26.07.2024, 10:45
Оқылды: 256

Теректіде «Кеш жарық, Теректі» жобасы басталды

Теректінің кеші әуезді әнмен, күмбірлеген күймен жап-жарық болды десек, асыра сілтегеніміз емес. Мұны көрермендер де жоққа шығармас. Дәстүрлі «Кеш жарық, Теректі» жобасы Айбек Дәулетқалиевтің орындауындағы «Елге сәлем» әнімен ашылып, «Шежіре» әжелер ансамблі «Жариям-айдай» әнімен жалғап, халық әндерінен попурри шырқады.

9767910C-DCB0-4904-BA00-599DBE550DAB

Содан соң талантты күйші Оралхан Темірғалиев «Әлем», «Адай» күйлерін жүректерге жеткізіп, елдің оттан да ыстық ықыласына ие болды.

Теректіліктер асыға һәм тағатсыздана күткен «Теректиночка» «Соловей-соловушка», «Мы из деревни родом» әндеріне елітіп әкетті.

CDEA20F5-D259-414A-B1F3-6DDA99425DCF

Сондай-ақ Жеңіс Қайыров «Айналдым Айкен», өз жұбайы Айгүл Қайыровамен қосыла «Деп қалам» деп, нәзік сезімге сапарлатты. Мұғалім болса да, сахнаны жаны сүйетін Жанар Аманбаева да кештен қапы қалмай, өнер көрсетті.

A98AE181-95C1-4561-BC8B-25D423DA8ADF

Нарлан Нұралиев пен Саят Қабашев концерт көріп отырған жұртшылықты орындарынан тұрғызып билете кетті. Екеуі де сахнаға жаңа ғана қадам басқан жас болса да, болашақтарының жарқын екендігі көрінді. Дәл осындай көңіл-күйде Ақниет Мақсотова мен Бақытгүл Қабашева «Кешіктің сен» деп әнге салғанда, кешігіп болса да, ортадан табылған басшыларды көрдік.

7B30F221-3F59-4165-B133-29B1AF5ACC2C

Жарайды, ең бастысы қарапайым халықтың көңілі көтеріңкі болып, күйбең тірлікті бір сәтке ұмытып, орталық алаңды бимен қыздырды. Туған ауылдың қадір-қасиетін Серік Тайшыбаев «Ауылым» әнімен жеткізді. Осылайша жобаның алғашқы кеші мәресіне жетті. Әр аптаның бейсенбісінде аудан өнерпаздары жадыраған жаз мезгілін көңілді өткізуге шақырады.

Ақтілек Әлібек

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале