"Алаяқтық транзакциялар туралы деректер алмасу орталығы – антифрод орталық өткен жылы әзірленген болатын. Осы уақыт ішінде оның жұмысы жетілдірілді, деректер жиналып, сараптамалық бағалау жүргізілді. 2024 жылғы 5 тамызда ҚР Ұлттық Банкі оның толық іске қосқанын хабарлады", - дейді FinGramota.kz.
Антифрод орталықтың басты міндеті – алаяқтық операцияларға қарсы тұру. Бұл алаяқтық транзакцияларды анықтау және бұғаттау, алаяқтық белгілері бар операцияларға жедел ден қою және алаяқтық операциялардың бірыңғай дерекқорын жүргізу.
Бірақ ең бастысы – қатысушылар, яғни реттеушілер, мемлекеттік органдар және қаржы нарығына қатысушылар арасында ақпарат алмасу нақты уақыт режимінде болады, бұл кез келген күдікті қаржылық транзакцияларға ден қоюдың жеделдігін айтарлықтай арттырады.
Пайдасы қандай?
Антифрод-орталық нәтижелерін көрсете бастады. Платформа іске қосылған сәттен бері қаржы ұйымдары мен құқық қорғау органдары алаяқтық операциялар бойынша 400-ге жуық инцидент анықтап, шамамен 30 миллион теңге сомаға қаражат бұғатталды.
Антифрод-орталықты одан әрі дамыту кезінде ашық интерфейстер (API) пайдаланылады, бизнес-процестер автоматтандырылады. Бұл платформаның функционалы мен қамтуын кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа, күдікті транзакцияларды анықтау тиімділігін арттыру үшін жасанды интеллект технологияларын қолдану жоспарлануда.
Осылайша, антифрод-орталық ең алдымен күдікті ақша аударымдарын, жалған онлайн кредиттер алуды және басқа да күмәнді операцияларды бұғаттайды. Бұл шаралар азаматтардың ақшасын үнемдеуге айтарлықтай көмектеседі.
Нені білу керек?
Антифрод-орталықтың қызметкерлері мен өкілдері ешқашан жеке тұлғаларға ақпарат жинау немесе қандай да бір операциялар жасау үшін қоңырау шалмайды. Антифрод-орталық жеке тұлғалармен өзара іс-қимыл жасамайды, қаржы, төлем ұйымдарымен, құқық қорғау органдарымен және ұялы байланыс операторларымен ғана жұмыс істейді.