Көктемдегі тасқын кезінде Жайыққа су мол келіп, өңір су артериясының жаңа тынысы ашылды. Бірақ жанды судың экожүйесі алаңдатады. Бейсенбі күні облыс әкімдігінде өткен жиында Жайықтың экожүйесі және басқа да өзекті мәселелер талқыланды. Келелі жиынға Қазақстан мен Ресей сарапшылары, ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев, комиссия мүшесі Елена Тарасенко, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау облыстарының суға жауапты мекеме өкілдері қатысты.
Сәуірдегі сергелдең кезінде Ресей жақтан келетін мол су алдына келгенінің барлығын шайып, елге қауіп төнеді деген қорқыныш болды. Абырой болғанда Жайық арнасынан қатты аспай, көлтабандар мен қоймалар суға толды. Бір сөзбен айтқанда, елге ырыс келді. Мамандар Жайықтың жаңа тынысы ашылғанын айтады. Алайда өзеннің экожүйесін сақтау мәселесі күн тәртібінен түспей тұр.
– Жайық өзені бассейніндегі су шаруашылығы жағдайын жақсарту шараларын қабылдау мақсатында Қазақстан мен Ресейдің уәкілетті құрылымдары уағдаластыққа қол жеткізді. Енді ірі өзендердің бассейндерінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу жөніндегі ынтымақтастықты жандандыратын боламыз. Ол мақсатта бірыңғай жол картасына да қол қойылды. Жайық өзеніне қатысты ортақ өзекті мәселелерді талқылап, ықтимал шешімдерді анықтауды және трансшекаралық өзендердің экожүйесін бақылаудың озық тәжірибелерін іске асыруды ұсынамын, – деді жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.
Айта кетейік, осы күні Ресей мен Қазақстан арасындағы трансшекаралық өзен-суларды тиімді пайдалану мәселесі екі елдің үкіметаралық келісімшарты аясында реттелуде. Қазіргі таңда 2021-2024 жылдарға арналған арнайы бағдарлама іске асырылып жатыр.
– Екі елді қосқан өзен-суларды пайдалануға бағытталған бағдарламаларды іске асыру мақсатында Жайық өзені бассейніндегі ағынды реттеу салдарына баға беру, өзенді сақтап қалу және қалпына келтіру бойынша ғылыми-зерттеу жұмысына техникалық тапсырма дайындалды. Бұл іс-шаралар Жайық-Каспий трансшекаралық бассейніндегі ҚР-ның су қауіпсіздігі жобасы аясында іске асырылады. Жоба 2025 жылы аяқталады, – деді Жомарт Әлиев.
Жиынға қатысқан «Біздің Жайық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Елена Тарасенко Қазақстан мен Ресей арасындағы бірыңғай жол картасына сәйкес қос ел ғалымдары мен уәкілетті органдары бірлескен іс-шараларды қолға алғанын жеткізді. Зерттеу нәтижесінде су қоймаларын пайдалану ережелеріне қажетті өзгерістер мен толықтырулар енгізу, өзен бассейнінде орналасқан су қоймаларының жұмыс режімін реттеу жөнінде нақты жобалар жүзеге асатынын да атап өтті.
– Су тасқыны кезінде коммуналдық және республикалық меншіктегі су қоймалары толды. Су тасыған кезде Жайық өзенінің деңгейі 865 см көтерілген болса, қазір 200 сантиметрге түсті. Өңірдегі «Қазсушар» мекемесіне қарасты 4 су қоймасындағы су мөлшері сақталып тұр. Бұл шаруашылыққа тиімді, – деді «Жайық-Каспий» бассейндік инспекциясы» РММ Орал қаласындағы бөлімінің басшысы Қанат Өтеғалиев.
Қазіргі таңда Киров – Шежін, Солянка – Азынабай – Тайпақ каналдарын қайта құру, Бөрлі ауданына қарасты Жарсуат ауылында өзен жағасын бекіту жұмыстары аяқталды. Келер жылы Шаған өзенінің арнасы мен Көшім магистралды каналын механикалық тазалау жұмыстары аяқталады. Бұл жұмыстардың барлығы Жайықтың экожүйесін сақтауға бағытталған.
Түгелбай Кенжеғалиұлы
zhaikpress.kz