31.07.2024, 17:03
Оқылды: 101

Технологияны тұрақтандыру табысты еселейді

Шөптің құнарлылығы өсімдіктің ботаникалық құрамына, оны жинаудың мезгілі мен әдісіне, кептіру ұзақтығына байланысты екені бесенеден белгілі. Мамандар осындай жұмыстар дер кезінде жүзеге асырылса, мал азығындағы минералдар мен дәрумендердің, ақуыздың молынан сақталып, қытымыр қыстан төрт түліктің қиналмай күйлі шығатынын айтады.

шөп

Пішенге жабылатын шөпті шабу мен жинау уақыты аймақтардың климаттық жағдайы мен ауа-райына байланысты. Алайда  жинау мезгілінің жалпыға ортақ көрсеткіштері де бар. Ол бұршақ тұқымдас, дәнді шөптердің қауыздануына немесе гүлденуіне сәйкес жүргізіледі. Дәл осы кезеңде өсімдіктердің құрамында құнарлы заттары көп мөлшерде болады.

Шыңғырлау ауданында 495-тен аса шаруа құрылымдары бар. Оның 37-і ғана егін салумен айналысады. Құмай (сорго), еркекшөп (житняк), судан шөбін егіп жүрген шаруа қожалық басшылары бұл кәсіпті кеңейту жолында жүр. Атап айтсақ «Бердібай Бекзат», «Бекманов», «Тулеганов» шаруа қожалықтары және «ErQanat Group» ЖШС. Малдың өзін ғана емес, шөбін де өсіру керектігін шаруалар түсініп келеді. Даланың шөбіне сенуге болмайды. Табиғи шөптің өзі құнарын жоғалтып, мал азығының мәзіріне қосымша арпа, кебек, тағы басқа дақылдар тұрақты түрде еніп кеткен. Жоғарыда айтылғандай, шөптің көптігі емес, құнарлылығы маңызды рөл атқармақ.

шөп3

Арнайы жүргізілген зерттеулер нәтижесі көрсеткендей, дақылдарды өсіру  технологиясын қатаң сақтаған жағдайда судан шөбінің жасыл салмағының өнімділігі гектарына 40 тоннаға жетеді. Аталған дақылды ауданда өсіру үшін жыл сайынғы дақылдың экстремалды агроэкологиялық жағдайға қалыптасуына орай алдағы уақытта шаруалар судан және көпжылдық шөптерді барынша өндіріске енгізу керек.

Мал азығы үшін өсірілген судан мен құмай шөбін жаз бойы 2-3 рет орып, малды азықтандыруға, дәндерінің сүт болып пісу мезгілінде сүрлем дайындауға, қысқы шөп ретінде және дәнге пайдалануға болады. Соның ішінде сүт кешендеріндегі сауын сиырлар үшін аталған дақылдар таптырмас азық болады. Бұл дақыл қуаңшылыққа ғана төзімді емес, сонымен қатар өзге дәнді-дақылдарға қарағанда аурулар мен зиянкестерге де төзімді екенін айта кетуіміз керек.

Мал азығының дақылдарын дамыту үшін мемлекет қандай көмек ұсынып отырғанын айтатын болсақ, тек егін шаруашылығына қатысты субсидияның 3 түрі бар. Бірінші - минералды тыңайтқыш, екіншісі - инвестициялық субсидия қарастырылған. Жаңа техника алғандарға жергілікті бюджеттен 35 пайыз субсидия беріледі. Ал шаруашылықтар бірігіп, кооператив құрып, техника алса, онда 50 пайыз субсидия төленеді. Бұлардан басқа тұқымға субсидия бар. Қазір қуаңшылыққа байланысты жер тозып бара жатыр. Оның үстіне мал көбейді. Әсіресе жылқы малының саны айтарлықтай өсті. Ал жайылымдық жерлердің бәрі бұрынғы кеңес заманында егілген еркекшөптің ізімен жалғасып келеді. Мал азығының бұл түрі пайдалы әрі шаруалар үшін тиімді. Көпжылдық өсімдіктен қуаңшылық жылдары 1 гектардан 5-7 центнер шөп береді. Ал жаз жаңбырлы болса, 10-15  центнерге дейін өнім алуға болады. Еркекшөпті уақытында шауып, жинап алса, малды қыста жемсіз-ақ алып шығуға болады. Тағы бір артықшылығы, еркекшөп құмды жерге өсе береді.

шөп2

Аудан бойынша 2024-2025 жылдары мал қыстағына 126 мың тонна шөп дайындалуы жоспарланды, бүгінгі күні 69 мың 552 тонна дайындалды.

Аудандағы 1550 мал ұстайтын ауланың мал қыстағына 44008 тонна шөп қажет. Бүгінгі күнге аудандағы 1550 мал ұстайтын аулаға 27 мың 776 тонна дайындалды.

Мал азығын дайындауға 363 трактор, 194 маялағыш (стогомет), 168 шөп жинағыш (пресс-подборщик) және 251 орақ, тырма қатысады. Биыл мал азығын дайындауға аудан бойынша 190 астам шаруа құрылымдары мен жеке тұлғалар қатысуда.

шөп1

Биыл ауыл тұрғындарына сатылатын 1 рулон шөптің бағасы 3000 теңгеден басталып,  Ақтау, Қарағаш ауылдық округтерінде 3000-3500 теңге аралығында болса, Ақшат ауылдық округінде, 4000-4500 теңгеден берілуде. Ақбұлақ, Алмаз, Ардақ, Ащысай ауылдарында 4000-6000 теңге болса, Шыңғырлау ауылдық округінде орташа бағасы 3690-4060 теңгені құрады.

2024 жылғы жем-шөп дақылдарына арзандатылған дизель отынына өтінімдер «Субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесі» (gosagro.kz) арқылы тапсырылды. Арзандатылған дизель отынының бас операторы «NEFTEK Operating» ЖШС болып анықталды. Дизелдік отынның бағасы 31 шілдеге дейін литрі - 241 теңге, 31 тамызға дейін - 244 теңге, 30 қыркүйекке дейін литрі - 247 теңгеден сатылады.

Мал азығын дайындау үшін ауданымыздың 22 шаруа құрылымдары 128,2 тонна арзандатылған дизелдік отынға сұраныс берді.

Елдос Оразғалиев

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале