ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елде болған су тасқынының көлемі туралы:
– Апаттарға қарсы күрестің тиімді жүйесін құруды көздейтін күрделі шаруа шешімін табуы керек. Сондықтан табиғат апаттарымен күресетін пәрменді шаралар қабылдау үшін мемлекет пен ғылымның ықпалдастығын іс жүзінде қайтадан қалыпқа келтіру қажет, - деген еді.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Тараздағы Қазақ гидромелиорация-құрылыс институты қайта құрылып, Алматыдағы Сейсмология институтының әлеуеті күшеймек. Климат өзгерістерін зерттеп, тежеуге айрықша назар аударылады. Су шаруашылығы саласын басқару жүйесі, оның ішінде «ҚазСуШар», «Нұра топтық су құбыры» сияқты компаниялар да түгел қайта жанданады.
– Елдегі бөгеттер мен бөгендердің барлығы дерлік өткен ғасырдың 50-70 жылдары салынған. Заман талабына сай су қоймалары тапшы болғандықтан, биылғы тасқынның зардабы тіпті ауыр болды. Сондықтан Қазақстанның 11 аймағында жаңадан 20 бөген салынады, тағы 15-іне күрделі жөндеу жүргізіледі. Сонда 134 елді мекенді су басу қатері едәуір азаяды. Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасына тасқынның алдын алу және оның салдарын азайту шаралары қосылады. Бұл шаралар халықаралық тәжірибені ескере отырып әзірленеді», - деп қосты Президент.
Сырым ауданына жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан мырзадан Тоқаев мырзаның тапсырмаларының «тағдыры» туралы сұрадық:
– Су тасқынының салдарынан бұзылған инфрақұрылымды қалыпқа келтірудеміз. Тұрғындарға келген шығын өтеліп жатыр. Жаңа баспаналар салынды. Бірақ судың ауызын кім бітейді? Тағы да тасқын болса, жасап, жаңартқан дүниеден пайда болмай қалмай ма? Осы жұмыс кейін қалып қоймады ма? - деген сауал қойдық мәжілісменге.
– Сырым және Қаратөбе аудандарындағы баспаналардың құрылысымен таныстық. Себебі, Мемлекет басшысы белгілеген мерзім жақындады. Балалар мектебіне жаңа үйден баруы тиіс. Қос аудандағы құрылыс жұмыстарына көңіл толды. Талап ескерілген, сапа сақталған. Нысандар уақытынан ерте тапсырылуы да ықтимал. Қаратөбе ауданындағы Қоржын елді мекенінің тұрғындарымен кездестік. Ол жақта бір көше емес, тұтас бір ауыл салынып жатыр. Жалпы Батыс Қазақстан облысының орталығы мен аудандарындағы топан сумен күрес шаралары ауқымды деңгейде жүрді. Халық қолымен қорған соқты. Ел бойынша ең күрделі ахуал дәл біздің өңірде болды. Республикада құрылысы басталған баспаналардың да тең жартысы Орал өңірінде бой көтеруде. Су шаруашылығын реттеу үшін дербес министрлік құрылды. Парламенттің осы маусымдағы соңғы сессиясы алдында мамандармен жүздесіп, сұрақтарымызды қойдық, жоспарларын сұрадық.
Су және ирригация министрлігі бірінші кезекте облыстардағы су нысандарының жол картасын дайындайды, жобалау-жоспарлау жұмыстарымен танысады. Біз жоспарсыздықтан зардап шегіп отырмыз. Судың жолын, жайылмасын құрылыс алаңы ретінде пайдалану фактісі жиіледі. Бас жоспарсыз үй мен көшеден бастап, мөлтекаудандар салынды. Су тасқыны сол округтерге зардап тигізуде. «ҚазСуШардың» қараусыз қалған обьектілері, қақпалары, шаруашылықтардың өз беттерінше салған бөгеттері – сындарлы күні бәрі де сыр берді.
Парламент қыркүйекте жұмысын бастайды. Министрліктің жұмысы мен жоспарын тағы қарап, талқылаймыз, - деді Абзал Құспан.
Депутат құрылыс жұмыстарының көлемі артқанын, соған байланысты ауылдағы азаматтардан жаңару үдерісіне қатысып, бір жағынан табыс тауып, екінші жағынан елдік іске атсалысуын сұрады.
Сұхбаттасқан: Бауыржан Ширмединұлы
Сырым ауданы