.
Ал ауданымызға тоқталсақ, акцияға 20 036 адам қатысып, 85 техниканың көмегімен 750 тоннадан астам қоқыс шығарды. Көше бойындағы теректер де әктеліп, су айдындарының жағасы тазаланды.
Күні бүгінге дейін 5 276 аула аумақтарына, 25 саябақ пен 168 әлеуметтік нысанға сән кіріп қалды. Тазалық акция аясында «Тaza like» акция кезеңі республиканы қамтып, оны Теректі жұртшылығы да айналып өтпеді. Бүгін орталық алаңда акцияның ашылу салтанаты өтіп, оған 70-ке жуық теректілік қатысты.
Күннің қолайсыздығына қарамастан аудан тазалығын алға қойып келген ағайынды аудандық мәслихат төрағасы Әлжан Нұрғалиев, аудан әкімінің орынбасарлары Қалаубек Теміров, Ерлан Амандықов, Дамир Ғұмаров, аудан әкімі аппаратының басшысы Мирлан Еркібаев, аудандық ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Азамат Құспанов, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Мирхат Ибраев пен аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың директоры Нұрсұлтан Кәдірғалиев қарсы алды.
Өз кезегінде Қалаубек Баубекұлы елдің таза болғаны біздің бірлік пен іскерлігімізді көрсетеді деген ойын білдіріп, жүгіруден талмай тұрған жүйрік желді тазалық үшін елемей ортадан табылған жұртқа алғыс айтты. Одан әрі құлшынып келген ағайын қолдарына айыр, күрек, қоқыс пакетін алып жан-жаққа тарады.
Барлығы тамаша, тек аудандық музейдің айналасында, ауласында өскен арам шөптерді жұлуға көңіл бөлінсе дедік іштей. Не десе де, кіреберісте орналасқан ғимарат аудан сәні болуға лайықты емес пе?
Ақтілек Әлібекұлы
Теректі ауданы