Облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиевтің төрағалығымен өткен облыс әкімі жанындағы аппараттық кеңесте жазғы кезеңде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жайы сөз болды. Оған комиссия мүшелері, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің, Батыс Қазақстан облысының еңбек инспекциясы басқармасының басшылары, аудандар мен Орал қаласы әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Жаз басталғалы балалардың суға кетуі, терезеден құлауы сияқты келеңсіз оқиғалар орын алғанын, алдағы уақытта мұндай қайғылы оқиғалардың алдын алу қажеттігін айтқан Қайыржан Меңдіғалиев жауапты мекеме басшылары мен мамандарынан балалардың, жалпы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қандай жұмыс атқарылып жатқанын сұрады.
Облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы, подполковник Теміржан Танжановтың айтуынша, жыл басынан бері облыста су айдындарында 8 адам қайтыс болған. Оның төртеуі – бала. Құтқарушылар суға түсем деп қиын жағдайға тап болған 20 адамды құтқарған. Олардың жетеуі кәмелет жасына толмағандар екен. Сонымен қатар төтеншеліктер су айдындарында қауіпсіздік қағидаларын бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 412-бабына сәйкес 30 тұлғаны әкім-шілік жауапкершілікке тартқан. Заңды ғана емес, қауіп-сіздік ережелерін де бұзған азаматтарға салынған айыппұл сомасы 400 582 теңгені құрап отыр.
– «Қауіпсіз балалық шақ – 2024» ведомствоаралық акциясының іс-шаралар жоспарына сәйкес облыстық төтенше жағдайлар департаменті және оның құрылымдық бөлімшелеріне жұмыстың екі бағыты бекітілді. Оның бірін-шісі, су айдындарындағы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету болса, екіншісі – өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Облыс аумағында 31 жағажай анықталды. Оның 10-ы – коммуналдық және 21-і – жеке. Орал қаласында – 8, Бәйтерек ауданында – 14, Бөрліде – 2, Жаңақалада – 1, Тасқалада – 4, Теректіде – 1, Жәнібек ауданында 1 жағажай бар. Сондай-ақ қаулыға кірмеген 4 жағажай бар. Бүгінгі таңда ТЖ департаментінің құтқарушылары жағажайлардың түбін тексеру жұмыстарын жүргізуде. 14 жағажай тексерілді, 12 жағажай дайын, – деді Теміржан Танжанов.
Төтеншеліктер суға шомылу маусымында 28 жүзу құралының, 5 мобильді сүңгуір тобы және 11 аутокөліктің сақадай-сай тұрғанын атап өтті. Құтқарушылар күн сайын су айдындарының қауіпті және жабдықталмаған учаскеле-рінде патрульдеу жүргізуде. Су айдындарының қауіпті учаскелерінде 240 тыйым салу белгісі орнатылған.
– Оқушылардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жүзу дағдыларын қалыптастыру үшін облыс бойынша 4 жабық және 37 рамалық-модульді бассейн дайындалды. Олар мектеп жанындағы лагерьлер мен балалар лагерьлеріне және қосымша білім беру орталықтарына орнатылды. Осындай алдын алу шараларының арқасында 4088 бала жүзу дағдыларын меңгерді, – деді Теміржан Ермекұлы.
Жалпы су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ТЖ, полиция департаменттерінің қызметкерлері күн сайын рейдтік іс-шаралар өткізіп келеді. Жыл басталғалы 1078 рейд жүргізген олар 20 мыңнан астам үгіт материалын таратып үлгерген. Аталған жұмыс әлі де жалғаса бермек. Одан бөлек, соңғы уақытта балалардың терезеден құлау жағдайлары да жиіледі. Биыл ондай 9 жағдай тіркелді.
Төтенше жағдайлар қызметі табыс-кірісі аз отбасыларға 63 терезе бұғаттағыш орнатқан. Сонымен қатар балалардың терезеден құлауының алдын алуға бағытталған материалдар жариялап, түсінік жұмыстарын жүргізіпті.
Одан соң кеңеске қатысқан облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бисенбек Насимуллин сөз алып, басқарма тарапынан кеңес тақырыбына сай қандай жұмыс атқарылып жатқаны жайында баяндады. Оның айтуынша, облыс аумағында түрлі бағыттағы 618 лагерьде 103 122 бала демалған. Ай соңына дейін 105 935 бала жазғы демалыспен қамтылады екен. Сондай-ақ білім басқармасы биыл мамырдың 13-інде барлық мүдделі ұйымдарды шақырып, демалысты ұйымдастыру, балаларды сауықтыру және жұмыспен қамту мәселелерін қамтыған семинар-кеңес ұйымдастырған. Оған білім бөлімдерінің жауапты мамандары мен қала сыртындағы лагерь директорлары қатысқан.
– Семинар-кеңеске қатысушылар «Жазғы сауықтыру ұйымдарына қойылатын санитарлық талаптар», «Жазғы кезеңдегі су айдындарындағы қауіпсіздік», «Жазғы демалысты ұйымдастыру кезінде медициналық көмек көрсетудің әдістері», «Мектеп жанында лагерь ұйымдастыру», «Далалық жағдайда шатырлы лагерьді ұйымдастыру» және жазғы демалыс кезеңінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру бойынша 2024-2026 жылдарға арналған әдістемелік ұсынымдармен таныстырылды. Лагерь басшыларының, СЭҚ, төтенше жағдайлар және полиция департаменттерінің қалалық және аудандық бөлімдері мамандарының қатысуымен лагерь демалушыларына «Өрт қауіпсіздігі», «Судағы қауіпсіздік», «Қауіпсіз терезе», «Балалардың отпен ойнауынан болатын өрттердің алдын алу», «Тұрмыстық электр құралдарын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік ережелері», «Тұрғын үй секторындағы өрт қауіпсіздігі ережелері», «Аутомобильдегі өрттен сақтану», «Ормандағы өрт қауіпсіздігі ережелері» тақырыптарында интерактивті сабақтар мен бейнероликтер көрсетілімі әр кезең сайын өткізілуде және «Қауіпсіз жазғы демалыс» жадынамалары лагерьге келген күні таныстырылып, таратылады, – деді Бисенбек Жамбылұлы.
Жазғы демалыс кезінде баланың қауіпсіздігіне ғана емес, бос уақытын тиімді өткізуге де үлкен мән беріледі. Сол себепті балғындардың мәдени-спорттық және басқа да шаралармен қамтылғаны маңызды. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Қауіпсіз балалық шақ» ведомствоаралық акциясының шеңберінде төтенше жағдайлар қызметкерлерімен бірлесіп, мәдениет мекемелерінде танымдық сағаттар, балаларды қараусыз қалдырмау, ашық терезе немесе балкон жиегіне балаларды жақындатпау сияқты маңызды қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, бейнероликтер көрсетілуін ұйымдастырған. Ол туралы кеңес барысында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Медхат Қамбетов мәлімдеді.
Медхат Мұсаұлы өз сөзінде Ю. Гагарин атындағы кинотеатрда балаларға арналған қойылым алдында «Су айдындарындағы тәртіп ережелері», өрт қауіпсіздігі туралы бейнематериалдар ішінара трансляцияланғанын атап өтті.
– Қаланың әр аумағында орналасқан 9 аула клубы мен 10 комьюнити орталығы жұмыс істейді. Оларда қолөнер, спорт және ұлттық ойын, қамшы өру, вокал, би бағыттары бойынша 84 үйірмеде 1940 бала қамтылған. Жазғы уақытта аула клубтары мен комьюнити орталықтарына бекітілген балалардың жазғы алаңқайлары жұмыс істейді. Алаңқайларда әр аптаның сейсенбі, бейсенбі күндерінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Мысалы, «Қауіпсіз балалық шақ» акциясы аясында «Арман» балалар аула клубында «Абайлаңыз, терезе!» шарасы ұйымдастырылып, онда ата-аналар мен оқушыларға көпқабатты үйлердің терезесінің алдында ойнаудың қауіпті екені жөнінде түсінік берілді. Бейнероликтер көрсетіліп, жадынамалар мен флаерлар таратылды, – деді Медхат Мұсаұлы.
Кеңесте басқа да жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдері орынбасарларының балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету төңірегінде атқарылған жұмыстар жайында баяндамалары тыңдалды. Аталған мәселе маңызды екенін атап өткен облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев осы бағыттағы жұмыстарды күшейте түсу керек екенін айтты.
Түгелбай Бисен
zhaikpress.kz