Қолөнер халық өмірімен, тұрмысымен бірге жетіліп, біте қайнасып келе жатыр. Сан алуан әсемдігі мен өрнегі тұрмысқа мән беруімен адамдарға рухани ләззат әкеледі. «Шебердің қолы ортақ» деген мақал ел ішінде бекер айтылмаса керек. Нағыз шеберлікке жету үшін табандылық, іскерлік, талғампаздық пен білім қажет.
Иә, шеті мен шегіне жетуі қиын тақырыптың бірі де бірегейі – дәл осы нағыз еңбекпен дайындалатын қолөнершілердің туындылары. Өйткені «әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген мақалға сай, анадан балаға, әжеден немереге үлгі болып қалыптасқан үлгілі мұра десек, келісімді шығар. Дәл бүгінгі кейіпкеріміз де бала кезінен нағашы әжесінен тәлім алып, бой түзеп, тоқыма тоқу мен жіп иірудің қыр-сырын жетік меңгерген Салтанат Мұханбетқызы.
Қазіргі таңда қазақ әйелдерінің алтын тәжі саналатын, киелі бас киім – көз тартарлық кимешекті өз қолымен дайындап, сатылымға шығарып жүр. Салтанат Өтегенова аудандық ауруханада 36 жыл медбике қызметін атқарып келе жатқан 2 қыз, 1 ұл тәрбиелеп, өсірген үлгілі ана, аяулы әже.
Жұмыстан тыс уақытында бос отырмай, тоқыма тоқып, қолөнермен айналысуды жаны сүйеді. Сайып келгенде сүйікті ісін кәсібіне айналдырған жомарт жан. Осы кезге дейін Салтанат апайдың тек кимешекті емес, күздік бас киім сияқты түрлі тоқымадан дайындалған киім-кешектерге тапсырыс алып жүргенін де құлағымыз шалған болатын. Бірақ кимешек десе жүрек елжіремей қоймасы анық. Әрине, қазіргі таңда кимешекпен көше кезбек түгілі, той-томалақта орамал жамылған әжелер жоқтың қасы. Әңгіме барысында, ұстазы, яғни осы тоқыма тоқудысоның ішінде дәл осы жаулықты тоқуға ат салысқан 78 жастағы ауылымыздың ұлағатты ұстазы, зейнеткер Жансалқам Әубекерованың да сөзін тыңдасақ:
– Өткен замандағы әжелерімізден қалған көз, бой тұмар саналатын киелі бас киім – кимешек. Кимешек киген ананы көрсең, қазақтың дархан даласын, аппақ түсінен ананың пәктігін көргендей боласың. Ютуб арнасынан тамашалаған, жасы жүзге таяған Кәмила атты әженің өзі тоқып киген кимешегі бізге үлкен ой салды. Ойымды бірден инабатты келін, өз мамандығының шебері, тоқыма тоқудың ісмері, шәкіртім Салтанатқа айтқан едім. Ол да көп ойланбастан ұсынысымды қабыл алып, екі жақтан іздене бастадық. Иә, бұрыннан бас киімнің неше шұрайын тоқып жүрген ісмер үшін бұл жаңашылдық аса қиынға соқпады. Табандылық пен ұшқыр ойды талап ететіндіктен, іске кіріскен соң, әр бөлімдеріне жіті тоқталдық. Алғашқы туындысын яғни, өзі дайындаған кимешек пен күндік, құйрықша мен шылаушынын маған сыйға тартты. Тапсырыс берушінің көңілінен шығу дегенің үлкен бақыт емес пе? Мен әрине шеберлігіне таңғалдым. Заманның сырын ақтарған кимешектің айтары көп екені анық.
Риза болдым шәкіртке,
Көненің көзін жаңғыртқан.
Заманға сай лайықтап,
Әжелерге сый тартқан.
Міне, дәл осылай, ісмер шәкіртіме өлең жолдарымен рахметімді айтып, ақ батамды берген болатынмын. Замандас құрбыларыма айтарым, бабалардан мұра боп қалған құндылықтарды дәріптеп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткііп, «әже» деген құрметті атымызға дақ түсірмейік, - дейді 36 жылдан бері көрші болып, өз қызындай араласып келе жатқан әжей.
Байқағандарыңыздай, бұл айтылған жылы сөздің барлығы Салтанат апайдың ісмерлігінің айғағы. Сондай-ақ, 32 жыл мұғалімдік қызмет атқарған ардагер ұстаз, жасы сексенге таяған әжеміздің қолының шеберлігімен қатар, сөз саптауы да ерекше екенін байқадым. Расында да, кимешек киген әжейді сырттан бақылап отырып, дәл осы туындының көздің жауын алып, басқа жаулықтарға қарағанда өзгешеленіп тұратынын да аңғаруға болады.
Әрі қарай таңдандырған кимешекті сатылымға шығарудың бастапқы себебін еңбек иесінің өзінен сұрап көрдім.
– Негізінен қолөнердің алғашқы сатыларын нағашы әжемнен үйренген болатынмын. Бірақ жобалап тоқуды білмейтінмін. Кимешек тоқымас бұрын, үлкен шәлі яғни жаулық тоқып көрдім. Кейіннен нақты шешімге келіп, мақта жіпті әлеуметтік парақшалардан тапсырыс беріп, жұмысқа кірісіп кеттім. Әлеуметтік желілерге салып бастағаннан кейін, Қазақстанның түкпір-түкпірінен тапсырыстар келіп түсті. Тұтынушылар таңдану үстінде. Жалпы 4 кимешек тоқыған екенмін. Дәл осы іске кірісіп отыратын болсам жалпы есеппен 4-5 күндік жұмыс екен. Осы топтаманың ішіне кимешегі, күндігі, құйыршығы, шылаушыны кіреді. Әр қайсысының жеке түсінігі мен ұғымы бар. Негізінен жаңа босанған келіншектен бастап киюі керек екен. Қазіргі таңда матадан тігіліп жатқандықтан, менің туындым ерекше сұранысқа ие болды. Қазағымның әр анасыныңбасына кимешек кигізсем ғой, - деген кішігірім арманым да орындалып жатқандай. Осы уақытқа дейін сүйікті ісімді табу үшін, ұзақ уақыт ізденісте жүрдім. Қалдық заттардан түрлі бұйымдар жасап та көрдім, - дейді ісмерлік пен қызметін қатар алып жүрген қолөнер иесі.
Сонымен қатар аталмыш туындының құны 25 мың теңгені құрайтынын да айта кетті.
Иә, расында заманның талабы да ізденімпаздықты талап ететіні хақ. Өйткені тұрақты жұмыстан түсетін табысқа сеніп, қимылсыз қарап отыру өмірдің мәнін кетіреді. Бұл кәсіпті ұршықша иіріп кету үшін де қолдың икемділігі қажет. Шағын кәсібін тоқымашылықтан тапқан адамның көзі де қырағы болу керек. Киім-кешек бүгін-ертең сәннен шығады, тозады, ал оны тігуші мамандардың өнері – мәңгілік.
Сонымен қатар кимешек те өшпес мұра, жылдан жылға жаңғыратын қазақи дәстүр. О заманнан нәпақасын төрт түлік малдан таба білген қазақ үшін қолөнер жат қылық емес. Соның айғағы, ата дәстүрдің шырағын сөндірмей, келешекке жалғап отырған Салтанат әпкеміз. Олай болса, ине-жіптен игілік иірген шеберді қолдауға қашанда дайын болайық.
Ақерке Ғилымхан
Жаңақала ауданы