8.08.2024, 15:00
Оқылды: 127

Жаманованың «Жаман» деген жұрты бар

Қымбатты оқырман, «Теректі топырағы» атты айдарда  КСРО халық әртісі, қазақ опера өнерінің майталманы, профессор, күміс көмей әнші, есімі елге мәшһүр Роза Жаманова хақында қалам тербеуді құп көрдік.

152505B6-8864-47DA-B0D1-28651C5FCF34

Атақоныс — алтын мекен

Роза Үмбетқызы 1928 жылдың 16 сәуір айында дүние есігін ашқан.    Әке-шешесінен ерте айырылған. Бұл туралы Шалқар ауылдық округіне қарасты Сарыөмір ауылының тұрғыны, кейіпкеріміздің туысы Жантемір Тасқалиев былай дейді:

— Ата-анамыздың айтуынша, Роза апай — біздің өлкеміздің тумасы,  кіндік қаны тамған жері — Әлжан көлінен қашық емес,  оңтүстікке қарай 2 шақырымдай жерде орналасқан «Жаман» деген ел екен. Бұл өлке Роза апайдың атасы Жаманның атымен аталып кеткен. Біздер он екі ата Байұлының Байбақтысынан тараймыз.  Ақберлі атамыздың үш баласының кенжесі Жылқыайдар ағайын болып келеді, Роза апамыз да осы рудан шыққан.

Сонау алмағайып заманда Розаның әкесі Үмбет атамыз 20 ғасырдағы дүрбелеңге ілініп, айдалып кеткеннен кейін сол жақта мерт болған. Үлкен кісілер мұны тарқатып көп айтпайтын. Ата-анасы о дүниелік болғаннан соң Роза апамызды Ақтөбедегі, ал Болат деген бауырын Атыраудағы балалар үйіне тәрбиелеуге берген.

Біздің туған жеріміз Дуана ауылы. Ұмытпасам, 1963 жылы маусым айында осы ауылға  Роза апамыз келді. Қасында әнші Ғарифолла Құрманғалиев, сол кездегі аудандық атқару комититетінде жұмыс атқарған жерлесіміз Әсетолла Алдыоңғарұлы бар. Ол уақытта мен 6-7 жасар баламын. Ата-анамыз  құтты меймандарды шаңырағымызда қонақ қылды. Ол кісі елге келген сапарында ата-бабаларының жерін көру үшін «Жаман» деген қыстаққа барған. «Атасының зиратын таба алмай кетті» деп әкем айтып отырушы еді. Қазір «Жаман» деген елде тек төмпешіктер қалды, — дейді Жантемір Ғибатоллаұлы.

3F0BB831-F2A3-4793-8000-E7EED6E582ED

Роза апай 2008 жылы берген қысқа ғана сұхбатта «Әкем Орал жақтың тумасы, ал анам Тайпақтың қызы. Ел жақта «Жаман» деген ауыл бар. Сондағы құдықты «Жаманның құдығы» дейді екен тұрғындар. Бір жылдары еліме барғанда ауыл халқы бір топ болып құшақ жая қарсы алды. Балалар үйінде өстім. Алматыға оқуға түсу үшін Оралдан 5 қыз келдік» деп өмір жолынан сыр шерткен.

Айтпақшы, осы жылдың мамыр айында Алматыдан «Роза апай туралы деректі фильм түсіреміз» деп оператор, тілшілер келіп кеткен екен. Апайдың атақонысын аралап, тұрғындардан сұхбат алған. Түсіру тобының мүшесі Айнұр Ералыға хабарласқанымызда, «фильмді монтаждап дайындап қойдық,  күз айында жарыққа шығып қалуы мүмкін» деген хабарды тілге тиек қылды.

Иә, өмірі өнермен өрнектелген Роза Үмбетқызы туралы мәліметтердің көп болуы — біз үшін, келер ұрпақ үшін  керек-ақ!

Оралдағы музыкалық мектепте тәлім алған

Роза Жаманова музыкаға деген сүйіспеншілікпен ең әуелі габойда ойнауды үйрене бастаған. Алайда, оның ынтызарлығы фортепьяно аспабын игеруге жетеледі. Талдырмаш келген, қуыршақтай Роза оқудан бос уақытын музыка аспаптарында ойнауға арнады.

Тәрбиешілер, мектеп мұғалімдері Розаның музыкаға деген жоғары қабілетін байқап, Орал музыкалық училищесіне қабылдануына жол ашты. Оның вокалдық дарындылығын сольфеджио сабағына қатысқан ұстаз А.Муравьева танып Розаға бір ән айтуды ұсынды. Табиғатынан биязы қыз қанша қысылса да даусы айтарлықтай анық, жақсы шықты. Әрі қарай Роза Н.Дмитриева-Лещенкондан вокалдық тәжірибиенің бастапқы сабағын ала бастайды. Одан әрі ұстаздықты Б.Горский жалғастырды. Училищені үздік бітірген Роза Алматыға аттанып, консерваторияға қабылданады. Мұнда ол профессор А.Курганованың класынан вокалдық сабақтар ала бастайды.

«Ғажайып құбылыс»

Консерваториядағы оқу мерзімі аяқталғаннан соң ол дирижер Исидор Зактың ақылымен Алматы опера және балет театрының дайындық тобына қабылданды. Бір жыл өтер-өтпестен оған Евгений Брусиловскийдің «Ер Тарғын» операсындағы Ақжүніс партиясын орындау тапсырылды. Әрине, бұл өнердегі оған артылған үлкен сенім еді.

Театр басшылары, әртістері, тыңдармандар бірден-ақ Роза Үмбетқызының сахналық пісіп жетілгендігін, дауыс диапазонының мол мүмкіншілігін байқады. Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сарасында» бас партияны орындағанда оның дарынды әншілігіне жаппай танымалдық келіп жетті. Сөйтіп опера және балет театр сахнасында опералардың барлық басты рөлдерін атқара бастады. Солардың ішінде Джако-мо Пуччинидің «Чио-чио-сан» операсындағы «Мадам Баттерфляй» партиясының орны ерекше.

Опералық репертуарының тізімі 45-ке жуық. Олардың қатарында — Е.Брусиловскийдің, М.Төлебаевтің, Л.Хренниковтың, М.Глинканың, А.Жұбановтың, Л. Хамидің, Гуноның, Моцарттың, Шебалиннің, Қ.Қожамияров пен Н.Тілендиевтің, Г. Жұбанованың және тағы басқалардың опералары кірді.

Роза Жаманованың шетелдерге гастрөлдік сапарлары да жемісті өтті. Шебер әншінің орындауындағы ән тілмашты қажет етпей-ақ музыка тілінің құпиялығымен халық жүрегіне жете алды. Ол Канада, Үндістан, Италия, Швеция, т.б. да елдерде қазақ музыка өнерін, классикалық операларында партияларды аса шеберлікпен танытты. Бір сөзбен айтқанда, опера өнерін дамытудағы рөлі, сіңірген еңбегі орасан. Кезекті өнер сапарында  мәскеуліктер  әншінің дарынын «ғажайып құбылыс» деп бағалады. Сол сапардан кейін Роза Жамановаға «КСРО халық әртісі» деген атақ беріледі. Міне, осындай жоғары атақты әнші Күләштан кейінгі алған, оның ізін басқан, қазақтың мақтанышы — Роза Үмбетқызы.

Әйгілі әнші өзінің өнердегі жолы туралы «Мен консерваторияда Ахмет ағаның студенті болдым. Ол лекция оқыған кезде аудиторияда шыбынның ызыңы  естілетіндей тыныштық орнайтын. Ол кісі бізді 1958 жылы Мәскеудегі қазақ мәдениетінің онкүндігіне алып барды. Ахаң мен Латиф Хамидидың жазған «Абай» операсындағы Ажар партиясын орындадым. Сол Ажар рөлі арқылы  «Халық артисі» атағын алдым. Тек мен ғана емес, қазақта биік атақ-дәрежеге жетіп, үлкен құрметке бөленген әншілердің, музыканттардың бәрі де ең алдымен, Ахаңа қарыздармыз. Біз Ахмет Жұбанов салған өнердің даңғыл жолына түстік, сол жол арқылы талантымыздың бағы ашылды» деген екен сұхбаттарында.

Елеулі еңбегі – оның ұстаздығы

Роза Жаманованың тағыда бір елеулі еңбегі – оның ұстаздығы. 1987 жылдан бері Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияда профессор, вокал бойынша дәріс берді. Музыкалық жоғары оқу орындарында вокалдық әншілер үшін оқу бағдарламаларын құрастыруға қатысты. Әншінің театрдағы шығармашылығын консерваторияда педагогикалық жұмыспен ұштастыруы үлкен нәтиже берді. Атақты әншіден тәлім алған 40-тан астам шәкірттері Қазақстан, Ресей, Грекия, Қытай, Моңғолияда табысты еңбек етуде. Жиырмадан астам шәкірттері халықаралық және республикалық байқаулардың жүлдегерлері мен лауреаттары. Біраз студенттері театрда өзінің ізін жалғастырды.

Еркелеткен еліне өшпес із қалдырып кете барды ...

КСРО халық әртісі Роза Үмбетқызы «Ленин, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, Парасат» ордендерімен марапатталған. СССР және Қазақ ССР Жоғары кеңесінің депутаты болды. «Тарлан» сыйлығының иегері. Сонымен қатар Моңғол мемлекетінің, Эстон республикасының, Шешен-Ингуш автономиялық республикасының «Құрмет грамоталары» берілді.

Қазақ опера өнерінің шебері Роза Жаманова 2013 жылы 27 желтоқсанда  86 жасқа қараған шағында елімен қоштасып, мәңгілік мекеніне аттанды.

Соңындағы ұрпаққа, еркелеткен еліне өшпес із қалдырған Роза Үмбетқызы халықтың жадында мәңгі сақталары хақ!

Ой-түйін:  — Ғаламторға үңілсек,  «Роза Жаманова Ақтөбе қаласында дүниеге келген»  дейді.  Солай-ақ болсын, себебі Розадай бір туар әнші  жалпақ жұрштылыққа ортақ жан ғой!  Десек те көпшілік Жаманованың «Жаман» деген жұрты бар екенін біле жүрсе деген ниет еді ғой біздікі.

Тақырыпқа тұздық:

«Бар ғұмырын операға арнаған»

Біз консерваторияда бірге оқыдық. Студент кезімізден әншілік жолында қол ұстасып бірге жүрдік. Театрда бірге жұмыс істедік. Роза құрбым өнер жолында бақытты болды. Театрдың босағасын берік ұстап тұрған ұстынындай еді десем, қателеспеймін. Ермек екеуміз көбіне гастрольдерге кеткенде негізгі партияларды түгелдей Роза орындап, бүкіл ауыртпалық жүгін өзі көтеруші еді. Сонда қыңқ етпейтін, ешбір реніш білдірмейтін. Қазіргі кезде операда жастар көп қой. Біздің кезімізде санаулы, екеу-үшеу ғана едік.

Розаның жансебілдігі ғой, театрдан басқаны білмейтін. Ән өнерін өркендету үшін көп қоғамдық жұмыстарды да мойымай мойнына алатын. Депутат та болды. Біраз жылдар Театр қоғамын басқарды. Консерваторияда ұстаздық та етті. Бар ғұмырын операға арнаған қазақтың бір әншісі болса, сол Роза Үмбетқызы.

Бір ғана дәтке қуат, Роза Жаманова сияқты дарынның өзі өлсе де, өнері халқымен бірге жасайды.

Бибігүл Төлегенова

КСРО халық әртісі

«Алғашқы ұстазым осы кісі»

Абай атындағы мемлекеттік академиялық қазақ опера және балет театрында Роза Үмбетқызымен бірге өнер көрсете жүріп, мен ол кісіден көп нәрсе үйрендім. Консерваторияда Бекен Жылысбаевтың класын бітіріп, әншілік дауыстың қыр-сырын меңгерсем, ал театрдағы кәсіби өнердің қатпарларына терең батырып, түбінен інжу-маржан тергізген, сахна әртісінен талап етілетін барлық шеберлікті санама тоқытқан алғашқы ұстазым осы кісі. «Ер Тарғын» операсында ол Ақжүністі, ал мен Дананың рөлін сомдадым.

Танымал тұлғаларға сырттай табыну бір басқа да, өнер жұлдызымен қатар ойнаудың бақыты өз алдына бөлек сезімге бөлейтін. Сондағы Ақжүністің бейнесін сомдаудағы ерекше еңбекқорлығы мені қатты тамсандырды. Жаратылысында жаны өте нәзік, жұмсақ болып көрінетін адамның сол болмы­сқа мүлде қайшы, батыл да қайсар кейіпкерді дәл бере білу таланты сүйсінтті. Рөлге, өзіңе берілген бейненің үстінен оңашада қалай жұмыс істеу керектігін алғаш мен Роза апайдан үйрендім десем, қате айтпаймын.

Оның күміс қоңыраудай құлаққа жағымды естілетін лирико-драмалық сопрана дауысы жоғары вокалдық мәдениеттің ұмытылмас сарыны ретінде санамызда ұдайы жаңғырып тұра беретіні тағы аян.

Нұржамал Үсенбаева

Қазақстанның халық әртісі

«Халқын сүйетін абзал жан»

Роза Үмбетқызының қазақтың классикалық опера өнеріндегі болмысы бөлек, орны ерекше еді. Біздің ұлы әншілеріміз Күләш Байсейітова, Шабал Бейсекова сынды асыл апаларымыздан кейінгі толқынның топ жарғаны осы кісі. Абай атындағы опера және балет театрында халқымыздың классикалық әндерін, еуропалық және орыс операларындағы сопрано дауысты партияларды орындауда ең алдыңғы шептен көрінген ұлы әншіміз деп те батыл айта аламын. Роза Үмбетқызы театрда қырық жыл бойы үздіксіз еңбек етті. Қазақ әншілерінің ішінде бүкіл әлемге биік деңгейімен танылған, әншілік өнердің шыңына шыққан талант иесі еді.

Роза апай отыз жыл бойы Құрманғазы атындағы консерваторияның профессоры болып ұстаздық етіп, жастарға дәріс берген кезінде тығыз байланыста, бір шаңырақта жұмыс істедік. Мінезге бай, байсалды да мейірімді, ақылды кісі болатын. Жүрегі таза, туған елі мен халқын сүйетін абзал жан еді. Мен ол кезде консерваторияда факультет деканы, одан кейінгі жылдары кафедра меңгерушісі едім. Осы жылдарда отыз шақты дарынды шәкірттерді баулып тәрбиелегеніне куәмін. Олардың ішінде Дина Дүтмағанбетова, Балапан Жұбаевалар Глинка атындағы конкурс лауреаттары атанды, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері деген мәртебелі атақ алды. Абай атындағы опера және балет театры­ның танымал солистеріне айналды. Осының бәрінде Роза Үмбетқызының көптен-көп ұстаздық үлесі бар екені сөзсіз.

Ол кісі бірқатар халықаралық ән конкурстарының жюри мүшесі, Күләш Байсейітова атындағы әншілер конкурсының төрайымы болды. Опера өнеріндегі мұндай үлкен тұлғаның орны әркез ойсырап тұрары анық. Бірақ қазақ халқы тұрғанда қазақ өнерінің бағына туып мерейін асырған Роза Үмбетқызы апайымыздың есімі ешқашан ұмытылмақ емес. Консерватория мен опера театрының алтын кітабында, жарқын шежіресінде осынау ұлы дарынның сомдаған рөлдері, айтқан партиялары әрқашан біздің жас әншілерімізге үлгі бола бермек.

Шахмардан Әбілов

Қазақстанның халық әртісі,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

«Кішкентай » деп ат қойған

Роза Жаманова өнер жолын Орал қаласының музыкалық училищесінде габой аспабында сабақ алудан бастаған. 1953 жылы Алматы консерваториясын «Жеке ән салу» мамандығы бойынша профессор А.Кургановтың класынан бітіріп , сол жылы опера және балет театрына солист болып кабылданады. Театрда Роза Үмбетқызы алғашқы рет Е.Брусиловскийдің «Ер Тарғын» операсындағы Ақжелеңнің партиясын орындаған. Ал Ақжүністің партиясын аты аңызға айналған Күләш орындайтын. Осылайша, Күляшпен бірге бір сахнаға шығып, оның батасын алып, шабыттана бастайды. Күләш сол күннен бастап, Роза Үмбетқызын еркелетіп, оған «кішкентай » деп ат қойған.

Жеке өмірінде Бақыт аға үлкен тірек бола білді. Бақыт аға Роза Үмбетқызын қатты жақсы көріп, аяулы алақаны мен құшағында қорғады. Ешкімді қасына жолатқан емес. Кішкентайынан балалар үйінде өсіп, махаббатты аңсап өскен Роза Үмбетқызы өмірде өзінің сүйенішін тапқанын айтып, мақтанатын. Былайша сахнадан тыс өмірде Роза Үмбетқызы сондай қарапайым, тұйық адам болатын. Кез келген адам қасына жақындай алмайтын. Тек қана өзінің жақсы білетін адамына ғана ашылатын. Көшеде көрген адам оны актриса деп те ойламайтын.

Өз басым Роза Үмбетқызымен 1966 жылы 24 жасымда кездестім.Ол кезде ол кісі белгілі әнші болатын. Одан кейін 30 жылдай бірге жұмыс істедік. Роза Үмбетқызымен жұмыс істеп жүрген кездерімді еске түсірсем, өзімді ертегі әлемінің кейіпкеріндей сезінемін. Себебі ол кісі маған театрдың ішіндегі бірден-бір жан — дүниесі кіршіксіз таза, мамандығын сүйетін, еңбекқор, періштедей көрінетін. Әрбір қойылымға өзінің жоғары музыкалық философиялық талғам — мәдениетімен, яғни үлкен дайындығымен, ізденісіменен кірісетін. Айтып тұрған әрбір партиясын композитордың айтқысы келген ойымен ұштастырып, өзінің тұла бойынан өткізетіндігімен таңғалдыратын. Роза апай вокалдың қыр-сырын жетік меңгергендігімен, дауыс бояуымен ерекшеленді. Әрбір дәуірдің шығармаларына құдіретті күш бере білетін. Ой-өрісі кеңдігінің арқасында музыкалық форманы терең сезініп, тыңдаушыларын ұйыта білетін. Ол халыққа өзіне ғана мәлім кәсіби құпиясымен шығатын. Оның бұл сырға толы құпиясын ешкім шеше алмады. Орындайтын партияларын дәрігерлер секілді егжей-тегжейлі зерттеп алатын. Операның мазмұнына, әр сөзінің сырына үлкен мән беретін. Сахнада кейіпкерінің өмірін сүретін. Кейде маған бүкіл ғұмырын операға ғана арнаған сияқты көрінетін. Тіпті спектакльдің соңында тыңдармандарының көрсеткен қошеметіне иіліп, олардан өзіне ғана мәлім қателіктері үшін кешірім сұрап тұрғандай әсер қалдыратын. Жалпы бір сөзбен айтқанда, Роза Үмбетқызы өмірде өзіне сенімді, басқан қадамы нық жан еді.

Базарғали  Жаманбаев,

Қазақстан Республикасының халық әртісі

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор

Әзірлеген Самал Жамет

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале