Қоқыс жыры елдің қай өңірінде болсын әлі басыла қоймады. Өйткені тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу, оны жою бір ізге түспей тұр. Бөрлі ауданында да бұл мәселенің нақты шешімі табылды деу қиын. Дегенмен осы жолда толассыз еңбек атқарылып жатыр. Газетіміздің алдыңғы санында «Шын мен сын» айдарында қаланың айналасындағы белгіленбеген жерлердегі қоқыс қалдықтарының шашылып, табиғаттың сәнін, айналаның көркін бұзып жатқандығын көрсеткен едік. Ол бойынша бүгінгі күні қала әкімдігі мен полиция бөлімі бірлесіп қоқыс төгілген аумақтарды анықтап, барынша тазарту жұмыстарын жүргізуде. Дегенмен елдің белгіленбеген жерлерге қоқыс төгуі толастамай тұр. Халық өз айналасын өзі ластап, қаланың ажарын алып жатқандығын ұғынса дейміз. Бұған дейінгі материалда қоқыстың ашық алаңқайларда, белгіленбеген жерлерде төгілуінің тағы бір себебі қоқыс полигонындағы тариф бағасының қымбаттығы дегенді естіп қалдық. Осы мәселелердің басын бір мақалаға тіреп, қала ішіндегі қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару, тарифтің бүгінгі құны, халықтың қоқыс тастау мәдениеті, қоқыс ақысын төлеу тәртібі секілді бірнеше өзекті сұрақтарға жауап іздеп көрдік.
Жұмыс күші жетпей жатады...
Сауалдарымыздың нақты жауабын табу үшін ауданымызда екі жылдан бері тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару жұмыстарымен айналысатын «АқсайТазаСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басышысы Тельман Бекмағамбетовке бардық. Таңғы жұмыc басталар уақытта қала шетінде орналасқан қоқыс полигонынан табылдық. Жұмысшылар келіп, әркім өзі міндетіне кірісті. Мекеме құрылтайшысының айтуынша кей кезде жұмыс күші жетпей қалатын көрінеді. Өндірістік аудан болғандықтан көбі вахталық әдіспен жұмыс жасағанды жақсы көреді. Сосын қоқыстың қасында тек бір күн демалысы бар жұмысқа көпшілік келе бермейді. Бұл барлық салада өзекті мәселе екені рас. Бүгінгі күні қала тазалығына жауапты мекемеде 25-ке тарта жұмысшы қызмет жасауда.
- Бүгінгі күні полигон басында бір администратор, сосын екі күндік ауысыммен жасайтын күзетшілер және көлік жүргізушілер, көмекшілермен бірге жалпы 25-ке тарта адам қызмет жасайды. Күніге қала іші бойынша белгіленген аумақтарды төрт көлік қоқыс шығарады. Әзірге үлгеріп жатыр. Тағы да қосымша жағдайларға арналған көлігіміз әрқашан дайын. Көліктер сынып қалғанда, алмастыруға да мүмкіндігіміз бар. Жұмысшылардың құжаттарының барлығы дұрысталып, зейнетақы жарнасының түсімі, медициналық сақтандыруы, барлығы жүргізіледі. Дегенмен тұрақтылық жағынан мәселе бар. Шамаммен 2-3 адам ауысып отырады. Яғни жұмыс тұрақсыздығы 20 пайыздай деуге болады. Осылайша амалдап қызмет жасап жатырмыз. Халықтың қоқысқа төлейтін ақшасымен осы шаруаны жүргізіп отырмыз. Өткені бүгінгі күні полигондағы жұмыстар түгелдей өзіміздің құзырымызда. Үкіметтен ешқандай қаржы бөлібейтіні белгілі. Ол енді заңның аясындағы қолбайлаулар, - дейді «АқсайТазаСервис» ЖШС басшысы Тельман Бекмағамбетов.
Қоқыс өртенбесін десеңіз...
Полигондағы қоқыстың жануы қала тұрғындарының құтын қашырып, мазасын кетіретіні рас. Қоқыс төгу аймағынан сәл түтін көтерілсе, 10-шы ықшамаудан мен Шанхай аумағының тұрғындары тұншығып қалады. Мәселенің басы полигонның 100 пайызға дейін толуға жақындығы болып тұр.
- Шыны керек қазіргі кезде біздің полигонымыз 100 пайыз толып қалды деп айтуға болады. «АқсайТазаСервис» ЖШС барынша қызмет көретіп отыр. Жаңа полигон салу аса қомақты қаражатты қажет етеді. Одан басқа жаңа полигонда заманға сай қоқыс қалдықтарын сұрыптайтын, өңдейтін орындар болуы қажет, - дейді Ақсай қаласы әкімінің орынбасары Бекболат Максимұлы.
Бүгінгі жауапты мекеме өкілдері үшін де полигонда өрт болмағаны маңызды. Өйткені бір өрт болған жағдайда оның шығыны өте үлкен болады. Себебі мекемеге тиісті шартты сақтамағаны үшін айыппұл салынады. Жазғы уақытта толуға қалған полигонды ұстап тұру өте қиын екені айтпаса да түсінікті.
- Жазғы уақытта өрттің қауіпі өте жоғары екенін білесіздер. Біздің полигонның толуы жақын екені тағы рас. Сондықтан өртті барынша болдырмауға тырысып бағамыз. Алайда күннің қызуына шыдамай өрт болып жатады. Басты себептерінің бірі күнге қызатын заттардың болуы. Соның салдарынан өрт тұтанады. Мысалы осы жазда полигон аумағында өрт болды. Өзіміздің техникамызды пайдаланып, қосымша күш шақырып сөндіріп алдық. Сол бір ғана өрттің өзінің шығыны біздің біраз қаржымызды шығындады. Шығын әрине болатыны түсінікті. Дегенмен мұндай үлкен шығындар біз үшін тиімсіз. Өйткені бұдан бөлек, осы жерде қала тазалығы үшін күресіп жүрген жандардың жалақысы бар, техникаларымыздың сынатыны тағы бар. Сонымен қатар қала ішіндегі контейнерлерде өрт оқиғалары болып жатады. Оның негізгі себебі тұрғындардың немқұрайлылығында деп ойлаймын. Көбіне қоқыспен бірге кәуап пісірген кездегі шоқтың күлін тастайды, темекі тұқылын сөндірмей лақтыра салады, болмаса күнге қызатын әйнек заттарды тастайды. Соның кесірінен қоқыс контейнері өртке оранады. Ол да шығын екенін айтпаса да белгілі. Сондықтан қоқыс шығаратын көліктерден бөлек, қала ішінде тағы бір көлік қызмет жасайды. Олар жанған қоқыс контейнерлерін ауыстырады. Сосын контейнерлердегі қоқыс ұшпауы және жаңбыр кезінде іші суға толмауы үшін айналасына қоршау салып, төбесі жабылды. Кей кезде соларды сындырып, майыстырып кететін жағдайлар болады. Мен айтқан бригада жұмысшылары осындай олқылықтармен жұмыстанады. Тұрғындарға қоқыс контейнерлеріне мейлінше жауапкершілікпен қарасаңыздар деген өтінішіміз бар, - дейді Тельман Ғұмарұлы.
Қоқыс қарызға шығарылмайды...
Қоқыстың ақысын төлеу осыдан біраз уақыт бұрын үлкен мәселеге айналған болатын. Соның салдарынан қоқыс шығару қызметі жұмыс жасаушыларға тиімсіз болып кетті. Соңғы екі жылда қайтадан тұрақты компания қызметіне кірісіп, жұмыс өз ретіне түсті. Бүгінгі күні «АқсайТазаСервис» ЖШС қала тазалығы үшін талмай қызмет жасау үстінде. Мекеме басшысының айтуынша қазіргі кезде қала тұрғындары қоқыс ақысын төлеуде белсенді екен. Жұмыс басталған әзірде жалпы аудан халқының 50-60 пайызы қоқыс үшін ақы төлесе, қазір бұл көрсеткіш 90 пайызға жақындаған.
- Аудандық маслихат шешіміне сәйкес тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау және кәдеге жарату тарифі ықшамаудандардағы көпқабатты үйлердің тұрғындары үшін 462,9 теңге және жеке меншік сектордағы тұрғындар үшін адам басына 488,9 теңгені құрайды. Қазіргі кезде халық қоқыс ақысын төлеуді жақсы жүргізуде. Бұрынғымен салыстырғанда алға жылжу бар. Біз осы мәселе бойынша барынша жұмыстанып жатырмыз. Ақы төлеуді жеңілдету үшін түрлі шаралар жасалу үстінде. Аудан әкімдігі мамандарымен бірлесе отырып, «БатысЭнергоРесурсы» ЖШС келісім жасадық. Соның нәтижесінде біздер қоқыс ақысын жинау жұмыстарынан қолымыз босады. Біз оларға қажетті қаражатын төлейміз. Ал тұрғындарға қоқыс түбіртегін жеткізу, төлем ақысын алу жұмыстарымен олар өздері айналысады. Қазір түбіртектегі ақыны «Каспий» қосымшасы арқылы кіріп те төлеуге мүмкіндік бар. Біз «БатысЭнергоРесурсы» ЖШС мекемесіне қарыз тұрғындар мен мекемелердің тізімін жолдап отырамыз. Осындай жұмыстың нәтижесінде бүгінгідей көрсеткішке қол жеткізіп отырмыз. Сонымен қатар халық тынымсыз еңбегімізді көріп отыр. Күнделікті жасаған жұмысымыз өз нәтижесін беріп жатыр. Қоқыс жинайтын көліктер бір күн жұмысқа шықпай қалса, қоқыс жиналып қалатынын тұрғындар анық біледі, - дейді Тельман Бекмағамбетов.
Бәленің басы баклашка...
Қоқыс қалдықтарын ажырату жұмыстары өте маңызды процесс. Бұл жұмыс кезек күттірмейтіні анық. Ел бойынша қоқысты сұрыптау мәселесі тиімді шешілу үшін жұмыс жасалуда. Алайда бұл мәселенің тамыры тереңде. Мәселенің басы қоқыс тастаушы адамның санасының деңгейінен бастап, аяғы үлкен зауыттың құрылысына барып тіреледі.
Басқа мемлекеттер бұл мәселені қалай шешті деп үңіліп көрдік. Мысалы кезінде Швейцария мемлекеті де осы қоқыспен бетпе-бет келген екен. Тіпті жағдай ушығып, табиғатына үлкен зиян келген көрінеді. Содан бастап жаңа экологиялық саясат жүзеге аса бастаған. Оны толықтай орындауға 20 жылдай уақыт кетіп, алайда нәтижесі ойдағыдан асып түскен. Халқының санасына қоқысты үйден сұрыптап шығаруды сіңіріп тастаған. Соның арқасында бүгін әлем тамсанған таза елге айналып отыр. Мысалы біз барлық қоқысты бір контейнерге тастай салу ыңғайлы деп ойлаймыз және солай жасап жүрміз. Алайда, ондай жағдайда сіз Швейцарияда салыққа қаражат жұмсауыңыз қажет. Қоқыстың әр килограмына салық салынады. Әрбір қоқыс пакетіне салықтың төленгені жайлы марка жабыстырылады. Осы себепті жергілікті тұрғындар екінші реттік өңдеуге келетіннің бәрін өткізу орындарына алып барады екен. Бұл елде қарапайым шай қалташаларын қоқыс контейнеріне дұрыс тастауға дейін нақты ереже бар: этикетка – картонға, қалташаның өзі – ескі қағазға, шайдың қалдығы – тыңайтқышқа, түйреуішті – металға. Швейцариялықтар үшін бұл қалыпты жағдай. Біздің сана да осыған қарай ұмтылады ма деп армандап қоямыз. Алайда тұрмыстық қатты қалдықтарды былай қойғанда біздер пластик бөтелкелерді қайта өңдеуге мүмкіндік ала алмай отырмыз.
- Қоқысты сұрыптау жұмысы оңай дүние емес. Қазіргі кезде біз қолымыздан келгенше қалдықтарды бөліп алуға тырысамыз. Мысалы тастар, құрылыс материалдары болса, оларды бөлек жинаймыз. Қажет кезінде пайдаға асырамыз. Біз полигонда жұмыс бастаған кезде кіре беріс қақпаға дейін қоқыс толып тұрды. Бізге дейінгі мекеме қоқыс алаңын дұрыс ұйымдастырмаған. Соның кесірінен қоқыс таситын көліктер ішке қарай кіре алмайтын еді. Қоқыстағы тастарды сұрыптап, жинап, қақпамыздың алдына қолдан болса да, тас жол жасап алдық. Құрылыс материалдарын бөлек жинаймыз. Ағаш сұрап келетіндер болса, соларға беріп жібереміз. Ал енді баклашкаларды да бөлек тастауға тырысамыз. Алайда оның барлығын жинап отыру көп уақытты және еңбек күшін қажет етеді. Оған қоса қосымша шығынды қажет ететіні айтпаса да түсінікті. Біз баклашқа қалдықтарын жинап, өткізгіміз келеді. Бірақ Оралдың айналасында ондай жұмыстармен айналысатындар жоқ. Атырауда баклашканы қайта өңдейтін цех бар. Бізге онда жеткізу тиімсіз. Табысымыздан шығынымыз көп болып кетеді. Олар кей уақытта өздері келіп әкетіп жатады. Алайда халық санынының аздығына байланысты олар сұрайтын көлемді біздер уақытында жинап бере алмаймыз. Қасымыздағы Ресейге сатуға экологиялық кодекс мүмкіндік бермейді. Сондықтан пластик бөтелкелерді сұрыптап алғанмен, оны өңдеуге апару тиімсіз болып тұр. Бұл тұста мемлекет тарапынан қосымша қаржы қажеттігі туындайды. Егер пластик бөтелкелерді жинап, тапсырумен айналысатындар болса, біз қуана-қуана рұқсат береміз. Алайда әзірге ондай азаматтар болмай тұр, - деді Тельман Ғұмарұлы.
Қоқыстың да түрі бар...
Біздің тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған контейнерлерде үйдегі қажетті еместің бәрі табылады. Онда қажетсіз дивандар мен үйдің тұсқағаздары, сынған кафельдер тіпті жеке тұрғын үйлерде малдың ішек қарыны, басы мен сирағы кездеседі. Оны ойдан құрап жатқанымыз жоқ. Көз көргенді айтамыз. Қоқыс контейнерлерінің жанына үйілген қажетсіз заттарды тағы қосыңыз. Оның ішінде бір көлікке жүк болардай дүниелер жатады. Қоқыс контейнерлерін тазалайтын «АқсайТазаСервис» ЖШС жәшіктің жанында жатқан ондай қоқыстарды тазаламайды. Ол олардың міндетіне кірмейді. Негізінде ондай қоқыстарды әр тұрғын көлік жалдап, полигонға өзі апаруы қажет.
- Контейнерлердің жанындағы мұндай қоқыстар үнемі жатады. Қажет болмай қалған теледидар, ас үй жиһаздары т.б. түрлі бұйымдарды көруге болады. Біздер ол қоқыстарды шығармаймыз. Кей кезде неге алмайсыңдар деген сұрақтар қойып, жұмысымызға кедергі келтіретіндер де болады. Негізі әр тұрғын ондай үлкен қалдықтарды жеке көлік жалдап шығарып, полигонға әкеліп төгуі қажет. Ондай қалдықтарды төгудің өзіндік тарифтері бар. Тариф бағасы қоқыстың мөлшері мен оның қандай қоқыс екеніне байланысты. Баға негізі 1500 теңгеден басталады, - дейді «АқсайТазаСервис» ЖШС басшысы Тельман Бекмағамбетов.
Қаланың көркін алатын ондай қалдықтарды шығаруды қала әкімдігі ұйымдастырып отыр. Қазіргі таңда, қала орталығындағы ықшамаудандарға, Шанхай, Қызылтал шағын ауданына түрлі мекемелер қызмет көрсетуде.
- Контейнерлердің жанындағы қалдықтарды шығару жұмыстары атқарылып жатыр. Негізі ол қоқыстарды шығару әркімнің өз ісі. Алайда қаланың тазалығына нұқсан келмеу үшін барынша қызмет атқарып жатырмыз. Түсіндіру жұмыстары да атқарылуда. Қала ішіндегі ықшамаудандарды ондай қалдықтарды «ЗеленСтрой» ЖШС, Қызылтал шағын ауданындағы қоқыстарды «Азия клининг сервис» ЖШС, ал қаланың қалған бөлігінде «ПМК 615» ЖШС шығарып жатыр. Бұл жұмыстардың барлығы да мемлекет қаражатына жасалып жатқандығын естен шығармаған жөн. Қазір жаздың уақытында құрылыс қарқынды екені рас. Тұрғындар сол құрылыстан қалған ағаш, темір-терсек, ескі жиһаз бәрін қоқыс контейнеріне тастайды, сыймағанын жанына үйе салады. Оның барлығы қаланың тазалығына үлкен нұқсан келтіреді. Сонымен қатар жеке тұрғын үй секторында тұратындар құрылыстың қалдықтарын, малдың қиы мен көңін қоқысқа шығарып жатады. Бірақ бір әттегені полигонға апармайды. Қаланың айналасына тасалау жерлерге тастай салады. Ондай стихиялық полигондармен де күресіп, барынша тазалау жұмыстарын жасап жатырмыз. Бұл заңбұзушылық екенін атап өткіміз келеді. Егер ұсталған жағдайда полиция бөлімі тарапынан және экологиялық заңдылыққа сәйкес айыппұл төлеу қажет болады, - дейді Ақсай қаласы әкімінің орынбасары Бекболат Губаев.
Ақсай қаласының аумағында белгіленбеген жерлерге қоқыс төгу фактілері әлі де аз болмай тұр. Әсіресе жазғы құрылыс уақытында, жеке тұрғын үйлерде мал ұстайтындар малдың қиын айнала жағалай төгіп тастаған оқиғалар көп кездеседі. Осы олқылықтарды жою үшін қала әкімдігі анықталған қоқыс алаңдарын тазарту жұмыстарымен айналысып жатыр. Дегенмен мәселені толық шешу әсте мүмкін болмай тұр. Полиция бөлімінің учаскелік инспекторлары да ондай тұрғындарды анықтау үшін білек сыбана кіріскен.
- Биылғы жылдың шілде айында аудандық ПБ учаскелік полиция инспекторлары «Стихиялық қоқыс» орнын тазалауға арналған 3 ұсыным берді. Қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдар берілген ұсынымдарды уақытылы орындап, тазалауда. Сонымен қатар ҚР әкімшілік құқық бұзу туралы кодексінің 434-2 бабы бойынша ортақ пайдаланылатын орындарды, саябақтарды, скверлердi ластау, оның iшiнде белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастаған тұлғаларға 54 әкімшілік хаттама салынды. Салынған сомма - 479 960 теңге, өндірілген сомма - 138 450 теңгені құрап отыр. ҚР ӘҚБтК 505 бабына сай қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру бойынша 131 әкімшілік хаттама салынып, ескерту берілді. Осыған орай 29 рейдтік іс-шара өткізілді. Бұл шаралар әлі де жалғасады, - дейді аудандық ПБ басшысының орынбасары Маралбек Әжібаев.
Тілші түйіні
Қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарумен айналасатын «АқсайТазаСервис» мекемесінің жұмысымен таныстық. Полигонның басындағы жанкешті жұмысты да көрдік. Жеке тұрғын үйлердің полигонға қоқыс шығару кезіндегі тарифін де білдік. Қаланың айналысындағы стихиялық полигон алаңдарын тазарту жұмыстары да жүргізіліп жатқанына көзіміз жетті. Бұның бәрі алдымен адам денсаулығының бұзылмауы үшін, қаламыздың көркі кетпеуі үшін жасалып жатқан жұмыстар екені даусыз. Біздің айтпағымыз Швейцариядағыдай бір шәйдің пакетін төртке бөліп, сұрыптап тастамасақ та, үйімізден шыққан бір қалта қоқысты қонтейнерге жеткізіп, шашпай, алыстан лақтырмай, қоқыс контейнеріне тастап үйренсек деген ой. Атқарылып жатқан жұмыстарды жоққа шығармасақ екен...
Мейрамбек Сыдықов,
Бөрлі ауданы,
zhaikpress.kz