Қарағанды облысында браконьерлерден 13 ақбөкен өлексесі мен 328 мүйіз тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Суреттер: ІІМ
Қарағанды облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері облыстық ҰҚК департаментімен бірлесіп, облыстық прокуратураның үйлестіруімен бір топ браконьерлерді қолға түсірді.
– Қылмыстық топ Шет ауданының тұрғындарынан құралып, құрып кету қауіпі бар ақбөкендерді атумен айналысқан. Жедел-тергеу іс-шаралары барысында 22 тінту жұмыстары жүргізіліп, полицияға 11 адам жеткізілді. 328 мүйіз, 13 ақбөкен өлексесі және 200 келіден астам бұзылған ет, атыс қаруы мен оқ-дәрілер тәркіленді, - деп хабарлады Қарағанды облыстық полиция департаментінің бастығы Негмет Исмагулов.
Қылмыстық іс қозғалды. Тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта мемлекетке келтірілген шығынды анықтау мақсатында тиісті сараптамалар тағайындалды.
Өзге ақпараттар Қазақстан Республикасы Қылмыстық процессуалдық кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.