Бүгін облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов кезекті іссапарымен Жаңақала ауданына ат басын бұрды.
Алдымен Жаңақала ауылына кіреберістегі аудандық маңызы бар автомобиль жолының жағдайымен танысты. Жолдың күрделі жөндеуіне жауапты «Ануш-Құрылыс» ЖШС-нің әлі күнге дейін жұмысын бастамағанын көрген Тілепберген Ерсайұлы: - Жаңақала халқы талапты қоя біледі, тұрғындар тарапынан көрсетілген наразылықтар орынды. Өзге аудандармен салыстырғанда жұмыс барысы өте баяу. Биыл тасқын судан біраз өңір зардап шеккені рас. Алайда Жаңақала ауданына тілсіз жаудан қатер төнген жоқ. Сондықтан еш кедергісіз жұмыс жасауға болады. Мемлекет есебінен жүзеге асырылатын әр жобаның өз заңдылығы болады. Қаражат жеткілікті, тек қол күшін жеделдету керек. Шілденің ортасы болды, нәтижелі іс көріп тұрған жоқпын. Көңілдеріңіз толмаған жағдайда жауапты мердігер компанияны сотқа беріп, айыппұл салдырыңыздар, - деді аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаевқа. Учаске меңгерушісі Ғайни Гумаров негізгі жұмыс аяқталғанын, жуық арада асфальт төсеуге кірісетіндіктерін жеткізді. Одан соң Жаңақала-Жаңақазан тас жолының тынысымен танысу үшін ауданның оңтүстік беткейіне беттеді.
Жол құрылысына жауапты «Юнисерв» ЖШС басшысының бірінші орынбасары Дархан Мәкібаев: - Жасыратыны жоқ, бекітілген кесте бойынша артта қалудамыз. Ол жөнінде жазбаша хабарланды. Себебі ауданда құмқиыршық тас қоспасы болмады. Сондай-ақ кейбір техникалар Ақтау қаласынан әкеліну тиіс болатын. Алайда су тасқынына байланысты жол қатынасы болмағандықтан дер кезінде жеткізілмеді, - деді. Оған облыс әкімінің орынбасары: - Ол сылтау емес, қоспаны дайындау үшін 3 ай уақыттарыңыз болды. 1 сәуірден бастап жұмысқа кірісіп кетулеріңіз қажет еді. Мынадай қарқынмен тас жол Мәстексай ауылына жетуі екіталай. Не десек те осы жылы 25 шақырым жол салынып бітуі тиіс - деп қысқа қайырды. Әңгімеге араласқан жаңақалалық Әлихан Досмұхамбетов: - Осыдан 3-4 жыл бұрын басталған ұлттық жоба биыл ғана іске асып, жүйелі жүріп жатыр. Бүгінгі күнге дейін бұл жолдың жұмысын бір адам келіп қадағалап, тексермеді. Тас жолмен жүру аудан тұрғындарының арманы. Сонымен қатар осы аумақтағы Қараөзен, Сарыөзен, Мұқыр көпірінің жағдайы адам аярлық күйде. Жөндеуге мұқтаж. Өз көздеріңізбен көріп, қаржы бөлуге ықпал етсеңіздер, - дей келе, қалалық меймандардан қолдау күтетінін жасырмады.
Алпамыс Жаңабайұлы Дархан Бекболатұлына күз мезгілінде су келетіндіктен асфальттау жұмыстарын Сулыкөлден асыру қажеттігін айтып, керісінше болған жағдайда ауыл халқы келген судың қайырын көре алмау мүмкін екендігін ескертті. Ұзын сөздің қысқасы, күрмеуі көп күре жолдың қызығына биылғы жылы жаңақазандықтарды былай қойып, мәстексайлықтар кенелсе, соған да разы болатын секілдіміз.
Жолсапар Мәстексай ауылында салынып жатырған фельдшерлік амбулаториялық пунктте жалғасын тапты. ФАП құрылысына жауапты мердігер "MBM CONSTRUCTION" ЖШС-нің учаске меңгерушісі Абай Сүндетов 170 миллиондай теңге жұмсалған нысанның 60-70 пайызы орындалып, тек төбесін жабу қалғандығын тілге тиек етіп, қазан айында қолданысқа берілетінін айтып өтті. Аталмыш компания құрылысты мемлекет тарапынан тиісті қаражат бөлінгенше өз есептерінен жүргізіп, пайдалануға рұқсат қағазы бар кейбір медициналық құрылғылармен қамтамасыз ететін болады. Тілепберген Ерсайұлының бүгінгі іссапар жоспарында сонымен бірге Мәстексай ауылшілік жолдарының күрделі жөндеу жұмыстарын қадағалау болатын. Алайда қаржысы бөлінген бұл жоба әлі басталған жоқ. Ауыл тұрғындары орайлы сәтте ауылішілік жолға жауапты «Ануш-Құрылыс» ЖШС-мен біраз дауласа келіп, құрылыс жұмыстары шілде айынан бастауға уәделерін алды. Республика көлемінде біраз жобаға жауапты «Юнисерв» пен «Ануш-Құрылыс» ЖШС-нен тек нәтижелі іс күтеміз.
Тілепберген Ерсайұлының Жаңақала ауданындағы жұмыс сапарының соңғы нүктесі – Жаңақазан округі болып, тұрғын үй кезегінде тұрған ауыл азаматтарына салынып жатырған қоспәтерлі үш үй мен спорт кешенінің құрылысымен танысты. Және апатты жағдайдағы "Обаға қарсы күрес станциясының" жәй-күйін бағдарлап, тиісті тапсырмалар берді.
Айзада Ақбасова,
Жаңақала ауданы