Ұлттық Банк осы жолы өңірлердегі инфляциялық деректерді ұсынды. Маусымда елде жылдық инфляция бәсеңдеп, 8,4%-ды құрады (мамырда – 8,5%). 10 өңірде бәсеңдеген жылдық инфляция 9 өңірде жеделдеп, 1 өңірде өзгеріссіз қалды.
ҰБ дерегі бойынша жылдық инфляцияның ең жоғарғы мәні Қарағанды және Маңғыстау облыстарында тіркелді. Батыс Қазақстан облысында 14,6%-дан 8,4%-ға баяулады.
Маусымда азық-түлік тауарларының бағасы бір жылда 5,4%-ға дейін баяулады (мамырда – 5,5%).
Қазақстанда азық-түлік тауарлары, елде қалыптасқан деңгеймен (5,4%) салыстырғанда, Алматы қаласында (7,7%), Ақмола (7,1%), Маңғыстау (7,0%), Жетісу және Ұлытау (6,7%-дан), Солтүстік Қазақстан (6,4%), Шығыс Қазақстан (6,3%), Атырау (6,2%), Қарағанды (5,7%), Батыс Қазақстан және Жамбыл (5,5%-дан) облыстарында қымбаттады. Осы топтағы тауарлар бағасының ең жоғарғы өсімі Алматы қаласында (7,7%), ең төменгі өсім Түркістан облысында (3,2%) тіркелді.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы елдегі көрсеткіштен (жылдық мән – 7,4%) жоғары өңірлер арасында БҚО да бар. Маңғыстау (14,0%), Қарағанды және Түркістан облыстарында (9,8%-дан), Шымкент қаласында (8,5%), Батыс Қазақстан (8,4%), Ақмола (7,9%), Қызылорда (7,8%) облыстарында және Астана қаласында (7,5%) өсті. Батыстағы аймақ бойынша Маңғыстауда күрт өскені байқалады.
Маусымда ақылы қызмет бағасы бойынша жылдық инфляция 13,8%-ға дейін бәсеңдеді (мамырда – 13,9%). Павлодар облысында (18,8%) баға жалпы республикалық деңгейден біршама жоғары, ал Ұлытау облысында (8,2%) айтарлықтай төмен. Ақтөбе (17,4%) мен Атырау (15,7%) облыстарындағы баға өсімі елдегі көрсеткіштен жоғары. Ал Батыс Қазақстанда қызмет бағасы 13%-ды құрап, республикалық мәннен төмен нәтиже көрсетті.
Ел бойынша маусымдағы айлық инфляция 0,4%-ға өсті, бұл – тарихи орташа мәннен төмен (2017-2021 жылдардағы маусымда – 0,5%). Айлық инфляцияның ең жоғарғы мәні Ақмола облысында (1%) байқалды. Батыс Қазақстан облысында айлық инфляция 0,7%-ды құрады. Көршілес Атырау (0,4%) мен Ақтөбеде (0,1%) әлдеқайда төмен.
Нұртай Алтайұлы
zhaikpress.kz