Әмбеге аян «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақалада халқымызды қазақтың ежелгі «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» қағидасын мықтап ұстануға шақырып, ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай да жаңғырудың болмайтыны баяндалған еді. Яғни бұл игі істі жүзеге асыру мақсатында қазіргі заман талабы мен мүмкіндіктеріне сәйкес назардан тыс қалған, ұмытылып бара жатқан ұлттық құндылықтарымызды насихаттаумен болашаққа жарқын жол табарымыз хақ.
Сурет: pixabay.com
Өлшемді өшірмейік
Бүгінгі таңда қазақ өлшемдері көпшілік ортада жиі қолданыла бермейді. Шын мәнінде қазақ халқында өлшем бірлікке байланысты айтылатын әдемі сөздер жеткілікті. Олардың қазіргі қолданыстағы стандартты өлшемдермен салыстырып көрейік.
Қашықтық және ұзындық өлшемдері: Бір елі – 1-1,5 см; Сынық сүйем – бас бармақ пен сұқ саусақтың екі буыны бүгілгендегі аралық, бір сүйемнің төрттен үш бөлігі 14-15 см; Сүйем – бас бармақ пен сұқ саусақты жазғандағы аралық, яғни – 17-18 см; Қарыс – бас бармақ пен ортан саусақты кергендегі аралық, яғни 20-22 см; Кез – 50 см; Аршын – шынтақтан саусақ ұшына дейінгі ұзындық, яғни 75 см; Құлаш – иық деңгейінде кере созылған екі қол ұшының аралығы немесе 1,8-2 м.
Үлкен өлшемдер: Адым – жай жүргендегі екі аяқ арасының алшақтығы 1 м; Таяқ тастам жер – тым жақын жер, яғни 10-15 м; Дауыс жететін жер – 250-300 м; Шақырым – 1 шақырым; иек астында – 4-5 шақырым; Қозыкөш жер – 5-6 шақырым; Көз ұшында – 6-7 шақырым; Тайшаптырым – 4-5 шақырым; Құнаншаптырым – 8-10 шақырым; Бір көш жер – 10-15 шақырым; Атшаптырым – 25-30 шақырым; Өте алыс жерлер – жер аяғы қиянда, жер түбі, жер мойны қашық, қиыр, ит өлген жер, ит арқасы қиянда.
Салмақ өлшемдері: 1 мысқал - 0,4 гр; 1 қадақ – 750 гр; 1 келі – 1 кг; 1 пұт – 16 кг; 1 батпан – 100 кг; 1 торсық – 6-7 литр; Бір саба – 10-15 литр.
Үлпершек
«Қонақ келсе – құт» деп білген халқымыз үйіне келген мейманына мал сойып, ақ дастарханынан дәм таттырып, айрықша ілтипат білдірген. Бүгінде атадан балаға жалғасқан салт-дәстүріміздің астарында зор тәлім жатыр.
Қазір қазақ мал сойғанда жүректі көбінесе қуырдаққа қосып жібереді. Ал ертеде жүрек ұзатылып кеткен қызға арнайы тағам дайындау үшін сақталған. Бұл арнайы тағам «үлпершек» деп аталады. Ол қазақтың ұмытылып бара жатқан ұлттық тағамының бірі.
Үлпершек төрт түлік малдың, көбінесе жылқының жүрегінен дайындалады. Бұл жүректен әзірленетін тағам, сондықтан оның мән-мағынасы да тікелей жүрекпен байланысты. Ал «үлпершек» сөзінің мағынасы қазақта жұмсақ, жеңіл деген мағынаны білдіреді.
Үлпершек – ұзатылған қыздың сыбағалы асы. Қазақ мал сойғанда жүрегін арнайы ұзатылған қызына үлпершек дайындауға сақтап қояды.
Үлпершекті ұзатылып кеткен қыз төркіндеп келгенде арнайы дайындап береді. «Қайда жүрсең де, біздің жүрегіміздесің» деп ықыластың, адалдықтың, ниеттің дұрыстығын білдіретін тағам ретінде төркіндеп келген қызға тартылған. Ал, қыз баласы мұндай құрметке лайық әдеп сақтап, сәлем салып, иіліп алған.
Мамандардың айтуынша, үлпершекті кейде жасы үлкен адамдарға да тартады.
Үлпершек дәруменге бай, құнарлы тағам. Үлпершектің адамның жүрек-қан тамыр ауруларына, бүйрек жұмысын жақсартуға, ағзадағы зат алмасу үрдісінің дұрыс жүруіне тигізер әсері мол деген де дерек бар. Жылқы күйіс қайырмайтын жануар болғандықтан, жануардың етінде холестерин мөлшері аз болады. Ет құрамы темірге бай болғандықтан, оны жеу қан аздықтан зардап шегетіндер үшін өте пайдалы.
Жарысқазан
Түсіне білген жанға мақал-мәтелдер, жөн-жоралғылар, ырым-тыйымдардың астарында үлкен мән жатыр. Сол тәмсілдер құдды бір бүгінгі күнге арналып айтылғандай. Басым көпшілігі қазіргі уақыттағы біздің әрекетімізге сай келеді. Дегенмен, ел жадынан жоғалып бара жатқан көне дәстүрлер де қаншама? Солардың бірі – жарысқазан.
Бұл ғұрып аяғы ауыр келіншектің толғағы басталған кезде жасалады. Осы күні енесі көрші-көлем, жақын-жуық әйелдерді шақырып, толғағы тез болып, бала ертерек дүниеге келсін деген ырыммен жарысқазан береді. Қазанға ет салып, жиюлы жүкті шешіп, көрпе-төсектің бәрін жазады. Бұл жоралғы келіннің тезірек босануын тілеумен байланысты. Оны әрбір өңір сан түрлі өткізген. Сондай-ақ, мерзімінен бұрын босанып қалмас үшін жүкті әйелдің етегін бүріп қойған. Сәби дүниеге келгеннен кейін ғана бүрілген етектің жібі алынған. Мұның барлығы жарысқазан дәстүріне жатады.
Жемекіл
Қазақтың ұлттық ойындары бес түрге бөлінеді. Олар: аңға байланысты, малға байланысты, түрлі заттармен ойналатын, зеректікті, ептілікті және икемділікті қажет ететін, соңғы кезде қалыптасқан ойындар. Олардың негізгілерінің өзі жүзден астам.
Бұл ойындардың көбісінің ежелден қалыптасқан арнайы өлеңдері бар. Өлеңдер ойынның эстетикалық әсерін арттырып, балалардың өлең-жырға деген ыстық ықыласын оятып, көңілін көтереді, дүниетанымын арттырып, еңбекке баулиды, ширықтырып, шынықтырады.
Жемекіл – бірнеше адам ойнайтын асық ойыны. Асықтарды жекелеп алу, шекіп ату, асықты шымырата әуелетіп жіберіп, қайта қағып алып жинастыру әдістерімен ойналады. Ойын үстінде «Жонып алдым жорға тай», «Қасып алдым қасқа тай», «Шымшып алдым шұбар тай» деген сөздер қоса айтылады.
Шидем шекпен
Ұлттық киім – бай тарихи-мәдени мұра. Қазақ халқының кимі басқа ұлттардан өзгеше өзіндік қасиетке толы. Мұның басты себебі – қазақ халқының табиғат төсінде өсіп, еркін ғұмыр кешуімен байланысты.
Шидем шекпен – түйе жүнінен тоқылған сыртқы киім. Шапан түріне жатпайды. Шекпен тек қана түйе жүнінен тоқылады. Күзеп алынған түйе жүнін шаң-тозаңынан арылтып, одан соң қолмен майдалан түтеді де, шүйке жасайды. Шүйкеленген жүнді ұршықпен иіреді. Шекпен тоқитын жіп өте жіңішке болады. Иірілген жіпті екі ағаштың арасынан ыспалап өткізіп, оның буылтықтарын кетіріп қайта өңдейді. Шекпен де терме бау тоқитын өрмекпен тоқылады. Тоқылып болған кездемені кәдімгі матадан киім пішкендей етіп өлшеп, шекпен пішеді. Шекпенді жазда киеді. Оған қара барқыттан не болмаса басқа тыстық матадан қаптал жаға (дөңгелек жалпақ жаға) салып, етек жеңін сондай матамен көмкеріп әспеттейді.
Шекпен су өткізбейді. Сондықтан ол әрі сулық, әрі жайшылықта кие беруге жарамды бес аспап киім. Су тиген сайын шекпен ширығып қалыңдай түседі. Шекпеннің тағы бір артықшылығы ол таза түйе жүнінен тоқылатындықтан аса мықты болады, ұзақ киіледі.
Самал Жолдығалиқызы
Теректі ауданы