1.08.2024, 12:30
Оқылды: 108

Бақыт Машикова: «Шын жүрекпен қалаған кәсіп арқылы ғана өмірлік несібеңді, абырой-беделіңді, қоғам алдындағы құрметіңді еселей аласың деп ойлаймын»

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов өзінің «Мектеп керектері» еңбегінде былай деп жазды: «...Педагог қандай болса, мектеп һәм сондай болмақшы. Яғни тәрбиеші білімді болса, ол балабақшадан балалар көбірек білім алып шығады». Қай кезде де алдыңғы қатарлы ойшыл адамдар тәрбиеші еңбегін жоғары бағалап, оның қоғамдағы рөлін құрметті де маңызды деп санаған.

3847A89C-315D-4641-B353-EAAAA5754403

Бұл жөнінде К.Ушинский: «...тәрбиеші өзін өткен мен болашақтың арасында тірі дәнекермін, шындық пен жақсылықтың құдіретті жауынгерімін деп біледі және ол өз ісін сырт қарағанда қарапайым екенін, бірақ тарихтың ұлы істерінің бірі екенін, бұл іспен көптеген ұрпақ нәр алатынын түсінеді» деп жазды. ХХI ғасырдың нағыз тәрбиешісі өз кәсібінің майталманы болып, осы мақсатқа рухани күш-жігерін, парасат-қуатын салуы керектігі айтпаса да түсінікті.

Бұл – әркімнің қолынан келе бермейтін, ерекше талапты қажет ететін, қиялы бай адамға тән қасиет. Сондай жанның бірі – Бақыт Машикова. Ол Самара облысы, Большая Глушица ауданына қарасты Степной ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген.

1979 жылы мектеп бітірген соң Орал каласына келіп, педагогикалық училищеге оқуға түсіп, тәрбиеші мамандығын алып шықты. 1983 жылы оқуды аяқтап, жолдамамен Тасқала ауданы орталығындағы «Ақбөпе» бөбекжай-балабақшасында еңбек жолын бастады. 1990 жылы «Балдырған» балабақшасына ауысты.

D3937F0D-8FD7-41F6-96BE-32B82526E4A9

– Мен қиын кезеңдерде жұмыс істедім. Жаңа ғана өз мамандығым бойынша жұмысқа кіріскенімде, 1990-1995 жылдары көп өзгеріс болып, балабақшалар жабылды. Бірақ қарап отырмай, басқа жұмысқа шығып, пошташы болып қызмет еттім. Кейін ол жұмыста да қысқарту болды. 2000 жылы Ы.Алтынсарин орта мектебі жанынан интернат ашылып, соған тәрбиеші болып жұмысқа орналастым. Сол жерде 2012 жылға дейін тәрбиеші болдым. Бірақ өзімнің балабақшадағы жұмысымды аңсап тұратынмын. Сөйтіп, 2011 жылы «Сәулет» мектеп-гимназиясы жаңа орынға көшіріліп, орнына «Бөбек» балабақшасы ашылды. Содан құжаттарымды тапсырып, мамандығым бойынша конкурстан өттім. Сондағы қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сол кезде Гүлнар Шүкірова меңгеруші болды. Өте білімді, қарапайым кісі. 2015 жылы ол басқа жұмысқа ауысып, орнына Сандуғаш Жанжігітова келді. Ол да жас болғанымен, жан-жақтан білімді, ақылды басшы болды.

Қазіргі таңда бөбекжайда жастар тәрбиеші болып жұмыс істейді. Мен де солардың қатарында жүріп, өзімді жас сезінетінмін. Мен үшін өмірімдегі ең қастерлі әрі қасиетті мамандық ол – тәрбиеші. «Жол таңдауда жалтаңдауға болмайды» дегендей, әу баста ұлтымыздың, тәуелсіз еліміздің ертеңі боларлық бүлдіршіндерді тәрбиелеу жолын таңдағаныма еш өкінбеймін. Керісінше, ауыртпалығы мен жауаптылығы қырық атанға жүк боларлық осы кәсіпті таңдау арқылы қоғамдық дамуға өлшеусіз үлес қосып келе жатқанымды мақтан етемін. Шын жүрекпен қалаған кәсіп арқылы ғана өмірлік несібеңді, абырой-беделіңді, қоғам алдындағы құрметіңді еселей аласың деп ойлаймын, - дейді кейіпкеріміз Бақыт Сайынқызы.

Міне, Бақыт апамыз біраз жыл өз махаббатын, мейірімін, білімін осы кішкентай балаларға арнаған жан. Ал тәрбиеші болу айтуға ғана оңай шаруа болғанымен, бұл мамандықтың қоғам үшін қаншалықты маңызы барын сол кәсіпті таңдағандар, осы жолда еңбек етіп жүрген жандар жақсы түсінеді.

Көрнекті тұлға Ахмет Байтұрсынұлы «Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан болсын» деген екен. Балабақша тәрбиешілері қай кезеңде болсын, ертеңгі елім дейтін ұрпақты тәрбиелеуге тер төгіп жүр. Бұл жолда үлкен ізденіс, парасат қажет. Ендеше, тәрбиешінің әр күні ізденіспен, ертеңгі азаматты қалыптастыру жауапкершілігімен ұштасып жататынын естен шығармаған абзал.

Гүлмира Серікқалиқызы

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале