23.07.2024, 15:00
Оқылды: 124

Мал дәрігеріне арналған қандай мобильді қосымшалар бар?

Бүгінде ветеринария саласында да қолданыстағы ақпараттық жүйелер негізінде бірнеше жаңа модуль мен мобильді қосымша іске қосылған. Облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Абзал Бралиев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте саланы цифрландыру барысымен таныстырды.

C585AA91-1FFF-45F5-B040-D9AA4E52BED7

Мобильді қосымшалар  ветеринария мамандарының қызметін жеңілдетуге, уақыт шығынын қысқартып, қағазбастылықтан арылтуға және деректерді автоматты түрде қалыптастыруға бағытталған. Мәселен, мал дәрігерлеріне арналған «ISZH-MOBILE» мобильдік қосымшасын алайық. Бұл – осы мамандардың күнделікті компьютермен жұмыс істейтін «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» дерекқорының планшет, смартфон сияқты мобильді құрылғыларға арналып жасалған бағдарламалық нұсқасы.

Қосымша 2022 жылдың қазанында пилоттық жоба ретінде БҚО-да іске қосылған. Алғаш рет  Ақжайық, Бәйтерек  және Теректі аудандарының    мал дәрігерлері қолдана бастаған. Мобильді қосымшамен онлайн да, офлайн да жұмыс істеуге болады. Ветеринарлар «ISZH-MOBILE» арқылы өзіне қажетті шаруашылық жануарларының деректерін алдын ала жүктеп алып, интернет байланысынан тыс жердегі мал қыстақтарында пайдалана алады.

Ветеринария мамандары үшін келесі жаңадан енгізілген цифрлық бағдарлама – «VetLab» модулі. Бұл модуль ауыл шаруашылығы жануарларының ауруларын диагностикалауға, осы зерттеулер бойынша ақпараттарды жинауға, беруге және талдауға арналған. Ветеринариялық ілеспе құжаттар зертханаға электрондық түрде жолданады және зерттеу нәтижелері де электрондық нысанда беріледі. Барлық мәліметтер дерекқорға аутоматты  түрде  енгізіледі.

Сонымен қатар былтыр «Етті ветеринариялық-санитариялық сараптау» модулі әзірленген. Модуль ет өңдеу кәсіпорындарында,сою пункттері мен сою алаңдарында және ішкі сауда нысандарында ветеринариялық-санитариялық сараптама нәтижелерінің актісін (сынақ хаттамасын) беруді аутоматтандыруға бағытталған. Ол малды ветеринариялық тексерусіз және сойғаннан кейін ветеринариялық-санитариялық сараптамасыз өткізуге жол бермейді.

– Біздің облыс бұл қанатқақты жобаға биыл қосылды. Бүгінгі таңда өңірдегі 38 мал сою нысаны, 5 ішкі сауда нысаны және 33 ветеринариялық сараптау зертханасы «Етті ветеринариялық-санитариялық сараптау» модулі бойынша жұмыс істейді. 8754 ветеринариялық сараптама актісі берілді. Бұл салада мал өсіріп отырған азаматтарға да арналған электрондық қосымшалар қолданысқа енгізілді. Былтырдан бастап  «TortTulik» мобильді қосымшасы іске қосылды. Ауыл шаруашылығы жануарларының иелері аталған қосымшаны ұялы телефондарына PlayMarket платформасы арқылы тегін жүктеп алады. Осылайша өзінің меншігіндегі ауыл шаруашылығы жануарларының тіркелімі мен деректерін, олардың ветеринариялық іс-шаралар мәліметтерін қарай алады. Сонымен қатар төлдерді тіркеуге қоюға, сойылған-сатылған малдарын тіркеуден шығаруға өтінім бере алады. Ветеринариялық паспорт алуға және дерекқордағы мал мен оның иелері туралы мәліметтерді түзетуге болады.  Облыста 1724 адам «TortTulik» мобильді қосымшасын қолданып отыр.  Әрине, ветеринария саласын цифрландыру қиындықсыз, жеңіл жүріп жатыр деуге болмайды. Аталған модульдер мен мобильді қосымшалар жаңадан енгізілгендіктен, әлі де түзетіп, жетілдіретін тұстары бар. Оларды қолдану  барысында қиындықтар да кездесуде. Бірақ  бұл мәселелер уақытша ғана, алдағы уақытта шешімін табады деп сенеміз, – деді Абзал Серікұлы.

Ясипа Рабаева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале