10.08.2024, 9:00
Оқылды: 60

Бүгін – Абай күні

Қазақстандықтар ұлы ақын, ұлы ойшыл, дала философы Абайдың атаулы күнін осымен бесінші жыл қатарынан атап өтеді. Иә, 10 тамыз 2020 жылы ресми түрде Абай күні деп белгіленген болатын. Бұл дегеніңіз Абай іліміне, Абай тағылымына деген үлкен бетбұрыс болса керек.  Абайды ұзақ зерттеп, атақты «Абай жолын» жазған Мұхтар Әуезовтің өзі «Абай деген терең теңіз, мен одан шөміштеп қана су іштім» деуі бекер болмаса керек. Қазақ - ақын халық. Бізде мықты ақындар өте көп. Бірақ, Абай бас ақын және ол жалғыз дара ақын. Оған ең басты себеп ойшылдығы, ұлтын сүйгіштігі, ілім-білімге жетелеуі болса керек. Абай атамыздың бізге қалдырған өсиеттері, ақыл-кеңестері ой-толғаныстары қазақ үшін ғана емес, бүкіл адамзат үшін баға жетпес байлық, асыл мұра. Әрбір қара сөздерінің өз неге тұрады. Сол себептен хакім Абайдың шығармалары әлемнің 10 тіліне аударылып, оқылып жатыр. Әлі де аударыла бермек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы Абайдың 175 жылдығына арнап жариялаған өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «ғұлама Абай қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады» деген болатын.

1200_0_16e8fb49c16e300c07e38d1c8bdb6a05

Фото: e-history.kz

Ақсайдағы Абай

Ақсайда да Абай атамызды сүйіп оқиды деп айта аламыз. Ауданымыздың кітапханалар жүйесіндегі 27 кітапханада Абайдың шығармалары екі тілде толып тұр. Соңғы жылдары соңғы үлгіде, үш тілде, ғажап безендірілген, сапасы да жоғары кітаптар да келе бастады. Бұл кітаптарды іздеп оқитындардың қатары көп екені қуантады.

Қаламыздың 10-шағын ауданындағы 9 қабатты үйдің сыртына Абай Құнанбаевтың суреті (муралы) салынып, оның:

"Пайда ойлама, ар ойла,

Талап қыл артық білуге.

Артық ғылым кітапта,

Ерінбей оқып көруге", - деген өлеңінің алғашқы жолы тасқа басқандай болып жазылды.

Сондай ақ еліміздің көп қалаларындағы сияқты Ақсай қаласындағы ең ұзын, ең әдемі көшенің бірі Абай атында. Бұның барлығы Абайға құрмет, Абай даналығына бас ию. Сонда да болса біз жастарға Абайды насихаттауды, Абайды түсініп оқуға, түйсініп оқуға шақыруды жалғастыра беруіміз керек ақ. Оның шығармашылығында терең философиялық ой бар екенін әлем әдебиетшілері әлдеқашан мойындаған. Өкінішке орай, бұл бағытта бастаған істеріміздің аяқсыз қалған тұстары да жоқ емес. Бір кездері қаламыздағы №4 мектепті Абай атындағы мектеп деп атасақ деген ұсыныс болған. Кейіннен жаңадан салынған мектептердің біріне берерміз делінді. Ақыры осы ұсыныс жалғасын таппай мектептеріміз 1, 2, 3 болып жалғасқан күйінде  нөмірленуден аса алмай қалды. Айтпақшы, Ақсай қаласының кезекті бір әкімі биік мінбеден Абай ескерткішін Абай даңғылының басына қоятын болып та, желпінткен-ді бір кезде. Сол уәде сол әкіммен бірге кетті-ау.

Менің өмірімдегі Абай

Абай қалың елі қазағы үшін күңіренді. Қайғы ойлады. Бар оқып-білгенін, ойға түйгенін халқым надан болмаса екен деп тасқа басып қалдырды. Халық Абайды оқып келе жатыр. Әлі де оқи береді. Әркім өз деңгейінде, қарым-қабілеті жеткенінше. Әр оқыған сайын әркім әртүрлі ой түйеді.

Мен оқушы кезімнен өлең жаздым. Ақындарды құбылыс, Абайды құдірет санадым. Өлеңдерімнің газет-журналдарға шығуы мен үшін маңызды емес еді ол кезде. Бірақ менің өлең жазатынымды ауылда, ауданда бәрі білетін. Мектеп бітіргеннен кейін сонау оңтүстіктен келіп Орал қаласына педагогикалық институтқа оқуға түстім. Таныс емес орта. Ашыла қоймадым. Бірақ Қ.Жұмалиев атындағы студенттер арасындағы ақындар үйірмесіне қатысатынмын. Бір күні ұстаздарымыздың бірі өлең жазатындардың бәрінің өлеңдерін жинап алып кетті. Сол аптада облыстық «Орал өңірі» газетіне студент жастардың өлеңдер топтамасы шықты. Сондағы менің тасқа басылған өлеңім былай аяқталушы еді:

..Қызықтырмас мені енді

Біреудің өсіп, толғаны.

Кім болсаң мейлі, ол болғын,

Абайды сүйсең болғаны.

Ұлы Абайға арналған осы өлеңнен кейін менің атым облысқа ақын ретінде таныла бастады.

Абай жас ақындар көзімен

Десе де ауызды құр шөппен сүртуге болмайды. Мектеп жасындағы әрбір бала Абайдың кім екенін біледі. Өлеңдерін жаттап өсуде. Абайды сүйіп оқитындармен бірге дәстүрлі Абай оқуларына қатысып, оның том-том өлеңдерін жаттап жарысқа түсіп, жүлде алып жүрген оқушы жастар бары қуантады. Солардың бірі жас ақын, көркемсөз оқу шебері, Абай оқуларының жүлдегері Гүлсезім  Сүйеуғалиева. Ол ұлы Абайға арнаған жырымен де жыр бәйгесіне қатысқан. Міне, осындай талантты да талапты, озық ойлы ұрпақ барда Абай ілімі өркендей беретіні хақ.

Дариға Нұрашова 

Бөрлі ауданы

zhaikprezss.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале