24.07.2024, 9:00
Оқылды: 263

«Қаладан – ауылға» немесе қаладан Успеновке дейін

Мемлекет басшысы ұлттың алтын бесігі ауылдарды дамыту жобаларын алғашқы күндерден бастап-ақ қолға алған еді. Өзінің жаңа президенттік мерзімдегі ең бірінші Жарлығы да ауылға арналған болатын.

0F4A145D-A880-4732-AB6E-AA7430E08554

Алғашқы күні-ақ Қазақстанның ауылдық аймақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы Жарлыққа қол қоюы да осының дәлелі.

«Мен сайлауалды сөздерімде ауылды өркендету ісіне баса назар аудардым. Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызы ауылда тұрады. «Ауыл – ел бесігі»  деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын. Сол үшін мен бүгін ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоямын. Осы құжат арқылы Үкіметке ауылды дамытудың бес жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Үкімет ауылды дамытуға арналған барлық жобаны жүйелі түрде реттеп, жинақтауы тиіс. Содан кейін мақсатты түрде тиімді жұмыс жүргіземіз» - деген еді Қ.Тоқаев.

Бүгінде ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көтеруге,  тұрмыстық жағдайларын түзеуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар баршылық.

Олар «Дипломмен – ауылға», «Ауыл Аманаты»,  «Ауыл – ел бесігі», «Бірінші жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», «Күміс жас» жобалары.

Сонымен бірге ауылға барып тұрамын деушілерге жағдай жасау, әсіресе мамандардың ауылға келіп жұмыс жасауына мүмкіндік беру арқылы ауылдың әлеуетін арттыруға тырысатын бағдарламаларға басымдық берілуде. Солардың бірі «Қаладан – ауылға» жобасы.

79D2BDDE-B83F-4D47-8E6D-A16BD7F88FB1

«Қаладан – aуылға» жобасы

Бағдарламаның негізгі мақсаты – алтын бесік – ауылдардың жойылып кетпеуіне күш салу.  Ауылдарды сақтап қалумен бірге ата кәсібімізді де сақтап қалу. Ол үшін көші-қон үдерісін азайту. Сөйтіп ауылда тұрғысы келетін азаматтарды ынталандыру арқылы ауылдық жерде жұмыс күшінің тапшылығын жою. Агроөнеркәсіп кешендерін тұрақты түрде жас мамандармен толықтыру, шағын және орта бизнес нысандарын көбейту. Ал ең бастысы, жас отбасылардың әлеуметтік мәселелерін шешіп, олардың ауылда тұрақтап қалулары үшін жағдай туғызу.  Ауыл – ұлттың тамыры. Бүгінгі таңда ауылдарға, ауыл тұрғындарына, онда көшіп барамын деушілерге жасалып жатқан барлық жағдай, бар мүмкіндік болашақта ел сол тамырынан ажырамау үшін жасалуда.

Қанатқақты жоба біздің облыста

Қазір облысымызда қала халқының саны 56,5 пайыз, ал ауыл халқының саны 43,5 пайызды құрайды деген мәлімет бар. Біздің өңірдің барлық ауылдарында газ мәселесі шешілген, ауыз су да бар. Ауыл тұрғындарының санын көбейту үшін жолдарды жөндеу мәселесі күн тәртібінде тұр. Биылдың өзінде 57 ауылға жол тартылмақшы екен. Батыс Қазақстан облысында биыл қанатқақты басталған «Қаладан – ауылға» жобасы аясында жаңадан 313 үй салынбақ. Ал осы үш жылдық жоба аясында қаладан ауылдарға көшіп барған азаматтарға 1 146 тұрғын үй сатып алынады деп жоспарланған. Өйткені бүгінгі таңда ауылдарда 1 600-дей үй бос тұр деген мәлімет бар екен.  Сондай-ақ межеленген уақыт ішінде 48 мектеп, 126 денсаулық сақтау мекемесі, 44 мәдениет нысаны, 44 спорт нысаны салынатын болады. Жоба бойынша ауылға 120 отбасы көшіп барады деп жоспарланған. Ал ауылдық мекендерде жаңадан 16,4 мың жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

F59537EF-85E2-4C7E-A290-481E1BBFD74E

Кешегі Успенов ауылы

Бұл жоба үшін аудан ауылдарының ішінен Успенов ауылы таңдалып алынған. Аз-кем тарихқа шегініс жасасақ, Успенов ауылының іргесі 1905 жылы қаланған. Әуелде, Ресейден, Украинадан қоныс аударғандар осы жерге орнығып, атын да «Березовский» деп солар қойған деседі. Кейін «Интернационал», «Чапаев» болып қайта-қайта өзгергенімен, кейіннен «Березовтың» совхозы атын қайтарып алған. Қайтарып алып қана қоймай, тың игеру жылдарында «миллионер» колхоз атанған.

Облыстағы алдыңғы қатарлы шаруашылықтар қатарында болған  кеңшардың 50 мың гектар жері, 10 мыңға жуық ірі қарасы болған. Жыл сайын ет пен сүттен, астық пен мал өнімдерінен жоспарды асыра орындап, шаруашылық «Халықтар достығы» орденімен марапатталған.

Осы бір ғана шаруашылықтан еселі еңбектері үшін 7 адам кеуделеріне Ленин орденін таққан. Ал ұжымшарды «Октябрь революциясы» орденімен, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен екі мәрте марапатталған, мал шаруашылығы бойынша кандидаттық диссертация қорғаған елге белгілі тұлға Федор Скобычкин басқарған жылдардың бірінде, нақтырақ айтқанда 1976 жылы осы ауылдың балалар бақшасы бүкіл Кеңестер Одағы бойынша екінші орынды жеңіп алған екен.

Бүгінгі Успенов ауылы

Аталған ауылдың осы жобаға таңдалуының ең басты себебі осындай жанға жайлы, тұрмысқа қолайлы, кешегі Кеңестер Одағына еңбек ерлерімен танымал болған  ауылда адам санының күрт азаюы. Адам санымен бірге бала санының азаятыны да заңды. Бала санының азаюына байланысты негізгі мектептің бастауыш мектепке айналу қаупі бар. Өйткені 2011 жылы осы ауылда 867 тұрғын болған. Успенов ауылдық округінің орталығы болып саналатын ауылда қазіргі халық саны 288 адам. Оның ішіндегі бала саны – 73 қана.  Бүгінгі таңда 260 оқушыға арналған типтік жобадағы мектепте 43 оқушы ғана білім алуда.

Сонымен қатар шекара маңында орналасқан ауылды дамытудың да стратегиялық маңызы бар екені белгілі. Аталған ауылда қазақтармен бірге орыс, украин, тағы басқа да түрлі ұлт өкілдері бауырласа мекендеген еңбеккер ел тұрады.  Оның дәлелі бұл ауылда АСП алатындар мүлде жоқ. Ауыл шаруашылығымен, мал шаруашылығымен айналысатын 5 ЖШС, 3 жеке шаруашылық өз кәсібімен айналысуда. Ауылдың табиғаты, климаты  мал, құс, бау-бақша шаруашылығына өте қолайлы екені де назар аудартып отыр. «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» демекші, өзен жағасында орналасқан ауылдың тұрмысы  қашанда оңды болған. Аталмыш бағдарлама бойынша жер учаскелерін беру, жастарға шағын несие беру мүмкіндігі мол. Қазіргі таңда бос жұмыс орындары да Успенов ауылында көбірек.

Инвестициялық өз жобасы бар ауылға 2023 жылы  2 отбасы Ақсай қаласынан көшіп барған.

– Биылғы жылы бұл үрдіс жалғасын табады деп сенеміз. Қазіргі таңда ауылға көшіп келемін деушілерге арналған екі пәтерлі 8 үй салынып жатыр. Іргетастары құйылды. Соның ішінде 2 пәтерлі үш тұрғын үй облыстық бюджет есебінен әлеуметтік осал топтар санатына жататындарға арналған. Биылғы жылы жоспар бойынша 10 отбасы, соның ішінде жас отбасыларды көшіріп апару жоспарланып отыр. Дәл қазіргі таңда 3 отбасы көшіп баруға ниеттеніп отыр. Олардың  2-еуі өз кәсібін ашуға құлшыныс білдіріп, өз жоспарын да жасап қойды. Үй біткенше тағы да қосылар деп ойлаймыз. Көшіп келушілер  осы үйлерге орналастырылады және түрлі мемлекеттік бағдарламаларға қатысу кезінде басымдылық осы жаңа қоныстанушыларға беріледі. Ал үйлердің бүкіл жағдайы жасалған стандартты болады. Ең басты шарт көшіп келушілер Орал қаласынан не Ақсай қаласынан болуы керек. Басқа ауылдардан көшемін деушілерге бұл жоба сәйкес келмейді. Атының өзі айтып тұрғандай, тек қаладан қоныс аударғандар болуы керек. Сосын алғашқыда арендалық үй болатынын да айта кетейін. Қалай айтқанда да осы жобадан үмітіміз зор, - дейді ауыл әкімі Дотан Исқалиев.

Яғни, кешегі «миллионер» ұжымшар, еңбекпен аты шыққан Успенов ауылы жігерлі жастарды күтеді.

Дариға Нұрашова

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале