Халқымыз итті жеті қазынға жатқызып, он екі мүшелдің біріне енгізген. Тіпті «Досың ит болғанша, ит досың болсын!» деп салпаңқұлаққа ерекше көзқарас танытқан. Ал қазіргі қоғамда бұл жануардың қадірі кетіп, құты қалмаған сыңайлы. Олай деуге себеп, бұралқы иттердің адам баласына тигізіп жатқан зияны – бүгінгі күннің маңызды мәселелерінің бірі.
Сурет: pixabay.com
Иә, көгілдір экран мен түрлі әлеуметтік желі ішінде адамдарға қауіп төндірген иттер туралы жаңалықтарды көптеп көзіміз шалып жатады. Жаға ұстатарлық мұндай жаңалықтар легі күн санап артып келе жатқаны да белгілі. Күнделікті тірлік қамымен көшеге шыға қалсақ, иттер тобыры жолымызды бөгеп, жүрісімізден жаңыламыз. Оның ішінде қарны ашы да, тоғы да бар. Ырылдап, азу тісін ақситып алдыңнан шыға келгенде қол-аяғың дірілдеп, «кет» деп айту былай тұрсын, ішіңнен кәлимаға тілің келмей қалады. Осындайда дені сау адам бір амалын табар, ал қаннен-қаперсіз кетіп бара жатқан балалар мен қариялар қалай қорғанбақ? деген ойға қаласың.
Қандай болмасын, тіршілік иесін асыраған соң оған күтім көрсетіп, мезгілімен асын, суын беріп отыру абзал. Олар да адам секілді, өз өмірі үшін күреседі. Соңғы уақытта «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң қабылданғалы бері бұқараның базынасы мен айтар арызы да жиіледі. Әлеуметтік желіге, соның ішінде аудан басшылары мен тұрғындары тіркелген Telegram чатына жарыса жазып, шара қолдануды сұрап жүргендер жетерлік. Ал кейбір жерлестеріміз аталмыш заңды желеу етіп, адам өміріне атүсті қарауды әдетке айналдырып бара жатқандай. Ауласының сыртына «Абайлаңыз, қабаған ит» деген тақтайшаны іліп қояды да, қабаған итін қамаудың орнына қараусыз қалдырады. Ол төбет байлаудан босанған соң көше кезіп, даладағы қоқысты қорек етіп, одан қалса адамдарға шабуылдайды.
Ауыл ішінде жайылып жүрген бұзауды азынатып қуып жүргенін көзіміз шалған. Қарны тоқ, көңілі көк ит шарбағында болмаса, көшедегі көк аттыға бекерге бас салмасы анық.
Осыған орай өңірімізде қаңғыбас иттермен қалай күрес жүріп жатқанын, алдағы атқарылатын жұмыстарды жазуды жөн көрдік.
233 қаңғыбас ит пен мысықтың көзі жойылды
– 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілген Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2019 жылғы 28 тамыздағы №28-3 шешімімен бекітілген қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларында адамдардың өмірі мен денсаулығына төнген қауіптің алдын алу, жануарлар ауруларын болдырмау, халықты адам мен жануарларға ортақ аурулардан сақтау және қаңғыбас иттер мен мысықтардың санын биозарарсыздандыру тәсілімен реттеу көрсетілген. Аулау тиісті аумақта тұрып жатқан тұлғалардың құқығы мен заңды мүдделерін, адамгершілік қағидаттарын сақтай отырып ұйымдастырылады. Қаңғыбас иттер мен мысықтар көптеп жиналған жағдайда жеке және заңды тұлғалардың жазбаша және ауызша өтініштері бойынша фармакологиялық дәрі-дәрмекті пневматикалық ату құралдарын пайдалана отырыпжүзеге асырылады. Аулауды жүргізу кезінде ауланған иттер мен мысықтарды иеленуге және оларды басқа тұлғаларға беруге, қаңғыбас иттер мен мысықтарды қимылсыз қалдыру үшін фармакологиялық дәрі-дәрмекпен оқталған пневматикалық ату құралын 10 метрден астам қашықтықта қолдануға, аулау кәмілет жасына толмаған балалардың көзінше, қаңғыбас иттер мен мысықтардың қылығы адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген жағдайдан басқа кезде, сондай-ақ адамдарға бағыттап атуға жол берілмейді.
Адамды немесе жануарды тістеген иттер, мысықтар және басқа да жануарларды (құтырудың айқын белгілері бар жануарлардан басқа) иелері немесе кәсіпорындардың және (немесе) мекемелердің өкілдері, күнтізбелік 10 күн ішінде оқшауда және ветеринариялық мамандардың бақылауында ұстайды. Егер ветеринарлық дәрігермен клиникалық қарау кезінде жануардың ауыр науқас екендігі анықталса, онда ол ветеринарлық дәрігердің ұсынысы бойынша дәрілік жолмен, ҚР-ның заңнамасымен тыйым салынбаған препараттармен жансыздандыруға жатады.
Иттер мен мысықтардың өлекселерін жою жануарлардың өлекселерін көмуге арналған арнайы бөлінген жер учаскелерінде (мал қорымдары немесе биотермиялық шұңқыр) жүзеге асырылады. Осы қағидаларға сәйкес, қазіргі таңда әртүрлі жұқпалы және паразитарлық аурулардың алдын алу мақсатында қаңғыбас ит пен мысықтарды аулап жою тұрақты жүргізіліп келеді. Аудан бойынша 2024 жылы тұрғындар арасынан келіп түскен түрлі шақыртулар мен өтініштер негізінде ауланып, жойылған иесі белгісіз қаңғыбас ит пен мысық саны – 233 басты (221 ит, 12 мысық) құрады. Ал иесі бар 57 ит пен 3 бас мысық биозарарсыздандырудан өткізіліп, чип салынды, яғни құжаттандырылды. Одан соң кері мекендеу ортасына жіберілді. Көптеген тұрғындар қарғыбауынан босап, далада босып жүрген иттердің иесіне айыппұл салуды сұрайды.
Алайда үй жануарларын ұстау тәртібін бұзғаны үшін егесін әкімшілік жауапкершілікке тарту ҚР-ның заңнамасында қарастырылмаған. Осы орайда ит ұстаушылар үй жануарына немқұрайлылықпен қарамай, жауапкершілікті сезінсе, көшеміз бұралқы иттерден тазарар еді, - дейді аудандық ветеринариялық станциясының басшысы Талғат Есполов.
Құтыру вирусымен зақымдану өлімге әкеледі
Ал аудандық аурухананың дәрігер-эпидемиологі Айдана Асқарқызы:
– Ауруханаға жыл басынан бері итке тістеліп, жарақат алған 19 жағдай тіркелді. Оның 9-ы бала. Қазіргі күнде тіркелген барлық науқастарымыз толық емдерін алды. Адамда инфекцияның (құтыру) инкубациялық кезеңі 12-ден 100 күнге дейін, тіпті 1 жылғадейін созылады. Сондықтан төртаяқты жануар тістегеннен кейін елеусіз жарақаттың өзі бірден пайда болмауы мүмкін. Құтыру – адамдар мен жануарларға ортақ жіті вирустық инфекциялық ауру. Оның емі жоқ, қауіптілігі де осында. Егер уақтылы ем-шара қолданбаса, соңы өліммен аяқталады. Вирус адамнан адамға берілмейді. Үй жануарлары арасында әдетте, ит пен мысық ауру көзі боп табылады. Инкубация кезеңінің соңында көп жағдайда адамдар үшін аса қауіпті болатын иттердің сілекейі. Аурудың үш кезеңі бар: алғашқы белгілері пайда болатын сипаттамалық, қозу және параличтік. Бірінші кезеңнің ұзақтығы екіден жеті күнге дейін созылады. Тістеу аймағындағы тыртық қызарады, жарақат орны адамды мазалай бастайды, адамда алаңдаушылық, үрей сезімі пайда болады, терең депрессияға түседі, ұйқысы бұзылады. Екінші кезеңде адам судан, таза ауадан, дыбыстардан, жарықтан – қоршаған ортадан қорқады. Ашу-ыза кернеп, көп көлемде сілекей бөлінеді. Науқастың оны жұтуға шамасы жетпей, қиналады. Үшінші кезеңде паралитикалық, ауру ұстамалары тоқтаған кезде науқастың жағдайы жақсарғандай болады. Дегенмен, жүрек, сал ауруы немесе тыныс алудың тоқтап қалуынан өлім жағдайлары кенеттен болады.
Бұл дерттің алдын алу үшін дер кезінде медициналық көмекке жүгіну аса маңызды. Аталмыш дертке жол бермеудің бір жолы– құтыру ауруына қарсы вакцина. Екпені жарақат алған сәттен бастап 24 сағаттан кешіктірмей алу керек. Құтыруға қарсы көрсетілетін алғашқы медициналық көмекке келер болсақ, жарақаттанған аймақты 20 пайыздық сабынды су ертіндісімен 4-5 рет тазалап жуып, қанын тоқтату үшін иод ертіндісімен сүртіп,залалсыздандырған таңғышпен байлау қажет. Дегенмен уақыт өткізбей тез арада медициналық пунктке жеткізген жөн, - деп жауап берді.
Итке тістелгендер саны азаймай отыр
– Өңірімізде осы жылдың бірінші жартыжылдығында итке немесе басқа жануарларға тістеліп, жарақаттанғандар саны – 20, былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 17-ге азайған. Соның ішінде тістеу локализациясы бойынша мойыннан, беттен біреу, иықтан екеу, білектен үшеу, қолдың басынан екеу, қалғандары белден төмен зақым алған. Жарақаттанғандардың иттермен байланыс нәтижесінде 17 жағдай орын алып, 13 оқиғаның иесі белгілі иттер болса, орын алған 4 жағдайдың иесі белгіссіздерге тиесілі. Иесі белгісіз мысыққа жарақаттанғандар саны екеу болса, бір адам жылқы малымен жанасу арқылы оқыс оқиғаға тап болған. Қаңғыбас ит пен мысықтарды жою жұмыстарының атқарылуына қарамастан бүгінде итке тістелгендер саны азаймай отыр.
Егер сізді ит тістеп алған болсанемесе өзге де құтыруға күдікті жануарлармен әртүрлі жағдайда жанасқан болсаңыз, шұғыл түрде травмотологиялық пунктке, медициналық қызметке жүгіну қажет. Егер медициналық мекемеге дейінгі қашықтық алыс болған жағдайда жараны сабынды сумен жуып, содан кейін сутегі тотығымен өңдеу қажет және қалай болғанда да медициналық көмекке жүгіну керек. Вакциналау, тістегеннен немесе құтырған малдың сілекейлеген сәтінен бастап 1 күннен кешіктірілмейтін уақыт аралығында жүргізілген болса ғана тиімді болады. Егер ит белгілі болған жағдайда (яғни иесі), тістелген адамды емдеумен және вакциналаумен қатар итті де 10 күн бойы бақылауға алып, иттен құтырудың негізгі белгілері байқалмаса, вакцинациялау тоқтатылады, - деп аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының жетекші маманы Светлана Иманғалиевакеңесімен бөлісті.
«Кәсібімнің нәсібін көре алмай отырмын»
Жуырда осы мәселе төңірегінде өзінің құзырлыларға өкпе-назын жеткізуімізді өтініп, редакциямызға хабарласқан Айнагүл есімді тұрғын баласының көшедегі иттің құрбаны бола жаздағанын айтқан еді:
– Төрт балам бар. Көшеде қаңғыған иттер толып жүр. Арасында құтырғаны да бар шығар, кім біледі?! Балаларымды сабаққа жіберіп аламын да, «көшедегі көп иттің бірі қауып алмас па екен?» деп жанымды шүберекке түйіп отырамын. Бірде күндізгі уақытта 3 сыныпта оқитын ұлымды дүкенге жұмсаған болатынмын. Әрі кетсе жарты сағатта барып келетін балам әлі жоқ. Уайымдап, артынан іздеуге шыққаным сол еді, 8 жасар ұлымды бейтаныс ер адам жетектеп келе жатыр. Сөздің қысқасы, дүкеннің кіреберісінде бір тұтынушының иті еріп келген көрінеді. Сол ит балама ырылдап, үрсе керек-ті. Қорыққаннан дүкенге кірмей, көрінген бағытқа қаша жөнеліпті. Жылағаннан түрі бозарып кеткен баламды өз жөнімен кетіп бара жатқан ауыл азаматы көріп, үйге әкеліп тастауды жөн көріпті. Осы жағдайдан кейін балаларымызды ауланың сыртына шығаруға қорқатын болдық. Үйдің айналасында да балалар ойын алаңында да қаңғыбас ит көп. Ағаш алып үркітсең, өзіңе қарап ырылдап, тістеуге ұмтылады. Адамнан қорықпайды. Жауапты мекеме бұл мәселені қолға алу керек қой. Бір тістеген ит, ертең тағы тістейді. Ал ол ит құтырмамен ауырып, ауру тараса не болады? - деп шағымын білдірді. Бұл мәселе тек аудан орталығында ғана емес, ауылдық округтерде де шешімін табар емес.
– Осыдан бір ай бұрын мемлекеттен қайтарымсыз несие алып, 50 шақты қаздың балапанын асырап, шағын кәсіп ашуды жөн көрдім. Алайда ауылдың иттері кәсібімді дөңгелетуге кедергі. Даладан келген ит жоқ, бәрінің де иесі бар. Үйім көлдің жағасында орналасқан. Қаздарды көлге жүзуге апарсақ, сол маңайдан әрлі-берлі өткен төбеттер тыным берер емес. 10 шақты балапанды талап, көз алдымызда екеуін жеп қойды. Таланған балапандар шалажансар, жарамсыз болып отыр. Мотоцикл, велосипедпен шыққан ауыл тұрғындары артынан ілесе шапқан иттерін бақылаусыз жіберіп қояды. Бірнеше күн бұрын қорамдағы малымды, одан қалса, жұмыртқасын азық етіп отырған тауығымды балапанымен қоса талап тастады. Шарасыздықтан ауыл әкімдігіне хабарластым. Содан кейін бірнеше иттің атылғанын естідім. Онда да «біреудің өзі жақсы біреудің көзі жақсы» деп, кейбір тұрғындар төбеттерін аттырмапты. Аттырмайтын болса, неге аулаларында байлап ұстамайды? Қорасындағы итіне ие боламайтын иеге айыппұл салынса, ауыл тәртіпке бағынар еді. Құдайдан емес, иттен қорқатын заман болды ғой. Кәсібімнің нәсібін көре алмай отырмын, - дейді мәстексайлық Жансая Сүндетова.
Аталмыш ауылдың мәслихат депутаты Қобылан Мұқамбетов те бұл пікірмен келісіп, халықтың наразылығының арқасында биылдыққа 50 шақты ит атылғанын айтып өтті.
Конституциямызда «Мемлекеттің басты байлығы – адам» делінген. Тосын жағдайларды айтпағанда, саналы әрекеттен азаматтарының ғұмырын қыршыннан қиып немесе мүгедек қылып, арбаға таңған біздің қоғамда адам өмірі қаншалықты құнды?
Бір кездері азығын сайлап, қаруын байлап аңға шыққанда қасына бірге ертіп, күні-түні үй күзетін сеніп тапсыратын төрт аяқты адам серігінің достығын емес, қастығын көре отырып, оларды қорғаймыз ба әлде қорғанамыз ба?
Айзада Ақбасова
zhaikpress.kz