Жаздың бастапқы екі айы суға түсіп, қыдырумен өтсе үшінші тамыз айы аналарымыз үшін маңызды кезең. Бұл айда қауырт та қызық тірлік банкі жабу басталады. «Қыстың қамын жаз ойла» деп ұрандатқан қыз-келіншектер тосап қайнатып, тұздалған қияр мен қызанақ басуға кіріседі.
Жабылған өнімді үйге келген адамдарға да ұялмай ұсынасыз. Оны қонаққа келген адамдарға беріп тұрып: «Жеп болған соң банкіні кері беріп жіберуді ұмытпаңдар», - деп айтып жіберуді де ұмытуға болмайтын тәрізді.
Сол шыны банкілерің анау бір айтқандай таптырмайтын дүние болмаса да кері қайтуы керек. Әйтпесе, базар сөрелерінде қаз-қатар тізіліп-ақ тұр деп ойлауыңыз мүмкін.
Бұл да бір жаздың банкі жабу қызығы болса керек.
Қалай болғанда да бұл өзі ғажап кезең. Банкі жабуды бастамас бұрын базардың табалдырығын талай тоздыру керек. Таңғы сағат 5-6-ның кезінде көтерме бағамен арзан өнім алуға тырысу қажет. Әйтпесе күн ауа бағада көтеріліп кетеді.
Облыс орталығындағы «Мирлан» орталық базарында ертемен барсаңыз қиярдың бағасы 220-230 теңгені құраса, қызанақтың келісі 250 теңге. Компот басамын десеңіз торынның шелегі 2 500, ал өріктің келісі 350 теңге. Сарымсақтың келісі 1 200 теңге. Бұл таңғы базардағы баға.
Неге қымбат десеңіз, саудагерлер: «Күннің салқындығы мен жауын-шашын әсерінен», - дейді. Биылғы баға жылдағыдан едәуір қымбат.
Тайпақтың тәтті қарбызы да келісі 100 теңгеден сатылып жатыр.
Сөйтіп жергілікті өнімді іздеп, бағасының арзандағанын күтіп жүрген болсаңыз биыл қыста азықсыз қаласыз. Баға түсудің орнына өсетін сыңайлы.
Банкі жабудың да өз ерекшелігі бар. Сарқылдап қайнап жатқан шәйнекке банкіні салып қойып, қайнату керек. Қақпақтарын да қайнатуды ұмытпағаныңыз жөн. Сосын ішіне көкөністерін салады. Бірінде тек қияр, екіншісінде тек қызанақ, ал үшіншісінде аралас «ассорти».
Болгар бұрышы, қырыққабат жапырақтары да салынатын кездер болады. Үйдің бір бұрышына қаз қатар тізіліп теріс аударылған банкілер. Астына да, үстіне де қымтап жылы көрпе жабылады. Содан соң қайта-қайта қарап, атылып кетпеуін тілеп жүру де қызық кезең.
Жылма жыл жүз, тіпті екі жүзге дейін банкі жабатын жандар бар. Әлеуметтік желіде қыз-келіншектерге сұрау салған болатынбыз. Нәтижесінде қысқа сақадай саймыз деген жауап алдық.
Жыл сайын 100 банкі жабуды қолға алған подстепныйлық Гүлнафис Джалмишевамен тілдескен болатынбыз.
– Қысқы азық жинауды тамыз айы мен қыркүйек айы аралығында жасаймын. Жылда жүздің үстінде қытырлақ қияр, тәтті сусындар мен салаттар жабуды әдетке айналдырдым. Шақыратын қонақтарымызға да, өзімізге де молынан жетеді. Жапқан банкілерді бір жылға есептеп, толық жеткізуге тырысамын. Биылғы жабылған көкөністерді келер жылға сақтамаймын. Өрік, торы, алма, қарақат және бір-біріне араластырып 60 банкі компот жабамын. Балаларым сүйіп ішеді. Газдалған сусындарды ішкенше өз қолымнан шыққан, табиғи жеміс шырындарын ішкендерін дұрыс көремін. Компоттан бөлек қияр мен қызанақ, түрлі салаттар, тосап та қайнатамын. Қажетті көкөністер мен жемістерді қала орталығындағы базардан аламын. Биылғы жылы баға едәуір өскен. Биыл саттыққа жасап көрсем деген ойдамын. Қасымда көмекші екі қолқанат қызым Мөлдір мен Сезім бар. Оларды да кішкентайынан еңбекке баулып, білгенімді үйретудемін, - дейді Гүлнафис Сағатқызы.
Балнұр Қанаева
Теректі ауданы