20 шілде – Халықаралық шахмат күні. Бұл мереке Халықаралық шахмат федерациясының құрылуына орай 1966 жылдан бастап аталып өтеді. Бүгінгі таңда аталған ұйымға әлемнің 200-ге жуық елі мүше.
Федерацияның өз туы, әнұраны және «Біз бәріміз бір отбасымыз» атты ұраны бар. Әлемде шахмат – ақыл-ойды дамытатын спорт түрі саналады.
Ежелден жеткен аңыздарға сүйенсек, шахматты алғаш болып біздің заманымызға дейінгі мың жыл бұрын үндістандық математик ойлап тапқан деседі. «Шахмат» сөзінің мағынасы патша (шах) өлді (мат) дегенді білдіреді. «Ең әсерлі білім – сені жеңе алатын бәсекелеспен шахмат ойнау» депті америкалық публицист Ричард Бах.
Адамның бәсекеге қабілеттілік қасиетінің дамуына шахматтың пайдасы көп. Шахматты аса ауқатты әрі табысты адамдардың ойнайтынан көріп, оның бір бекзат ойын екенін бірден аңғаруға болады. Біздің еліміздің де аты шахмат аламанында шаңда қалып жатқан жоқ.
Әсіресе қазақ қыздары әлем назарын өздеріне аударып, тақтадағы ой айқасында оң нәтижелер көресетіп жүр. Оның ішінде шахмат тарихындағы ең жас шахматшы Бибісара Асаубаева, он төрт жасында әйел гроссмейстер атанған Жансая Әбдімәлік секілді мықтылар бар.
Біздің Бөрлі ауданында шахмат спорты аса бір қарқынды деп ауыз толтырып айта алмаймыз. Әлде насихаты аз ба, болмаса жетістігі көрінбей жатыр ма? Әйтеуір атойлап алға шығып, ой сайысында қарсыластарын ойсырата жеңіп жүрген жерлестерімізді әлі естімей жатырмыз. Дегенмен ауызды қу шөппен сүртуге тағы болмас. Барынша ой мен санаға оңды әсер ететін спортты дамытуға жұмыс жасап жатқандары барын айтқымыз келеді.
Олардың бірі – Ақсай қаласы №6 мектеп-лицейінің ұстазы, шахмат үйірмесінің жетекшісі Айжан Габидуллина.
Ұстаз Айжан Габидуллина бір жылдан бері балаларға шахмат үйретіп, білгенімен бөлісіп жүр. Қазіргі таңда жиырмадан астам бала шахмат үйірмесінде, ақыл-ойды дамытатын озық ойынның қыр-сырын меңгеру үстінде. Үйірме жетекшісінің сөзінше қазіргі таңда шахматтан Батыс Қазақстан облысы олипиадасында 2-4 сыныптар арасында Интисар Нұрмағамбетова екінші орын алса, Ерасыл Нұрмағамбетова бірінші орынды жеңіп алған.
Қоржынымызды майлап, қуанып отырған қазіргі жетістік осы болып тұр. Алдағы уақытта жетістік жолы жалғасады деген сенім мол.
– Мен негізі биология пәнінің маманымын. Өзім мектеп кезінде шахмат ойнап облыстық, республикалық жарыстарда топ жарып жүрдім. Казір оқушылармен жұмыстанып, оларға бар білгеніммен бөлісейін деген ниетпен үйірме жұмысын қолға алдым. Мектептің жанынан ашылған үйірмеде бүгінгі күні 20-дан астам оқушы бар. Оқушыларды бірінші сыныптан бастап қабылдаймыз. Ол баланың қабілетіне байланысты. Қазір кіші және үлкен топ етіп екіге бөлдім. Бүгінгі кіші топтағы Интисар мен Ерасыл республикалық дәрежеде жақсы ойын көрсетіп жүрген оқушылар. Жалпы балалардың деңгейі өте жақсы деуге болады. Өздері жан-жақты ізденіп, телефоннан, компьютерден қарап, қосымша үйрену үстінде, - дейді үйірме жетекшісі.
Шахматтың басты пайдасы жастайынан бала өздігінен шешім шығарып, өтіп жатқан әртүрлі оқиғаларды логикалық тұрғыдан бағалай біледі. Қарапайым сұрақтарға да ересек адамдарша жауап беріп, саналы шешімдерге барады.
Мамандар бір орында отыра алмайтын кішкентай балаларды шахмат ойнауға үйрету қиын соғуы мүмкін екенін айтады. Алайда егер осы спорттың қызығына кіргізе алсаңыз, бала сабыр мен шыдамдылыққа үйренеді. Әсіресе мектепке барғалы жүрген балаларға мұның пайдасы зор екен.
Бала өз ісін жоспарлап, болжам жасап үйренеді. Уақытты тиімді пайдалануға, алға қойған мақсаттарына жетуге икемделе түседі. Баланың мінез-құлқын тәрбиелеуге қиындау әрі іш пыстырарлық спорт түрі болғанына қарамастан, жеңіске деген жігер танытуға жаттықтырады.
Шахмат шеберлері балалар бір-екі ойыннан соң жеңіс пен жеңіліс тек өзіне тікелей байланысты екенін түсініп, жинақтала бастайтынын алға тартады.
Қазіргі уақытта бала телефоннан бөлек кітаппен жұмыс жасауы қажет. Ал мамандар шахмат ойынының негізін түсіндіретін кітаптың көбісі орысша екенін айтады. Қосымша ретінде шахматты үйрету мақсатында Александра Костенюктің қазақ тіліне аударылған «Ең ақылды балаларға арналған шахмат жазбалары» атты кітаптың барын көрдік.
Алайда оның қай жерде, қаншадан сатылып жатқанын байқай алмадық. Соған қарағанда бұл кітап та аз данамен шыққан болуы керек. Қазіргі таңда Ақсай қаласы №6 МЛ жанындағы шахмат үйірмесінің оқушылары орысша кітаптармен білім алып жүр.
– Бізде үйірме екі сағат болады. Оның бір сағатын теорияға, бір сағатын практикаға арнаймыз. Шахмат ақыл-ойдың спорты болғандықтан кітаппен жұмыс істеу міндетті. Қазақ тілінде шахматтың қыр-сырын үйрететін кітаптар аз. Орыс тілінде ондай материалдар жетіп артылады. Сонымен қатар кітаптарды табу оңай, әрі бағасы қолжетімді болады. Сондықтан орыс тіліндегі кітаптармен жұмыс жасап жатырмыз. Сонымен қатар оқығанын практика жүзінде байқап көруі де маңызды. Сондықтан практикалық ойындар өткізіледі. Балалар өзара бір-бірмен ойын жүргізеді. Кей кезде мен өзім де олармен шахмат ойнаймын. Дегенмен бала үшін ең маңыздысы ол турнир, яғни жарыс. Сайыстың аудандық немесе облыстық деңгейі маңызды емес, бастысы бала сынға түсуі керек. Ол баланың деңгейін кәдімгідей көтеріп тастайды. Келесі жарыс қашан болады деп үлкен ынтамен, серпіліспен қайтады. Тіпті бала үшін жеңіс не жеңіліс маңызды емес. Бастысы басқалармен тәжірибе алмасу, практикалық ойын көру. Бұл ой мен тактиканың дамуына тікелей әсер етеді. Сондықтан сайыстар мейлінше жиірек болса деп ойлаймыз. Көбіне облыста түрлі сайыстар болатынын естіп жатамыз. Дегенмен мектепке ережесі келмегесін, хат жетпегесін үнемі қатыса беруге мүмкіндік бола бермейді. Осы жаға қолбайлау болатыны тағы шындық. Сайыстарға көбірек баратын болсақ, балалардың деңгейі бүгінгіден де жоғары болар еді, - дейді Айжан Габидуллина.
Әлем алға қарай жылжыған сайын физикалық күшке қарағанда ақыл-ойға көп салмақ салатын ойын түрлеріне басымдық берілуде. Әсіресе баланың телефоннан бас алмайтын заманында оны шахматқа баулу қолындағы смартфон арқылы ақыл-ойды биікке шығаратын спорт түріне баулуға жол ашады. Осы арқылы бір оқпен екі қоян атып, мәселені оң шешуге болатын сыңайлы. Өйткені әлем мамандары шахмат спортының адамның ойлау қабілетіне үлкен әсер етіп, жаңа деңгейге көтеретінін растайды.
– Жалпы шахматтың баланың ой-өрісін дамытуға үлкен үлесі бар. Алдымен баланың логикалық ойлау қабілеті артады. Шахматты жақсы ойнай алатын бала математика сабағынан қиналмайды. Сонымен қатар қиын тапсырмаларды шешуі, қандай да бір жағдайларда шешім қабылдауы жеңілдейді. Өмірде алдына қойған мақсатына жетуіне үлкен ықпал жасайды. Міне шахматтың осындай үлкен пайдасы бар. Сондықтан балалардың шахмат ойнағаны абзал. Ол тіпті чемпион болып, сайыстарға қатысуы міндетті емес. Тек бос уақытында шахмат ойнап, пайдалы іспен айналысса, ойлау қабілеті мықты болатыны анық, - дейді Айжан Бекжанқызы.
Ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің бір сөзінде «Біз Қазақстанда шахматты жүйелі түрде дамытуды жалғастырамыз және Халықаралық шахмат федерациясымен ынтымақтастықта табысты жұмыс істеуге дайынбыз. Бұл біздің адам әлеуетін арттыру және зияткер ұлт қалыптастыру жөніндегі стратегиялық міндетімізге толық сай келеді» деген болатын.
Демек, шахмат ойыны өзінің өзектілігі жоғалпайды деген сөз. Оны ел басшысы да анық сезіп отыр. Ендеше ел бойынша үлкен қолдау тауып отырған бекзада спорт біздің ауданда да өз деңгейінде болса деген тілек бар.
Алдағы уақытта шахматтан ел үздіктерінің қатарында бөрлілік өрендер тұрса жақсы емес пе?!.
Мейрамбек Сыдықов
Бөрлі ауданы