Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес жыл сайын әлемде жатыр мойны обырының 600 мыңға жуық жағдайы тіркеліп, ауыр дерттен 300 мың адам қайтыс болады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда жыл сайын шамамен 1 900 жаңа дерек немесе жатыр мойны обырының күн сайын бес жағдайы тіркеледі. Жыл сайын бұл дерттен 600-ден астам әйел қайтыс болады, одан әрі нақтыласақ, жатыр мойны обырынан күніне екі адам көз жұмады. Қатерлі ісік құрылымында 25-44 жас аралығындағы нәзік жандар арасындағы жатыр мойны обыры екінші орында тұр. Қазіргі кезде облыс бойынша осы диагнозбен 687 әйел диспансерлік есепке алынған. Биылғы 6 ай ішінде өңірде жатыр мойны обырының 28 дерегі тіркелді.
Еліміздегі қатерлі ісік ауруларының өсуін ескере отырып, Үкіметтің 2024 жылғы 20 ақпандағы №102 қаулысы бойынша медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында жоспарлы профилактикалық екпелер жүргізілетін аурулардың тізбесіне өзгерістер енгізілді.
Енгізілген өзгерістерді ескере отырып, республикалық бюджет қаражаты есебінен жүргізілетін жоспарлы профилактикалық екпелердің тізбесі адам папилломавирусы тудыратын ауруға қарсы егумен толықтырылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев әңгімеледі.
– Облыста ұлттық екпе күнтізбесіне енгізілген өзгерістерге сәйкес 2024 жылдың күзінен бастап 11 жастағы қыздарды адам папилломавирусына қарсы егу жоспарланған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 9-14 жас аралығындағы қыздарды вакцинациялауды ұсынады. Өйткені бұл жастағы екпе ауру қоздырғышына қарсы иммунитетті қалыптастыру үшін табиғи қорғаныс тетіктерінің белсенділігін арттырып, ауру қаупін азайтады. Екпе 2 мәрте, арасына 6 ай үзіліс салып, егіледі. Қарсы көрсетілімдері болмаған жағдайда, дәрігердің тексеруінен кейін ата-анасының немесе қамқоршысының келісімімен тегін жүргізіледі. Адам папилломавирусына қарсы вакцинаның құрамында тірі вирустар жоқ, ағзаға түскенде иммунитетті белсендіретін жекелеген вирус ақуыздары ғана бар. Мұндай екпе әйелдердің репродуктивті денсаулығына ықпал етпейді және бедеулікке соқтырмайды, – деді Нұрлыбек Ермекұлы.
Адам папилломавирусы – түрлі ағзаларының тері мен шырышты қабаттарын зақымдайтын вирус. Кейбір жағдайда инфекция папилломалардың (сүйел тәрізді өсінділер) пайда болуына әкеледі. Бұл вирус ауру жұқтырған адаммен тікелей байланыста тері, шырышты қабаттар немесе дене сұйықтықтары арқылы беріледі. Соның ішінде:
– тұрмыстық байланыс – қол алысу, сүйісу немесе терінің зақымдануы арқылы жұғуы мүмкін. Вирус ылғалды ортада тез таралады, сондықтан қоғамдық орындарда – сауналарға, ванналарға, спорт залдарына, дәретханаларға, бассейндерге барған кезде жұқтыру қаупі жоғары болуы ықтимал;
– жыныстық – онкогенді вирус түрлері, жыныстық жолмен берілсе, жыныс мүшелерінде орналасқан жыныс сүйелдерін тудырады;
– вертикальды, яғни вирус анадан балаға босану кезінде беріледі. Нәрестелерде сүйелдер көбінесе аузында немесе терісінде пайда болады.
Жатыр мойны обыры әйелдердің өміріне қауіп төндіреді, тіпті ерте кезеңде анықталса да, емделуі қиын, өлімге әкелуі мүмкін. Адам папилломавирусына қарсы профилактикалық екпе қатерлі ісіктің дамуын болдырмауға көмектеседі. Ондай екпені әлемдегі 135 мемлекет өзінің ұлттық егу күнтізбесіне енгізген. Мысалға, көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Армения, Грузия, Молдова сияқты елдерде кеселдің алдын алу үшін екпе қолданылады. Бұл оның тиімді екендігін білдіреді.
– Ел аумағында 6, 11, 16 және 18 типті адам папилломавирусынан қорғанысты қамтитын Америка Құрама Штаттарында өндіріліп, тіркелген төрт валентті «Гардасил» вакцинасы қолданылады деп жоспарланған. Адам папилломавирусына қарсы арнайы ем жоқ екенін естен шығармаңыздар. Жатыр мойны обырының алдын алудың ең тиімді әдісі адам папилломавирусына қарсы екпе еккенін атап өткім келеді. Сондықтан маман ретінде ата-аналарға екпе алу туралы дұрыс шешім қабылдауға кеңес беремін. Екпе қыздарымызды жатыр мойны обырының обып кетуінен сақтайды. Екпе алу – ағзаны аурулардан қорғаудың ең тиімді алдын алу әдістерінің бірі. Обыр ауруларының ішінде жатыр мойны сырқаты алдын алуға болатын бірден-бір дерт, сондықтан бұл мүмкіндікті пайдаланған жөн, – деді Нұрлыбек Ермекұлы.
Гүлбаршын Дыбысқалиқызы
zhaikpress.kz