16.07.2024, 16:45
Оқылды: 318

Тасқала ауданында қандай киелі орындар бар?

Киелі орындар – ел тарихы

Бүгінгі таңда елімізде киелі мекендерді, кең байтақ қазақ даласының беймәлім тарихын анықтап, жас толқынға насихаттау жұмысы жүргізіліп келеді. Олардың түп негізі сонау есте жоқ ерте заманнан бастау алып, бүгінгі күнге дейін жалғасады. Сондықтан Тасқала аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде жинақталған ауданның киелі жерлері туралы мәлімет топтамасын қалың оқырманға ұсынуды жөн көрдік.

Әулие бұлағы

Әулие бейіті және әулие бұлағы Семиглавый Мар ауылынан жеті шақырым жерде орналасқан. Судың емдік қасиеті бар екені ертеден белгілі. Осы суға адамдар келіп емделіп, өз ақтықтарын басына байлап, тағзым еткен. Әулие бұлағына тек ауыл тұрғындары емес, соған қоса көршілес ауылдардан және аудандардан адамдар келіп тағзым еткен.

Бұл жердің көшпенді қазақтардың мекені болғанының айғағы – ауыл сыртында тоғыз шақырымдай қашықта «Кирпичный» деген ескі орында мұсылмандар зираты көзге түседі. Мұндағы құлыптастарда 1844-1884 жылдар көрсетілген.

Бауыржан-Аяқ қонысы І Шежін өзенінің оң жағалауындағы Аяқ ауылынан солтүстікке қарай 500 метр жерде орналасқан. 2002 жылғы тамыз айының орта шенінде Орал кешенді археологиялық экспедициясы 1986 жылы Орал педагогикалық институтының археологиялық экспедициясы ашқан (Г.А.Қошаев) қола дәуірінің Бауыржан-Аяқ қонысында қазба жұмысын жүргізді. Ескерткіш – Батыс Қазақстан облысындағы қола дәуірінің тұрақ кешендерінің ішінде анықталғандарының ең ірісі. Бауыржан-Аяқ қонысы Қалмақшабын ауылынан оңтүстік батысқа қарай бес шақырым және Аяқ ауылынан солтүстік-шығысқа қарай екі шақырым жерде орналасқан. Географиялық жағынан қоныс Жалпы Сыртың жайпақ жалды дөңдерінің оңтүстік-батысына қарай, тегіс жер бедері біртіндеп оңтүстікке қарай төмендей отырып, бірте-бірте Каспий маңы ойпатына ауысатын аймақта орналасады. Табиғи ландшафт тұрғысынан алғанда, бұл аймақ далалық зонада шөлейт зонаның шекарасынан жақын жерде жатыр.

Бауыржан-Аяқ қонысының алдын ала болжанған кезеңі біздің заманымызға дейінгі ХV-ХІV ғасырларға сәйкес келеді. Бұған қосарымыз, бұл кезең қима (сруб) мәдениетінің дәуірлеген кезеңіне, оның тайпалары іс жүзінде Шығыс Еуропаның барлық далалық және орманды далалық бөлігін жаулап алған кезеңге келеді. Тек олардың шығысқа, дәлірек айтқанда, оңтүстік шығысқа қарай қаншалықты енгенін нақтылау ғана қалып тұр. Әзірге Бауыржан-Аяқ – қималықтардың (сруб) бұл бағыттағы ең шеткі елді мекені.

Мереке ауылындағы сор

Мереке ауылындағы Үлкен сор. Сор шұңқыры Каспий маңы ойпатының солтүстік шетінде, Жайықбай ауылынан батысқа қарай 13 шақырым қашықта орналасқан. Су айдынының ауданы – 3, ұзындығы – 2,5, ені – 1,2 шақырым. Үлкен сор пішіні шеңбер тәріздес болып келеді, жағасы жарқабақты, биіктігі 4-5 метрге жетеді.

Сордың бетін тұзды қабыршақтар жауып жатыр, ал оның астында балшықты қабат жайлаған. Жауын-шашынды жылдары сор шұңқырының ортаңғы бөлігі сулы болады. А.З.Петренконың (1998 ж.) мәліметінше, Үлкен сор төңірегінде өсімдіктің 79 түрі тіркелген, олардың ішінде микроксерофиттер мен мезофиттер басым. Көктем мезгілінде айналасындағы еріген қар суы сорға келіп құйылады. Сор жағалауы көктем суы әсерінен тілімделген. Солтүстік беткейі сортаң, ащы, батпақты, ойысты.

Көктемде еріген қар суы жайылымға толып, қоршап жатады. Батыс, оңтүстік, шығыс беткейлері көкбек, жусан өсімдіктері басым өскен жазықтық, әр жерде шоқ-шоқ өскен тобылғы кездеседі. Тобылғылардың биіктігі 1-1,8 метрге жетеді. Сордың оңтүстік беті тік жар, тік жарға қоныстанған жағалау қарлығаштарының ұяларын көруге болады. Шығыс беткейі жайылма, ал батыс, солтүстік беткейі көктемгі еріген су әсерінен тілімделіп, жыра түзген жерлері бар. Шілде, тамыз айларында сорға жан-жақтан адамдар келіп, ем қабылдайды. Сордың бетінде суы бар топырағын қазаншұңқыр жасап қазып, балшыққа бөкседен төмен қарай оранып отырады.

Отырып ем қабылдау 10-15 минуттан аспауы керек. Егер одан көп отырса, денсаулығы төмен, жүрегі ауыратын адамдар балшықтың әсерін көтермей қалуы мүмкін. Сор тұзы мал шаруашылығына да өте пайдалы, малдың тамаққа ынтасын ашады, қой жүнінің сапасын және мықтылығын арттырады.

ақбас әулие басындағы белгі тас

Нұрлыбай соры. Екінші Шежін – Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданындағы ауыл. Ауыл төңірегінде Бірқазан, Атамбек тұщы көлдері орналасқан. Ауыл маңында Нұрлыбай соры бар. Сор балшығының емдік қасиеті мол. Ауыл адамдары жаз мезгілінде сорға барып, балшығымен емделеді. Сордың балшығы әртүрлі тері, буын ауруына өте пайдалы.

Мерей ауылы аймағында «Ақбас әулие» деп аталатын киелі орын бар. «Ақбас» деп аталуы, бұрын сол жерге аруағы бар шашы ақ шал жерленген. Басына барған ауру адам ауруынан айығып кететін болғандықтан, қазір де сол Ақбас әулиенің аруағына сенгендер киелі жерге барып түнейді. Жергілікті Құмар деген малшыны түнде шашы ақ шал келіп оятады екен. «Тұр, малыңды ұрлайын деп жатыр» немесе «Малың шығып кетті» деп қасыма келіп тұрады» деп есіне алған ол.

«Ол жерге көлікпен барғандар Құран бағыштап оқымаса, шалғын шөбін шабуға барғандар немесе көлікпен қасынан өткен болса, көліктері сөніп, тоқтап, сынып қалады екен» деген дәлелді аңыз-әңгімелер ауыл арасында кең тараған.

84D6E451-283D-4220-9C28-10224C1E4F2D

Үлкен Ешкітау. Тасқала ауылынан солтүстікке қарай 12 шақырым қашықта ауданның ең биік нүктесі – Үлкен Ешкітау орналасқан. Оның теңіз деңгейінен биіктігі – 259 метр. Бұл тау – Жайық өзенінің оң жақ бөлігіндегі облыстың екінші биік нүктесі. Ал ең төменгі нүктесі оңтүстікке қарай Кереге қыстағының солтүстігінде 10 метрді құрайды.  Ешкітау шеберхана-тұрағы. Археологиялық жұмыстар 2005 жылға дейін жүргізілді.

Ешкітау бұлағы

Ешкітау шеберхана-тұрағында 1-1,5 метр тереңдікте жатқан кварц түріндегі құмды қашау жұмысы жүргізілген. Қазба барысында түрлі шикізат табылып, алғашқы жарқыншақтарға, нуклеус бейнесіндегі тас құралдарға сұрыптау жасалды.

Тарихты білу ең алдымен өзіңнің туған өлкеңді танудан басталады. Ал өлке тарихын жинақтап, сақтауда кітапханалардың үлесі зор.

Бақтыгүл Шотанова

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале