Жуырда Жәнібек ауданының орталығында орналасқан музейдегі құнды жәдігерлермен таныстық. Жәнібек аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Меңдігүл Фазылованың айтуынша, Жәнібек ауылында 2001 жылы 16 желтоқсанда ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай қоғамдық негіздегі музей ашылған.
Музейдің бой көтеруіне сол кездегі аудан әкімі Максим Хасанов пен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Дәулеткерей Құсайынов қолдау көрсеткен.
– Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары ауданымызда музей ашу туралы бастама көтерілген. 1970 жылы Т. Жароков атындағы орта мектептің мұғалімі марқұм Қайыр Арыстанәлиевтің жетекшілігімен аталған білім ошағында музей ашылған. Өкінішке орай, жәдігерлер өртеніп кеткен. 1988-1989 жылдар аралығында бұл бастама қайта қолға алынып, жәдігерлер жинақталғанымен, оларды сақтайтын арнайы орынның болмауына байланысты жәдігерлердің көбі жоғалып, қолды болған. Қоғамдық негіздегі музей қоры толығып, құжаттары дайындалып, жүйеленіп, 2015 жылдың 16 қарашасында Жәнібек аудандық музей бөлімі болып рәсімделді. Музейде меңгеруші, қор сақтаушысы, экскурсия жетекшісі, зал қараушысы, техникалық қызметкер, яғни бес штаттық қызметкер жұмыс істейді. 2000 жылдан күні бүгінге дейін музей қызметкерлерінің тынымсыз еңбегінің арқасында 4832 жәдігер жинақталған. 2019 жылы 14 мамырда «Рухани қазына – 2019» II облыстық фестивалінің қорытындысы бойынша Жәнібек аудандық тарихи-өлкетану музейі «Үздік аудандық музей» аталымын жеңіп алды, – дейді Меңдігүл Ғарифоллақызы.
Музей Жәнібек ауылындағы Жеңіс көшесінде, 1987 жылы типтік үлгіде салынған №3 үйдегі аудандық балалар кітапханасы ғимаратының екінші қабатында орналасқан. Ғимараттың жалпы ауданы – 270 шаршы метр, оның ішінде музей залдары бөлмесінің жалпы ауданы – 125 шаршы метр.
– Қонақтарға Жәнібек ауданының тарихы жайлы көптеген тың мағлұмат айтылады. Ғұмар Қараштың еңбектері туралы сөз қозғалып, олардың назарына мемлекет және қоғам қайраткері Мұстақым Ықсановтың өмір жолына қатысты түпнұсқалық экспонаттар ұсынылады. Ұлы Отан соғысына Жәнібек топырағынан 3602 азамат аттанған. Музейдегі панорама залдары сұрапыл майдан жылдарынан сыр шертеді. Ғимараттың бірінші қабатын да музейге айналдыру, оны заманауи үлгіде жабдықтау жөнінде тиісті органдарға ұсыныс жасадық. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшылығы осыған байланысты бастама көтеріп, музейді дамытуға зор қолдау білдіруде, – дейді Меңдігүл Фазылова.
БҚО тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаев та осы мәселеге қатысты пікір білдірді.
– Қазіргі таңда Жәнібек аудандық музейіне Ғұмар Қараш есімін беру және ондағы экспозицияны жаңғыртып, заман талабына сай жасақтау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жәнібек аудандық тарихи-өлкетану музейі мен аудандық балалар кітапханасының бір ғимаратта орналасқанын білесіздер. Ғимараттың бірінші қабатын да музейдің балансына көшіру мақсатында жұмыстанып жатырмыз. Айта кетейік, келесі жылы Ғұмар Қараштың туғанына 150 жыл. Соған дейін осы мәселелер шешіледі деген ойдамыз, – деді Мирболат Бижанұлы.
Мәрлен Ғилымхан
Жәнібек ауданы