Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің археологтары Алматы облысы аумағындағы сақ-үйсін кезеңіндегі елді мекендерді зерттеп, ежелгі қоныстардағы бірнеше тұрғын үйдің орнын анықтады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Сурет: Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі
Ғылыми-зерттеу экспедициясы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті ұсынған «Қазақстанның оңтүстік-шығыс және шығыс аймақтарының (Шу-Іле ауданы, Тарбағатай және Алакөл алабы) мәдени мұрасын пәнаралық (археологиялық және тарихи-этнографиялық) зерттеу» жобасы аясында іске асырылды.
Жоба жетекшісі – PhD доктор Ринат Жұматаев. Сонымен қатар АҚШ археолог-ғалымы, профессор Клаудиа Чангтың (Claudia Chang) жетекшілігімен Белбұлақ қонысы зерттелді. Қоныс үйсін дәуіріне жатады. Биылғы далалық маусымда анықталған тұрғын үйлердің орындарын зерттеу нәтижесінде керамика сынықтары мен әртүрлі жануарлардың сүйектері табылды. Пәнаралық зерттеу үшін арнайы сынама-үлгілер алынды.