Білім ордасындағы мұражай – оқушылардың жүрегіне ізгілік ұялататын, патриотизмге тәрбиелейтін, сезімін оятып, зеректігін арттыратын үлкен тәрбие құралы. Күнімді осы мақсаттарды жүзеге асыра білген Ақсай қаласының нөмірі 1-ші жалпы орта білім беретін мектебінің «Ғылыми тарихи өлкетану» мұражайына арнадым.
Қазір кітапхана мен мұражайға баратындар көп емес. Өзімді рухани тұрғыда дамыту және газетке мұражайдың жұмысы жөнінде мақала жазу мақсатым еді. Хош, сонымен мұражайдың негізі 2020 жылдың 14 желтоқсан күні қаланған. Жалпы аумағы 36 ш.м. Жетекшісі – Л. Избасова. Мұражайды құруға, алғашқы кезде оның жұмысын жүргізуге мектептің тарихы мен оқу-тәрбие қызметін баяндайтын, осы мектепке еңбек еткен барлық ұстаздар мен мектеп оқушылары, ата-аналар зор үлестерін қосқан.
Мұражайдағы көне жәдігерлердің барлығын ұжым болып жинақтаған. Мұражай жалпы 7 экспозиция бөлімінен тұрады.
Онда алғаш назарымызды аударған жәдігердің бірі – құрқылтайдың ұясы. Оны арнайы экспонат ретінде қала тұрғыны, көпбалалы әке, белсенді спортшы, ата-ана Абыл Жолдыбайұлы табыстаған.
Қазір көпшілік дәрі-дәрмектен гөрі табиғи ем түрін дұрыс көреді. Соның ішінде ата-бабаларымыз ежелден емге қолданған тәсілдерге деген қызығушылық басым екені рас. Қала тұрғыны экспонатты мұражай жетекшісіне табыстау кезінде мынадай қызықты ақпаратпен бөлісіпті:
«Атам кезінде құрқылтайдың ұясымен талай адамды аурудан дәрісіз-ақ емдеп жазғанын білемін. Тіпті қазір дәрігерлер операция жасатпаса болмайды дейтін кеселдердің өзі осындай 1-2 емнен кейін жазылып кететінін көріп өстім. Құрқылтай – қасиетті құс. Атам ұяны балапандары қанаттанып, ұшқан кезде, күзде ғана жинайтын. Ұя 6-7 метр биіктеу жерде болады. Атам ат үстінде ерге аяғын тіреп тік тұрады да, мені көтереді. Қолыма ұзын таяқ беріп қояды. Мен ұяны сол таяқпен іліп алатынмын. Бұл менің шамамен 7-8 жастағы кезім. Құрқылтайдың ұясы ең алдымен бүйрек ауруына ем. Ауыл аймақтағы бүйрегі суықтап-сыздаған адамдар дәрігерге емес, атама келетіні есімде. Құрқылтай ұясы бүлінбейді, иістенбейді. Сондықтан бүйрек суықтағанда оны қайтадан қолдана беруге болады. Одан бөлек құрқылтай ұясы 80 түрлі ауруға ем», - дейді ол.
Осылай құрқылтай ұясының көптеген қасиеттерін ашып көрсеткен ауыл тұрғыны мектеп мұражайына оны ерекше экспонат ретінде табыстаған.
Біз кезіктірген тағы бір құнды жәдігер – 19 ғасырда жасалған ағаш келі. Келі – қазақ халқының дәнді дақылдары бидай, тары, арпа, бұршақтарды қауызынан арылтып, ақтап қызылдайтын, тарыны қаралайтын, қатты заттарды түйгіштеп, түйіп ұнтақтайтын тұрмыстық, отбасылық дәнді дақылдарға қолданатын, өз қолдарынан жасап алған ыдыс құралы. Мектеп мұражайына бұл жәдігерді Жаңаталап ауылының тұрғындары «Алиевтер» отбасы сыйға тартқан. Алиев Масен мен Алиева Асима сонау жылдардан бері пайдаланған.
Мұражайға балалары, 7 сынып оқушысы Масен Мұқат сыйға берген. Әулеттің үлкендері отбасылық жәдігерді мектеп мұражайында сақталғанын жөн көрген. Мұражайдың ең көне және құнды жәдігері ретінде ғылыми паспортқа тіркелген. Осы отбасыда бұл келі сонау жылдардан бері сақталған. Оның сақталу сыры – бұл келіні көп жылға шыдау үшін, тандыр пісіретін тонарды әбден қыздырып алып, оның ішіндегі ыстық қозға қақтап, келінің іші-сыртына қойдың құйрық майын сіңіріп жағып, берік етіп жасаған. Негізінен келі бүгінгі таңда қолданыстан қалып қойған қазақтың көзіндей көне жәдігер деуге болады. Оны тек өлкетану мұражайларынан ғана көріп жүрміз. Алыс шетелде тұратын, ауылды жерде көшпенді өмір сүріп жатқан қазақтарда, келі әлі де қолданыста бар бұйым.
Мұражай төріндегі тағы бір ерекше жәдігер – тігін мәшинесі. Ардагер ұстаз, осы мектепте көп жылдар орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі болып қызмет атқарған Темиршина Шолпан сыйға тартқан. Шолпан апайдың анасы Ақпаева Тұрсын пайдаланған екен. Кеңес өкіметі байларды қудалаған заманда Бержан ата отбасымен Ресей жаққа өткен, сол жақта заводта еңбек еткен.
Жалғыз қызы Тұрсынның қолының шеберлігі мен іскерлік қабілетін байқап, өткен ғасырдың 30-жылдары осы тігін мәшинесін сатып әперген. Тұрсын анамыз құрақтан көрпе құрап, ою ойып, киім тігіп ауыл-аймақтың алғысына бөленген жан екен. Темиршина Шолпан анасының көзіндей болған тігін мәшинесін алғашқылардың бірі болып мектеп мұражайына сыйға берген.
Біздің бай қазынамыздың бірі де, бірегейі – мұражай қоры. Мұражай – халықтың тұрмыс-салтының, мәдениеті мен тарихының, әдебиеті мен руханиятының шырақшысы, дәстүр діңгегі. Мұндағы құнды жәдігерлер өскелең ұрпақтың тарихын терең тануына септігін тигізеді. Бүгінгі күн – ертеңгі тарих. Ал қатпарлы тарих бетінде таңбаланған ғасырлар қойнауы ғажайыпқа толы кешегі күннің куәсі. Халқымыздың асыл мұраларын көздің қарашығындай қастерлеп, келешек ұрапаққа аманаттау жолында ғылыми тарихи өлкетану мұражайының орны ерекше.
Мұражайға келген әрбір адамның көкірегін түрлі сауал тербеп тұрады. Сонау ғасырлар қойнауынан инемен құдық қазғандай әрбір жәдігерді көз майын тауысып зерттеп-зерделеп, мұражай төріне табыстау үлкен еңбекті қажет ететіні хақ.
Гүлсезім Сүйеуғалиева
Бөрлі ауданы