Шаруалар «өртеніп» тұрған мәселелерін ҚР Парламенті депутаттарының алдына тікесінен қойды
Oңтүстік аудандардың шаруалары ҚР Парламенті депутаттары Арман Өтеғұлов, Абзал Құспан, Ләззат Рысбековамен кездесті. Онда шаруалар ел қалаулыларының алдына қазірден бастап күрделі жағдай қалыптаса бастаған алдағы қыстақ мәселесін, шабындықтар мен жайылыстарды тып-типыл жасаған киік жайын қабырғасынан қойды. Орын алған қиын жағдайларға байланысты күні кеше жергілікті жерлерде (төрт ауданда) төтенше жағдай жарияланғаны белгілі. Ол шаруаға не береді?
Суретті түсірген фотограф Мейірбек Тажқұранов
Соңғы жылдары мал баққан ағайынның мазасын әбден алып, шаруаларын шайқалтқан бұл мәселелердің өзектігінен шығар, кездесу сағаттарға созылды. Талай мәселелер айтылды. Сонымен онда көтерілген шаруалардың жанайқайын тобықтай түйіп айтсақ.
Кездесуді облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов ашып, жүргізіп отырды. Мінбеге алғашқы болып Жаңақала ауданы ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі, 1991-1998 жылдарда Жаңақала мемлекеттік аңшылық, кәсіпшілік шаруашылығының директоры болған Тыныштық Өтешқалиев көтерілді.
– Сонау бір жылдарда Жаңақаланың жонында киік жосып, жыртылып айырылатын. Оны өз көзімізбен көрдік. Сол кездерде киік кең көлемде ауланды. Сою цехы, тоңазытқыш қондырғылары болды. Өнімдерін ұқсату цехтары жұмыс істеді. Жыл сайын елу мыңға дейін киік ауланды. Одан дайындалған өнімдер халықтың игілігіне толықтай жарады. Енді бүгінде сол киік шамадан тыс көбейіп, оңтүстіктегі төрт ауданның шаруаларын екі жылдан бері зар иелетіп қойды. Жайылымдар мен шабындықтарды аздырды, тоздырды.
Шабатын шөп қалдырмады. Айналғанда өткен 2022-2023 жылдардағы қыстақта азығы жеткілікті дайындалмаған мал жұтады, аштан қырылды. Кейбір ауылдарда малдың 50 пайызға дейін шығын болғанын кездесуге келіп отырған шаруалар өз бастарынан өткізді. Киік деген мақұлық әрі кеткенде 7-9 жыл өмір сүреді екен. Аулансын, ауланбасын осы жылдар ішінде әбден қартайып, өледі. Өткен жылы өңіріміздегі шаруалардың бірталайдан айтылған талабымен киік ауланды. Бірақ ол жоспарсыз, жеткілікті дайындықсыз, аулау ережелері мен заңдылықтары сақталмағандықтан түк нәтиже бермеді. Халықтың наразылығын туғызды. Айналып келгенде киікті атуға тыйым салынды. Енді, міне, сол шалағай жүргізілген, жан-жақты ойластырылмаған шараның зардабын тағы да сол баяғы төрт ауданның шаруалары мықтап тартуда. Алда қыс келе жатыр, әлі қандай жағдайға тап болатынымыз бір Аллаға аян. Енді қараңыз, киікті аулауға рұқсат берілді дейік, бірақ біз оған дайынбыз ба?.. Дайын емеспіз, қауқарсызбыз.
Өйткені киік өнімдерін ұқсататын базалар, орындар, қондырғылар жоқ. Алдымен осыларды сайлап алған жөн. Енді өткен жылғы жіберген кемшіліктерді қайталамау үшін, біз киік аулаумен айналысқан кәсіби, тәжірибелі мамандарды тартуымыз керек. Талабымыз – 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап, желтоқсанның 1-іне дейін, яғни 90 күндік мерзім ішінде киіктің санын реттеу жүргізілсін. Киікті қуып жүріп, шетінен тарсылдатып атпай, жүйрік мотоциклмен қайырмалап, торға (кораль) қамап, мұсылмандық ғұрыппен адал бауыздаған жөн. Мұның ретін, аң аулауды білетін, ережелерін сақтайтын, біліктілігі арнайы конкурстан, іскерлігі сынақтан өткен жандарға жүктеп, заңи құрылымдарды ғана қатыстыру керек. Кез келген адамға рұқсат берілмесін. Аулау барысын тиісті мекемелер, білікті сала мамандары қатаң бақылауға алсын. Киікті таза, арнайы орындарда сойып, ет, тері, ішкі бөлшектері: жүрек, бауыр, бөтеке, өкпе, талақ, тіл, миы, ішек-қарыны, тұяғын арнайы ветеринарлық лабораторияда тиісті мамандар тексереді. Тоңазытып қатыру, сауда орындарына жөнелту ол өз алдына. Ал дүние жүзінде алтынға бағаланатын мүйізін алуға, сақтауға ерекше ережелерге сай басқаша талаптар қойылады. Енді осылардың бәрін қай жерде оқсатып, қай жерде сақтаймыз дегенге келетін болса, оның да жолы бар.
Ақжайық ауданында жалпы құны 2 млрд 125 млн теңге тұратын «БатысМарқаЛамб» ет комбинаты бар. Сегіз жылдан бері бос тұр. Сыйымдылығы 900 тонналық тоңазыту камералары бар, республикалық маңызы бар жолдардың қиылысында жатыр. Соны неге пайдаланбасқа?.. Құрметті депутаттар, «ҚазАгроФинанс» филиалының балансындағы осы бостан-бос қарап тұрған комбинатты жалға алу жолдарын шешіп беруге ықпал етулеріңізді сұраймыз. Мұнымен де тоқтап қалмайық, киік біздің жерімізден ауып, ешқайда кетпейді. Олар болашақта да өсіп-өне береді. Оның санын реттеп отыру үшін жалғыз «БатысМарқаЛамб» комбинаты аздық етеді. Сондықтан киік өнімдерін заманауи тұрғыда ысырапсыз ұқсату мақсатында сол жануарлардың мол шоғырланған аймақтары – Казталовтың Жақсыбай, Бөкей ордасының Бисен ауылдарынан әрқайсысында 200 тонналық, Жаңақаланың бұрынғы Сүгірәлі елді мекенінің орнында кемінде 400 тонналық тоңазытқыштары бар сою цехтарын салуды жоспарға енгізу қажет. Киік етінен қалбыр (консерві), шұжық т. б. өнімдерді қалада емес, осы ауылдарда шығаруды жүзеге асырсақ қой, шіркін! Олай болған күнде киіктің мәселесінен ғана құтылмаймыз, бір оқпен екі қоян атып, талай адам жұмысқа тұрар еді. Осының бәрін заңды құрылым арқылы бір орталықтан басқарса.
Әрине, бұған инвестор керек, ол үшін Қытайдың көмегіне жүгінсек, сол елдің нарығына шығып, киіктің өнімін әуелі өзімізге, сосын сол елге делдалсыз өткізіп отырсақ. Әсіресе, мүйізін сол Қытайға саудаласақ. Киікті аулауға келетін болсақ, спорттық ұшқыр мотоциклдер керек. Қара есеппен 6 бригада, 30 мотоциклист, 30 союшы болғаны жөн. Кейін жұмыс бастала келе бригадалардың санын 12-ге, мотоциклдерді 60-қа жеткізсе. Жалпы, толыққанды жұмысқа кіріскенде дала төсінде 150 адам жұмысқа тартылады.
Түйіндей айтсам, тасымал жұмыстарына сол аудандардағы шаруа қожалықтарының, ауыл тұрғындарының жүк көліктерін өзара келісімшартпен пайдалануды жоспарлап отырмыз. Ал енді киік қуатын мотоциклистерге келетін болсақ, олар әлі дайын емес. Бізден хабар күтуде, 15 күндік дайындықтан, техника қауіпсіздігін сақтаудан өтіп, келісімшарт жасағаннан кейін жұмысқа қосылады. Осынау алдымызда тосып тұрған ұшан-теңіз жұмыстарға байланысты «Батыс киік» ЖШС құрылып, бизнес жоспар жасақталып, жұмысқа кірісуге табан тіреп отырмыз.
Еркін Жабасов, Бөкей ордасы ауданы, Хан ордасы ауылдық округі, «Береке» шаруа қожалығының жетекшісі:
– Осы жерде оңтүстік аудандардың осы қалай деген шаруалары жиналып отыр. Біздің облыс шаруашылығы – еліміз бойынша өзінің орны бар, таңдаулы өңірлердің бірі. Мал шаруашылығынан біздің алдымызға тек Түркістан облысы түсетін шығар. Миллионға жуық сиырымыз бар екен, бұл – үлкен нәтиже. Ал, енді облыстың оңтүстіктегі төрт ауданы өңіріміздегі малдың 60 пайызын өсіріп жатыр. Осы аудандардың халқы шауып шыққанда 75 мыңнан аспайды. Соған қарамастан біздің өсірген малымыз өзіміздің облысымызға, Атырау мен Ақтауға, алды Шымкент жағына жөнелтіліп жатыр. Министрліктерге айтудай айтып, жазудай жазып келеміз. Олар субсидия, жәрдем-көмек болады дейді. Бірақ оның бәрі осы қазір, бүгін-ертең шешіле қалмайды ғой. Әлі күнге дейін ақи-тақи ойластырылған механизмі жоқ. Облыс басшылығы өткенде әр ауданның әкімдеріне 10 мың рулоннан шөп дайындаңыздар деді. Бірақ олардың техникалары жоқ, қалай дайындайды?
Мүлдем қате әңгіме. Дұрысы, шаруа қожалықтарымен сөйлесу керек, дайындаса, солар дайындай алады. Он мың рулоннан бүкіл мәселе шешіледі деген де қате түсінік. Енді Бөкей ордасына келейік, жағдай өте қиын, шегіне жетіп тұр. Өткен екі жыл қатарынан қуаңшылық болды. Гектарына 1,5-2 центнерден шөп жинадық. Бірақ биыл ол да болмай қалды. Әдетте 500-600 бумашөп (руллон) алатын жерлерден биыл тек бар болғаны 30 бумашөпті әзер алдық. Мен өзім Орда ауылында тұрамын. Ауылдан 25-30 ша-қырымға дейін жайылыс жоқ. Көмек болады, шөп беріледі деп ойлап жүрген шығар біреулер... Күзде жайылыс болмаса, қар түссе, малға қиын болады, өте қиын болады. Ал өздеріңіз айтып отырған көмектен ешқандай пайда болмайды, малдан айырыламыз. Енді әкімдіктен малдарыңызды ықшамдаңыздар, азайтыңыздар деп жатыр.
Жақсы дейік, бірақ ағайындар-ау, отыз жылдан бері малды көбейту үшін қанша бағдарлама қабылданды. Миллиардтаған ақша бөлінді, қанша жеңілдетілген несие берілді. Сөйтіп, өсірген малдың пайдасын көрудің орнына айналып келгенде тегінге жақын қақпен бір жылдың ішінде жою дегенге менің ақылым жетпейді. Статистер келеді, қанша малың, қанша шөбің бар дейді, тіпті қанша жемің бар дейді. Мен айтамын, жемді неге сұрайсың деп. Статист айтады ол аудандағы жем ғой дейді. Ойбай-ау, ол ауданның қоймасында жатқан жем емес, менің жеке сатып алған жемім ғой. Оның есебі неге керек, жақсы, жағдай қиын болып, біреулер соған қарап қалса, берермін. Облыстық әкімдік көмектесуі керек. Шаруа қожалықтары, жеке шаруалар қалай күн көреді?
Жаңа айтып жатырсыздар, Теректіден, Тасқаладан шөп жеткізіледі дейсіздер. Ол сонау Бөкей ордасына қашан, қалай жеткізіледі, жеткізілгенде бағасы алтынның құнынан да асып кетеді ғой.
Жұмыс тобы қашан, қалай құрылады?
Бауыржан Сабанов, Жәнібек ауданы, шаруа қожалығының жетекшісі:
– Жергілікті жерлерде жарияланған төтенше жағдай бүкіл мәселені шешпейді. Осыған орай, Үкіметтің тарапынан қолға алынған олақ шешімдер мен әрекеттер кесірінен біз осындай қиын жағдайға тап болдық. Біздердің талабымыз – билік бар, Үкімет бар, шаруалар бар, бәріміз ауызбіршілікте жұмыс істейік. Жұмыс тобы құрылады деді. Ол қашан, қалай құрылады? Бізге соны тездетіп құрып берсеңдер, біздер бірігіп жұмыс істеуге дайынбыз. Екіншіден, мына төтенше жағдай жариялануына байланысты шаруалардың, жекенің малдарын дұрыс бағамен өткізуге жол ашып беріңіздер. Экспортқа болсын, ішкі нарыққа болсын. Жаңа айтылды ғой, малдың 60-70 пайызы оңтүстіктегі төрт ауданда, сол жерлерде малдарын өткізетін ет комбинаты жоқ. Оны қашан, қалай, кім шешеді? Бәрін біліп отырасыздар да, бірақ ешқандай жауап, әрекет жоқ. Қазір жарияланып отырған төтенше жағдай – уақытша нәрсе. Бүгінде оңтүстік облыстар субсидияларын пайдаланып,
малдарын экспортқа шығарып жатыр. Біз неге соны істемейміз? Неге тұрақты жоспар, стратегия жоқ? Облысымыз етті малдан республика бойынша бірінші орында. Біз неге соны дұрыстап пайдаланбаймыз? Енді киік туралы.
Шаруалардың жайылысын, шабындығын қоршап береміз, оған жұмсалатын шығынның 50 пайызын өтейміз деп жатыр министрлік. Ол аз. Облыстық бюджеттен бұған қосымша 30 пайыз қосуын талап етеміз. Биылдан бастап Үкімет киіктің жайын өзі шеше алмаса, оны өздеріміз шешеміз. Киікке тоқтам салмаса, оны өзіміз тоқтатамыз. Киікті ешкімге бермейміз, арғы жағын өзіміз шешеміз. Жетті, болды. Өткен жылғы сіздердің солақай әрекеттеріңізден киік мәселесі шешілмеді. Бюджеттің қыруар қаржысы жұмсалды, бірақ одан еш нәтиже болмады. Оның басы-қасында болған адамдар қайда, олар неге жауапқа тартылмайды? Оның зардабын енді, міне, біздер тартып жатырмыз. Жұмыс тобын құрамыз, киікті қалай азайтамыз, бәрін саралаймыз. Жыл сайын киіктің текесі қартайып өледі екен, өткенде есебі шығарылды, сонда бір жылда далада өлген олардың мүйізі 80 миллион долларды құраған. Бұл далада қалып жатқан ақша, бұл біздің «мұнайымыз»... Киік Жасаған Иенің біздің жерге бұйыртқан жануары ғой. Ендеше, оның қызығын жергілікті халық неге көрмейді?.. Етті экспортқа шығаруды шешіп беріңіздер, неге әрекет жасамайсыздар? Осыны әрі қарай шешуді, депутат жолдастар, сіздерден сұраймыз.
Құрметті депутаттар, біздің өлкеден бірнеше мың адамның дауысын алып сайландыңыздар. Аманат арқаладыңыздар. Бірақ неге сөздеріңізді, біздің жанайқайымызды Үкіметке, министрліктерге неге жеткізе алмайсыздар, неге өткізе алмайсыздар? Не үшін отырсыздар Парламентте?..
Мінбеге ҚР Парламенті Сенатының депутаты Арман Өтеғұлов көтерілді.
– Шаруалардың жанайқайы бізге жақсы белгілі. Депутат болып сайланған сонау жылдарымнан бастап мен киіктің мәселесін үзбей қойып келемін. Өткен жыл соның нәтижесінде 43 мың киік ауланды. Бірақ ол жұмыстардың өз деңгейінде ұйымдастырылмағанын да білеміз. Оны тиісті министрліктерге айтудан кенде емеспіз. Енді алдағы қыркүйектен бастап бұл мәселені шешуге кіріседі. Бұл біздің назарымызда. Еттің экспортына келсек. Одан бұрын жыл сайын 20-30 мың бас ірі қара, 40-50 мың қой, 12-15 мың жылқы басқа облыстарға сатылды. Біздің облыстың малының тегі сапасы ерекше, басқа облыстармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Енді осындай дәрежеге жеткізіп өсірген малды азайту керек, етке жаппай тапсыру керек деген өте қате әңгіме. Шаруашылықтардың жерін, жайылысын, шабындығын киіктерден қорғау мақсатында қоршау мәселесі шешіле жақ. Есептері жасалған. Оған кететін шығынның 50 пайызы субсидияланады. Ал, мал азығына келетін болсақ, оның шөбі мен тасымалына субсидия берудің жолдары белгіленді, негізі әзір. Сондықтан алыстан тасымалданады, қымбатқа шығады деп қорықпау керек. Ертең малды қырып алуымыз мүмкін.
«БатысМарқаЛамб» комбинаты жөнінде бірнеше қайтара министрмен, «Бәйтерек» холдингі, «ҚазАгроФинанс» басшыларымен кездестім. Олар 350 млн теңге қаражат төлеңіздер, сосын 5-6 жылға береміз дейді. 350 миллион теңгесі бар инвестор 7-8 жылдан бері тоқтап тұрған комбинатқа ақшасын сала ма?.. Мен: «Сіздер комбинатты істетіп, анау 350 миллион теңгені 5-6 жылға бөліп төлейтін етіп, келісім жасаңыздар, сонда инвестор келісуі мүмкін» дедім. Бірақ содан бері жарты жыл өтті, әлі ойланып отыр. Соңғы кезде министрліктегілер айтады қой шаруашылығына арнайы холдинг ашпақшы. Соған «БатысМарқаЛамбты» кіргізбекші. Ол қашан жұмысқа кіріспек, оны киік күтіп тұрмайды, көбейіп жатыр. Осы күндерде ең болмаса, 100 мың киікті сойдыратын 50 млн теңге тауып беріңіздер дедім. Өйткені, жеті-сегіз жылдан бері қаңтарылып тұрған комбинаттың іші быт-шыт, бөлшектері ұрланып кеткен. Анау 50 миллион теңге соларын орнына келтіріп, іске қосу үшін керек. Жоқ, тауып бере алмады.
Малды, оның өнімдерін шетке, экспортқа шығару туралы сұрақ болды. Дұрыс әңгіме. Дүниежүзілік эпизотиялық бюро бар екенін білесіздер. Оған 194 ел мүше. Сол бюроның шешімімен аса қауіпті жұқпалы ауруларға қатысты кейбір мемлекеттердің малдарын сатуына шектеу қойылған. Солардың ішінде біздің Батыс Қазақстан облысы да бар. Өйткені осыдан екі жыл бұрын біздің өңірде аусыл (ящур) шықты. Соған байланысты мал егілді. Енді соның кесірінен малды шет ел түгілі, мына іргедегі Ресейге де сата алмайсың. Егілген мал үш жылға дейін саттыққа, шетке шығарылмайды. Сосын барып бүкіл малдың қанын алып, анау дүниежүзілік бюроға жібереді. Олардың комиссиясы келіп тексереді. Содан кейін барып малды саттыққа шығара аламыз.
52 бала түрмеде жатқан әкелерін күтіп жүр...
Бұл кездесуге балалары, күйеулері заңсыз киік аулады деген баппен сотталған азаматтардың ата-аналары, жұбайлары да қатысып отырды. Олар ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Абзал Құспанға сұрақтарын қарша жаудырды.
«Киіктің мүйізімен ұсталған адам оны тауып алды ма, өліп жатқан жерінен кесіп алды ма, атып алды ма, бәріне бір жаза – ҚР ҚК-ның 339-бабымен түрмеге тоғытылады. Алды жеті жылдан түрме арқалап, кейбіреулері миллиардтаған теңге айыппұлды қоса арқалап түрмеде жатыр. Олардың соңында жанұясы, ата-анасы, балалары зар илеп қалды. Бүгінде сол сотталғандардың соңында қалған 52 бала әкелерін күтіп жүр... Бұл сонда өліп жатқан киіктің мүйізін кесіп алып тапсырғандарды да 339-баппен түрмеге тоғытатын неғылған заң? Әділдік, обал-сауап қайда?
Ал әділдік керек болса, өткен жылы киік атуды өз дәрежесінде ұйымдастыра алмаған адамдар қайда? Сол кезде талай киіктің төшкесі мен бас-аяғы сай-салада іріп-шіріп қалды ғой... Сонда жұмыстарынан еш нәтиже болмаған, бюджеттің қарайған қаржысының басына су құйған, айналып келгенде төрт ауданның шаруалары сол нәтижесіз жұмыстан биыл күлдей зиян шегуіне себепкер болған тұлғалар неге жауапқа тартылмайды? Әділдік керек болса, сол шығындардың бәрін киік аулауға жауапты тұлғалардан неге өндіріп алмайды? Прокурор, сот қайда қарап отыр?.. 217 мүйіз үшін үш азамат жеті жылдан арқалап түрмеге кетті. Анау 217 мүйіз кейін өртелді. Қызғыштай қорғаған мүйіздің пайдасын айналып келгенде қызыл жалын көрді... Бұдан кімге пайда, кімге зиян?.. Біреуге былай, біреуге олай, осындай заң бола ма?..».
339-баппен сотталғандардың тума-туыстарының арызымен Абзал Құспан жақсы таныс екенін, Қазақстан Жоғарғы Сотына, прокуратурасына сұрау салғанын, арыз түсіргенін, аяқтай барғанын бүге-шігесіне дейін баяндап берді. Бірақ әзірге ешқандай нәтиже жоқ. Барлық мәселе анау 339-бапқа тірелетінін, оны өзгертпей, ештеңе өзгермейтінін байыппен түсіндіріп берді. Бірақ бұл мәселенің қыр соңынан қалмайтынын қадап айтты.
Ашынған ата-ана, уайым уыстаған жұбайлар кезек-кезек сөйлеп, көз жастарын төгіп жатты...
Есенжол Қыстаубаев
zhaikpress.kz