Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің жетекшілігімен өткен аппарат кеңесінде жаз мезгілінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. Соңғы уақытта өңірде балалардың қатысуымен болған қайғылы жағдайлардың саны артқан. Мәселен, былтыр кәмелетке толмаған 4 бала суға кеткен болса, биыл жазда 5 бала суға батқан.
– Облыста балалардың суға кетуі, терезеден құлауы жиілеп кетті. Сондай-ақ жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен балалардың саны биыл 3,5 есе, жарақаттанғандар саны 3,8 есе өсіп отыр. Осыған байланысты барлық құзырлы мекемелермен бірлесіп, шұғыл түрде тиісті шараларды қабылдауымыз қажет. Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі менің жеке бақылауымда болады. Құзырлы мемлекеттік мекемелер балаларды қауіптен барынша қорғауы тиіс. Ата-аналар да шетте қалмауы қажет. Барлық ата-ананы перзенттерінің қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамауға шақырамын. Полиция және төтенше жағдайлар департаменті әр факті бойынша тергеу жүргізсін, – деді Нариман Төреғалиұлы.
Осыдан соң құзырлы мекеме басшылары мен өкілдеріне сөз берді.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Қанат Қарабалаевтың мәліметінше, жыл басынан бері өңірде 8 бала терезеден құлаған. Олардың бәрі де үлкендердің қарауынсыз қалған. Қайғылы оқиғаның салдарынан бір сәби көз жұмыпты. Қазір бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ведомство өкілі балалардың қауіпсіздігін сақтауға қатысты жадынамалар таратып, рейдтер өткізіліп жатқанын айтты. «Әлеуметтік осал топтағы отбасылардың үйлеріне 21 дана терезе бұғаттағыш қон-дырылды. Бұл жұмысты тек төтенше жағдайлар департаменті жүргізуде. Алайда бұған әкімдіктердің де атса-лысып, тиісті шаралар қабылдауларын сұраймыз. Бүгінгі таңда республикада көпқабатты ғимараттарда үгіт-насихат акциясы өтуде. Үйлердің есіктеріне «Ашық терезе – бала үшін қауіпті» деген жазумен плакаттар орнатылуда. Осы орайда, құрылысқа жауапты мемлекеттік құрылымдардан көпқабатты тұрғын үйлер салғанда міндетті түрде терезе бұғаттағыштарды немесе темір торларды орнатуды сұраймыз», – деді Қанат Қарабалаев.
Облыста жаз мезгілінде суға шомылатын 31 жағажай бекітілген. ТЖД-ның 10 мобильді сүңгуір тобы күн сайын су айдындарының қауіпті және жабдықталмаған учаскелерінде патрульде жүр. Төтеншеліктер мен полиция қызметкерлері жыл басынан бері 657 рейд жүргізген. Соның нәтижесінде қауіпсіздік қағидаларын бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 412-бабына сәйкес 8 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Салынған айыппұл соммасы – 103 376 теңге.
Құтқарушылар патруль кезінде суға батып бара жатқан 8 адамды құтқарыпты. Десе де, қауіпсіздік шараларына қарамастан су айдындарында 6 адам қаза болған. Олардың 4-еуі – бала. «Резонанс тудырған жағдайға тоқталатын болсақ, Ақжайық ауданында шілденің 11 күні, сағат 16:00-де 12-13 жастағы 3 қыз бала суға түсуге тыйым салынған жерде шомылған. Олардың қасын-да біреуінің әкесі болған. Ер адам балаларды қараусыз қалдырып, жеке ісімен ауылға кетіп қалған. Соңынан бүлдіршіндерді қарауға өзінің баласын жіберген кезде өзен жағасында олардың тек киімдері жатқан. Құтқарушылар қыз балалардың денелерін судан шығарды. Қайғылы жағдай болмас үшін ата-аналардан балаларды қараусыз қалдырмауды сұраймыз», – деді Қанат Мәлікайдарұлы.
«Балалардың қауіпсіздігі үшін барлық шараны қолға алып жатырмыз дейсіздер. Бірақ терезеден құлау дерегі неге азаймай отыр?» деген облыс әкімінің сұрағына департамент өкілі: «Бұған ең алдымен ата-аналардың балаларды қараусыз қалдыруы себеп болып отыр. Күн ыстықта терезелерін ашып қояды», – деп жауап берді.
