6.08.2024, 17:59
Оқылды: 272

Сексен екі жылдан кейін табылды

Әкеміз Ғұсманов Ғимран Құсманұлы шаңырағы алты ағайынды болған. Үш ер бала – Муфтолла, Ілияс, Ғимран және үш қыз бала – Рузия, Өзира, Зәуреш. Әкемнің үлкен ағасы Муфтолла 1916 жылы туған. Ол 1941 жылы Екінші дүниежүзілік соғысқа алынады. Соғыста  ұшқыш болып, жауға қарсы шайқас кезінде жарақат алып, госпитальде емделіп шығады. Кейін қайтадан майданға аттанып, елге тек 1947 жылы оралған.

IMG-20240509-WA0030

Әкемнің екінші ағасы Ілияс Өтеғалиев 1921 жылы туған. Ол 1942 жылы майданға аттанып, содан хабарсыз кеткені туралы қаралы қағаз келген екен анасына, яғни біздің әжемізге. Әкеміз көзі тірісінде ағасына іздеу жариялап, таба алмады. Кейін оны біз жалғастырдық.

Қазіргі заманның интернет желісіне сүйене отырып, «Атамның аманаты» атты қоғамдық бірлестік сайтына жолығып, үлкен қуанышқа кенелдік. Осы қоғамдық бірлестіктің ұйымдастырушысы Эля Сағынбаева деген азаматша, 82 жылдан астам уақыттан бері ешкім таппаған қазаға көңіл айтып, ағамыз туралы мәліметті тауып берді. Осыған орай «Атамның аманаты» ҚБ-ға, оның ұйымдастырушысы Эля Нұрпайқызына, сонымен бірге серіктес волонтерлерғе мың алғысымызды білдіреміз.

Ілияс атамыз 1942 жылы мамырдың 6-сы күні Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданы Қамысты ауылдық кеңесінің «1-Май» ұжымшарынан қатардағы жауынгер болып соғысқа алынған. «Воинская часть п/п 20-24 часть 81» деп көрсетілген. Соңғы әскери қызмет атқарған жері: 1105 пап. Тіркеуден алынған уақыты 12.12.1942 жыл. Сталинград облысы Котельников ауданы, Небыков селолық кеңесі, Челиков стансасы. Атқарған қызметі: барлаушы (разведчик, наблюдатель). Есімі Ушас Утегалиев болып тіркеліп кетіпті.

Әжеміз айтушы еді, балам кеткен соң, одан тек бір ғана хат келді деп. Хатында ол: «Сталинградтан қашық емеспіз, оқу-жаттығудан өтіп жатырмыз. Осы жерден жіберсе, үйімді байлаулы көзіммен де табар едім», - деп жазыпты. Содан кейінгі келген хат, қаралы қағаз еді. Онда: «Сталинградты қорғаудағы ауыр шайқаста, сіздің балаңыз Ушас Утегалиев із-түзсіз жоғалды» делінген.

IMG-20240509-WA0034 (1)

Челиков стансасында белгісіз жағдайда қаза тапқан 23 жауынгердің жерленген мәйіті табылды. Ақпаратпен таныса келгенде, атамыздың батальоны сол стансада жаумен шайқасқан. Ұрыстан кейін ол тірі қалған жауынгерлердің тізімінен табылмаған. Қайғы-мұң бойымызды кернеді.

Тарихқа үңілсек, Котельников қаласы Волгоградтан 190 шақырым қашықтықта орналасқан. 1942 жылы қалада Сталинград үшін ең маңызды шайқас жүреді. Бұл жолы немістің Паульс бастаған 6-армиясын кеңес әскерлерінің қоршауынан шығаратын бір ғана жол болған. Сол себепті жау көп мөлшерде танктер тобын осы жерге тартқан. Олар бір жойқын соққымен қоршаудағы 6-армиясын босатып, ары қарайғы жоспарында Сталинградқа басып кіру болған.

Кеңес әскерлері Котельников көшелерінде түнімен шайқасқан. Тек екінші күнге қараған аязды желтоқсан таңында Кеңес әскерлері қаланы жаудан тазартқан. Осы шайқаста жаудың үш мың әскері тұтқындалып, 65 оқ-дәрісі мен қаруынан, минометінен, 50 танктен айырылған. Осы жан алып, жан беріскен қиян-кескі шабуылдар кезінде Чиликов стансасында басқа да жауынгерлермен бірге, біздің атамыз да ерлікпен қаза тапты. Ол  жауынгер – Ілияс Өтеғалиұлы.

Ғұсмановтар әулетінің ұлдары: Талғат, Таумұрат және осы шаңырақтың үлкен қызы Гүлшарат Мұханбетова Ілияс атамыздың кіші қарындасы Зәуреш Ғұсманова апамызды алып, әулеттің апа-сіңлілерімен, іні-немерелерімен, Ілияс атамыздың бауырларының, яғни Муфтолла атамыздың қызы Мазлюма Құсманова мен Қатера әжеміздің қызы Райса Мұқанқызы апаларымыз бар, биыл 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңыңда он екі кісі болып, Волгоград облысы Котельников ауданының Чиликов стансасына барып қайттық.

Атамыздың жатқан жерін көргенде жүрегіміз тебіреніп, бойымызға тыныштық орнады. Туған жерден апарған бір уыс топырақты салып, Құран бағыштап, тағзым еттік. Котельников қаласынан мұсылман мешітін тауып, барша қаза тапқан жауынгерлерге Құран оқып, мешіт келушілеріне садақа бердік.

Қазіргі жастарымыз бізге жеңістің қандай қиындықпен келгенін біліп, біздің бейбіт әрі жарқын өміріміз үшін жанын қиған аталарымызды әрдайым есте сақтасын деген мақсатпен жазып отырмыз.

Сонымен, Ұлы Отан соғысында хабарсыз кеткен 271 мың жауынгердің тағы біреуі табылып, басына Құран бағышталды.

Таумұрат Ғұсманов

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале