Еліміздің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өмірін жаңғыртуға, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған түбегейлі қайта құрулардың ауқымы мемлекеттік қызметті одан әрі дамытуды көздейді.
Мемлекеттің стартегиялық басымдықтарын тиімді жүзеге асыруда мемлекеттік аппараттың кәсіби деңгейінің жоғару болуы маңызды.
Кәсібилендіру кадрларды тиімді іріктеу, кәсіби қызметті бағалаумен, оқытумен және әділ еңбекақы төлеу жүйесімен байланысты дағдылар мен білімді жетілдіруге арналған мансаптық ілгерілету жүйесі сияқты персоналды басқару тәсілдерін қамтиды. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Венера Масимова айтты.
Бүгінгі таңда қызмет атқаратын мемлекеттік қызметшілердің 92%-ы – жоғары білімді. Мемлекеттік басқару академиясының 19 түлегі, «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқыған 5 түлек өз үлестерін қосуда.
Өзін-өзі үнемі дамыту – мемлекеттік қызметті кәсібилендірудің негізгі элементі. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруға және қайта даярлау курстарына өтуге толығымен мүмкіндіктері бар.
Жыл басынан біліктілігін арттыру және қайта даярлау курстарынан 725 мемлекеттік қызметші өтті. Аталған білім беру курстары мемлекеттік қызметшілердің функционалдық міндеттерін заман талаптарына сай атқаруға септігін тигізіп, жеке және кәсіби құзыреттерін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар екі жыл қатарынан мемлекеттік қызметшілердің Мемлекеттік басқару академиясына түсуге қызығушылықтары артып, өңірден 2023 жылы 14 адам, биыл 8 адам мемлекеттік грантпен оқуға мүмкіндік алғанын атап кеткен жөн.
Бүгінгі күні мемлекеттік қызметке талантты мамандарды тарту басым міндеттердің бірі саналады.
Бұл ретте Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік тапсырыс аясында оқыған және өзінің жоғары үлгерімін көрсеткен қазақстандық жоғары оқу орындарының үздік түлектері аудандық, ауылдық деңгейдегі әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға, Мемлекеттік басқару академиясының үздік түлектері әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға конкурстан тыс тағайындауға мүмкіндік алды.
Өзгерістер енгізілгеннен бастап, аталған тәртіппен 21 жас маман аудандық, ауылдық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілердің қатарына қосылды.
Сонымен қатар Президенттік жастар кадр резерві құрылып, дарынды жастарға әлеуметтік лифт қамтамасыз етіліп, мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік сектордың негізгі лауазымдарына үш жүзге жуық резервші тағайындалды.
Қазіргі таңда, республиканың әр облысында өңірлік кадр резервіне іріктеу басталып, жүзеге асырылып жатыр.
Конкурстық іріктеу мемлекеттік органдарда жұмыс істеу үшін құзыретті кандидаттарды тартуға мүмкіндік бере отырып, мемлекеттік қызметті кәсібилендіруде де шешуші рөл атқарады.
Жыл басынан мемлекеттік органдар өткізген конкурстар нәтижесінде 336 адам орналасып, меритократия қағидаты негізінде 65 мемлекеттік қызметші ілгерленді. Мемлекеттік әкімшілік қызметке кірудің қолданыстағы тәртібі 2016 жылдан бастап енгізілді. Мемлекеттік қызметтің ашықтылығын арттыру және конкурстың механизмдерін заман талабына сәйкес жетілдіру мақсатында іріктеудің рәсімдері автоматтандырылды. Конкурстық рәсімдер «Е-қызмет» ақпараттық жүйесінде қарастырылды.
Батыс Қазақстан облысының жергілікті атқарушы органдары, өкілді органдары және тексеру комиссиясы осы жылдың 1 шілдесінен бастап конкурстық іріктеудің онлайн форматына көшті.
Жаңа іріктеу жүйесі азаматтарға конкурстық рәсімнің барлық кезеңдерінен онлайн түрде қашықтықтан өтуге, әлемнің кез келген нүктесінен және қалаған уақытында қатысуға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қызметті әрі қарай жүйелі және жоспарлы түрде дамыту үшін «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметін дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бекітілді.
Бекітілген тұжырымдамада мемлекеттік қызметті одан әрі дамытудың проактивті, түпкілікті нәтижеге бағдарланған, бюрократиядан арылған мінез-құлық үлгісінде көрініс тапқан мемлекеттік қызметтің сервистілік және клиентке бағдарлану қағидаттарына негізделген моделін қалыптастыру, мемлекеттік қызметтің гибридті моделін (мемлекеттік аппаратты кәсібилендіруге бағытталған құралдар мен тәсілдердің прагматикалық үйлесімін пайдалана отырып, мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру) енгізу, HR-процестерді басқару және цифрландыру бағыттары айқындалған.
Мемлекеттік қызмет саласын жетілдіру мақсатында қабылданып жатқан шаралар мемлекеттік қызметке жүктелетін талаптардың артуына және халықтың билікке сенімін нығайту мен реформаларды жүзеге асыру ісінде мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін күшейтеді.