Өңір басшысы аталған мәселеге қатысты Орал қаласы әкімшілігімен және құрылыс басқармасымен бірлесіп, салынып жатқан үйлерге тексеріс жүргізуді тапсырды. Себебі барлық үйдің терезесінде бұғаттағыштар болуы тиіс. Аймақ басшысы: «Былтырмен салыстырғанда биыл балалардың суға кету деректері өскенін айтып отырсыз. Қаншама тиісті профилактикалық шаралар өткізіп, түсіндіріп жатсыздар. Суға шомылатын жерлерді белгілепсіздер. Жағажайларды жабдықтадық дейсіздер. Алайда балалардың суға кетуі азаймай отыр. Оған не себеп?», – деп сұрады.
Қанат Қарабалаевтың айтуынша, суға кеткен балалардың барлығы рұқсат етілмеген жерлерде шомылған. Ол жерлерде суға шомылуға болмайды деген белгілер орнатылыпты. Өңір басшысы бұл бағытта жұмысты күшейтуді тапсырды. Орал қаласы әкімінің орынбасары Арсен Ғұбашев те балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмысты баяндады.
«Деркөл кентінде болған қайғылы оқиға суға шомылуға рұқсат етілмеген жерде болған. Су сорғыш қондырғысын сол жердегі «Родничок» деген саяжай тұрғындары орнатқан. Рұқсат қағаздарын алып, арнайы белгі қойып, сыммен қоршаған. Балаларға бұл жерде суға шомы-луға болмайтыны ескертілген. Алайда соған қарамастан балалар суға түсіп, бір бала қаза болды», – деді Арсен Ғұбашев.
Нариман Төреғалиұлы қала әкімдігіне құзырлы мекемелермен бірлесіп, саяжайлардағы су сорғылардың қоршалған-қоршалмағанын, фильтрі бар-жоғын тексеруді тапсырды. Осы ретте Ақжайық ауданында кәмелетке толмаған үш баланың суға кеткен дерегіне тоқталған өңір басшысы аудан әкімі Мұрат Сердалинге сөз берді.
«Өкінішке орай, Мерген ауылында қайғылы жағдай болды. Қас-қағым сәтте болған оқиға. Оқушылар жазғы демалысқа шығар кезде аудан мектептерінде ата-аналар қауіпсіздік шараларымен таныстырылды», – деген аудан әкімі ауданда қауіпсіздік шаралары қолға алынғанын айтты.
Өңір басшысы әкімнен аудан орталығы мен ауылдық округтерде суға түсуге арналған қанша орын дайындалғанын сұрады. «Төтенше жағдайлар министрлігінің бұйрығына сәйкес жағажай жабдықтау үшін су ағысының қалыпты жылдамдығы секундына 0,5 метрдан аспауы керек. Ал қазір Жайық өзені ағысының жылдамдығы секундына 2 метрден жоғары. Сондықтан жағажайға қолайлы басқа өзен-көл болмағандықтан, суға шомылатын жерлер ұйымдастырылған жоқ», – деді аудан әкімі.
Облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы Жайыққа түсу қауіпті болса, ең болмаса, үлкен ауылдық округтерде бассейндер ұйым-дастыру қажет екенін айтты. Сонымен бірге төтенше жағдайлар департаментіне ауыл әкімдерімен, қоғамдық ұйым өкілдерімен бірлесіп, өзен-көл жағаларында кезекшілікті күшейтуді тапсырды. Әсіресе, су жағасында орналасқан аудан-ауылдар басты назарда болуы тиіс.
Облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Арман Оразалиев өңірде жол апаты азаймай тұрғанын айтты. Кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғалары 3,5 есеге (34-тен 118-ге), онда қайтыс болғандар 4,5 есеге (2-ден 9-ға) және жарақаттанғандар саны 3,8 есеге (36-дан 137-ге) өскен. Балалардың кінәсінен 17 ЖКО тіркеліп, 3-еуі мерт болса, 19 жасөспірім дене жарақаттарын алған. Жол-көлік оқиғаларының басым көпшілігі Орал қаласында, Бәйтерек, Бөрлі, Ақжайық және Теректі аудандарында болған.
Жол-көлік оқиғалары салдарынан жол бойында жүрген 53, көлік ішінде отырған 39 бала зардап шеккен. Одан бөлек 13 бала мопед және басқа да мото құралдар, 3-еуі электрмопед, 3-еуі көлік, 1-еуі мотоцикл жүргізгенде және 6-ауы велосипед айдағанда ЖКО-ға себеп болған.
«Кейбір ата-аналардың перзенттерінің немен айналысатынын қадағаламайтыны белгілі. Мысалы, үш жол-көлік оқиғасы балалардың көлік жүргізуінің кесірінен болды. Бірінде, облыс орталығында жаяу жүргіншіні қағып кетсе, екіншісінде, Бөрлі АПб аумағында сәбиді басып кетті, үшіншісінде, Деркөл кентінде өзінің сы-ныптасын басып кеткен», – деп атап өтті Арман Молдиярұлы.
Өңірдің бас полицейінің айтуынша, қазіргі мәселелердің бірі – жасөспірімдердің скутер, электрмопедтер мен электрсамокаттарды басқаруы. Себебі бұл «көліктерді» тізгіндегендердің қатысуымен 53 көлік оқиғасы тіркелген. Соның ішінде жасөспірімдердің қатысуымен 13 ЖКО тіркеліп, салдарынан 1-еуі қайтыс болып, 16-сы дене жарақаттарын алған.
Бұл бағытта әкімшілік құқықбұзушылықтарға жол бергені үшін ҚР ӘҚБтК-ның 615, 620, 127-баптарына сәйкес 233 әкімшілік хаттама толтырылыпты. Арман Молдиярұлы облыс әкімінің «2023-2025 жылдарға арналған оқу орындарының жол бойындағы инфрақұрылымын дамыту» жөніндегі кешенді жоспарының тиісті деңгейде орындалмай отырғанын да тілге тиек етті. Орал қаласы мен Теректі ауданынан басқа аудандарда жұмыс мүлдем жүргізілмеген. Сондай-ақ ол мемлекеттік сатып алу конкурсының қате өткізілуіне байланысты орта білім беретін 26 мектеп бейнекамераларының жедел басқару орталығынан айырылғанын атап өтті.
Облыс әкімі Нариман Төреғалиев білім басқармасына бұл мәселені тез арада шешуді тапсырды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мадияр Өтешев салада атқарылып жатқан жұмысты баяндады. Ол балалардың денсаулығын сақтауға, жарақаттануының алдын алуға тек медицина қызметкерлері емес, мұғалімдердің, психологтардың, әлеуметтанушылардың, қала құрылысы мамандарының, ветеринарлардың, ең бастысы, ата-аналар мен балалардың өздері де назар аударуы қажет екенін айтты.
Өңір басшысы Нариман Төреғалиұлы балалардың өз-өзіне қол жұмсауын болдырмау үшін мектеп басшылары, психологтар мен ұстаздар, жалпы қоғам бірлесіп жұмыстануы қажет екенін баса айтты. Қай ауданда мұндай оқиғалардың жиі болатынын зерттеуді тапсырды. Осы ретте облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев өңірде балаларына тиісті екпе салдырмайтын ата-аналардың көп екенін алға тартты.
Негізінде, балалар 22 жұқпалы ауруға қарсы екпе алуы тиіс. Бұл жұмысқа аудан-ауыл әкімдері мен медицина ұйымдарының атсалысуын сұрады. Өңір басшысы аталған мәселені бақылауға алуды орынбасары Бақытжан Нарымбетовке тапсырды. Ал Бақытжан Хаберұлы өз кезегінде алдағы жылдан бастап барлық ауданда отбасын қолдау орталықтары ашылатынын айтты.
Кеңесте Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжанов, облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Аяжан Жүнісова күн тәртібіндегі мәселе бойынша сөз сөйледі. Кеңесті қорытындылаған облыс әкімі сала мамандарына балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті жұмысты күшейтуді тапсырды.
Ясипа Рабаева
zhaikpress.kz