19.08.2024, 10:45
Оқылды: 275

Электросамокат, скутер мен мопед: «Бала қымбат болса, басқаша мәпелейікші!»

Қазіргі таңда көліктердің түр-түрінен көз сүрінеді. Кәмелеттік жастан асқан, заңды түрде жүргізуші куәлігін иеленген, жол жүру тәртібін жақсы білетін жандар үшін техниканы басқару қиын емес. Дейтұрғанмен соңғы кездері электросамокаттардың, электромобильдердің, скутерлер мен мопедтердің қала-ауылдарда көбейіп отырғаны белгілі. Әсіресе, соңғы кездері ауылымыздың өзінде электровелосипедтер жиі көзге түсе бастады. Жасы да, жасымысы да көліктің осы түрін тізгіндепті. Дұрыс қой, жүріп-тұруға ыңғайлы да қолжетімді болар, бірақ оның қауіпсіздігіне, жол ережесін сақтауына мән беріп жатқандар бар ма екен?

C9EEAA26-A679-49F6-ADCB-9E883D0B306A

Фото: pixabay.com

Онымен балабақшаға да, мектепке де балаларды жеткізіп жүргендер көп. Тіпті жас балалардың өздері ұршықтай үйіріп, көшеде жүр. Бірақ осы электровелосипедтердің тізгінінде отырғандардың бәрі бірдей жол жүру ережесін жақсы біледі деп айта алмас едік. Кейде тіпті бір жолақта келе жатып бұрылар сәтте тиісті белгіні қоспау, жолды кесіп өте беру, тіпті артында отырған кішкентай балақайды бір қолымен ұстап, екінші қолымен рөлді басқару мүлде ақылға сыймайды.

Мұндайда көлікті тізгіндеген жанның қауіпсіздікті мүлде естен шығарып, тіпті өзі ғана емес баласының өмірін бәске тігіп отырғанын пайымдай ма екен?

Жалпы бұл көліктер тіркеуде бар ма, саны қанша, заң бұзушылықтар болды ма деген сауалды аудандық полиция бөлімі әкімшілік полиция бөлімінің бастығы Серік Бораншиевке жолдаған едік.

– Расымен де қазіргі таңда көліктің түр-түрі ауданымызда көбейіп отыр. Осы күнге дейін сән болған мотоциклдердің заманы өткендей, қазір екінің бірінің тақымында электровелосипедтер, электросамокатар, мопедтер мен скутерлер бар. Тіпті квадроциклдер саны да үш-төртке жақындап қалды. Бірақ бұлардың бәрін заңды түрде тіркеу қажеттілігі әлі де қаралу, талқылану үстінде. Әрине, көлік тізгіндеген жас балаларға қарап солар үшін қауіп аламыз. Өйткені, қанша айтқанмен жас бала жол жүру ережесін білмейтіні шындық, әйтеуір тас тәуекелмен көшеге шығады, өз түйсігіне, ата-ананың айтқанына сенеді. Бірақ әлдеқалай оқыс жағдай болса баланың сасып-абдырап қалары сөзсіз. Осыдан келіп жол-көлік оқиғалары тіркеліп жатады. Жалпы ата-ананың осы тұста жауапкершілігі басты орында болуы керек. Жас балаларға мұндай көліктерді алып беру тым артық. Әлі жол жүру ережесін дұрыс білмейтін, үлкен жолдарға шығуға құмар олардың өмірін қауіпке тігіп отырған өздері екенін ата-аналар түсінуі керек.

Қазіргі таңда ауданымызда қанша электровелосипедтер, мопедтер бар екенін шамалап отырғанымызбен, олар заңды түрде тіркелген жоқ. Мұндай көлік түрлерін заңдастыру туралы заң шықпағандықтан біздер де өз тарапымыздан пәрменді шара ала алмаймыз», - дейді ол.

Иә, полиция өкілінің сөзінің жаны бар. Қазір ата-ана баласының туған күніне деп, мектеп бітіргені, тіпті сыныпты жақсы аяқтағаны үшін деп те осындай көліктерді сыйлық ретінде тарту етуде. Көліктің бұл түрін таңдауын таңдағанмен ол тек асфальтті жолдарда ғана емін-еркін қозғалып, ал жолсыз жерлермен жүруге ыңғайластырылмағанын екінің бірі белмеуі де мүмкін. Екінші жағынан көбісі қолдан сатып алып та жатады. Ал дүкендерден алған көліктер елімізге тек сату үшін әкелінетіндіктен олардың арнайы ілеспе құжаттары болмайды екен. Мұның өзі көліктерді тіркеуде үлкен қолайсыздық тудырмақ. Әрі арнайы заң болмағандықтан ол тіркеуден өтпейді, мемлекеттік нөмір берілмейді және сақтандырылмайды. Ол тіркелмеген көлікті тізгіндеген жандар да заң аясында жауап бере алмасы түсінікті.  

Бүгінде еліміздегі мопедтердің санын тіпті ІІМ-нің өздері де білмейді екен. Сол себепті Үкімет мопедтердің күрт көбейіп және жиі жол-көлік оқиғаларына бірден бір себепші болып жатқандықтан пәрменді шара қабылдауды қолға алып отыр. Енді заң қабылданса мұндай көлік иелері құзырлы органдарға тіркеліп, мемлекеттік нөмір алуға міндеттеледі. Сондай-ақ тек 16 жасқа толған, жүргізуші куәлігінде «А1» категориясы бар азаматтар ғана мопед тізгіндей алады.

Жалпы елімізде осы электроскутерлер, электровелосипедтерге, мопедтерге деген қызығушылық неге жоғары? Өйткені оларға көлік кептелістері қорқынышты емес, көлік-көліктің арасымен сығылысып өтіп кетеді, ұршықтай үйіруге жеңіл әрі көздеген жеріне тез жетеді. Сонымен қатар олар тақтайдай тегіс жолда тез жүйткісе, ойқы-шойқы жолдарда жүргізушісін омақастыра салуы да мүмкін. Оның үстіне электрлі самокаттардың батареялары отырып қалып жатады. Мұның өзі де ұзақ жол қозғалысында жүргендерге тиімсіз. Ал скутерлер бензинмен де қозғала береді әрі жол талғамайды. Сондықтан да жұртшылық бұл көліктердің минус-плюстеріне қарамастан оларды көптеп сатып алуда.

Ал үшіншіден, модпедтер мен скутерлер арзан тұрады. Біздің ауданымыздың өзінде электровелосипедтердің құны бұрын 120 мыңның шамасында болса сұраныс көбейгендіктен, ол 200 мыңға жетіп қалыпты. Бүгінгі тренд болып тұрған осындай көліктерді ыңғайлы деп тапқан жұртшылық көптеп сатып алуда. Үйдегі үлкендерден шектеу қойылмағандықтан қазір бала біткеннің бәрі осы мопедтерге аяқ артуда. Өздерін үлкендердің қатарына қосқыш балақайлар қала көшелерімен жүйткіп, жол ережесін бұзып қана қоймай, өмірлерін өздері қиып жатқан оқиғалар әлеуметтік желілерде толып жүр. Тіпті қарауға жүрегің дауаламайды.

Осындайда «Ата-ана, балаң саған қымбат болса оған мопед, электромобильдер алып беріп емес, басқаша мәпелеп, өзге дүние сыйласаңшы!» - деп айтқың келеді. Жақында ғана жолды кесіп өтпек болған жасөспірімнің Камаз көлігінің астына кіріп кеткендігі, скутерді қатты айдап келе жатқан балақайдың металл қоршаудың үшкір ұшына ілініп қалғаны да әлеуметтік желіге салынып, жүректі ауыртты. Бірақ осының бәрін көріп отырған жұртшылықтың сабақ алып жатқаны бар ма?

Қазіргі таңда бұл мәселе Парламент Мәжілісінде де күн тәртібіне қойылды. «Тағы бір мәселе – мопедтер, мокиктер және скутерлер. Бүгінгі таңда олардың есебі жүргізілмейді, құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік мардымсыз. Осы жылдың алты айында мопедтердің қатысуымен 542 жол апаты тіркелді. 27 адам қаза тапқан, 577 адам жарақат алды. Осы жылы мопед жүргізушілерінің қатысуымен 31 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды. Оларды міндетті мемлекеттік тіркеуге алуды және А1 санатындағы жүргізуші куәлігін беруді енгізу ұсынылды. Мокиктер мен скутерлер жүрісін заңнамалық реттеу және оларды тіркеу жөніндегі ұсыныстар Парламент Сенатында қаралуда», - дейді ақпарат құралдары өкілдеріне берген сұхбатында ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев. – Мәселен, осы жылдың осы айында электросамокаттың қатысуымен 78 жол апаты тіркелді. Екі адам қаза тапты, 76 адам жарақат алды. Электросамокат жүргізушілерімен 12 мыңнан астам жол ережелерін бұзушылық анықталған. Сонымен қатар бұл мәселені тек полицияның әдістерімен шешу мүмкін емес».  

Иә, енді бұл ұсыныстарды Сенат қабылдаса оны мақұлдау Президенттің құзырында болмақ.

Статистикалық деректерге көз жүгіртсек, еліміздегі әрбір төртінші жол апаты балалардың қатысуымен болады екен. Жыл басынан бері балалардың қатысуымен 2 700 жол апаты тіркелген, онда 126 бала қаза тауып, үш мыңнан астам жеткіншек жарақат алыпты. Кенеттен үзілген өмір, «әттеген-ай» деп бармақ тістеген әулет, мезгілсіз ажал құшқан баласын құшақтап зарлаған ана... Мұның бәріне кім кінәлі, алдымен ата-ана дер едік. Біздің аудан көшесінде де осы электровелосипедтерді, квадроциклдерді мініп алып, жарысып жүрген балақайлар жеткілікті.

Әсіресе, Көкжайлау көшесінің бойында осындай жарысулар жиі көзге түседі. Ал квадроциклге мінгесіп алған балалар жолдың шаңын шығарып, күркіретіп жаныңнан өте бергенде «әй, сақ болса екен» деп басыңды шайқап қана қала бересін. Сенің ақыл айтқаның кімге керек, егерде ата-ана баласының қауіпсіздігін ойламаса? Өз үйінен тәйт көрмеген бала көшедегі көлденең көк аттының жанашырлығына мойын бұра ма?

Жоғарыда полиция өкілі айтып өткендей, осындай көлік түрлеріне арналған арнайы заң жобасы өмірге енбей, олардың да қолдары байлаулы. Сен тәртіп бұздың, жол ережесін сақтамадың, кәмелеттік жасқа толып па едің деп ешкімге заң аясында қайырыла да алмайды.

– Бұл электровелосипедті алғандағы мақсатым – балаларды тез арада мектепке, балабақшаға жеткізіп салуға ыңғайлы, сол үшін таңдадым. Көп шығын кетпейді, жанар-жағармай қажет емес. Әрине, жол қауіпсіздігіне ерекше мән беремін. Өйткені баларымның өмірі мен үшін басты орында тұр ғой. Балаларыма оны тізгіндеуге рұқсат бермеймін, - дейді аудан тұрғыны Айзада.

Алайда осы көліктермен балалар тасымалын жасауға заң бойынша тыйым салынғанын білмейді екен. Жалпы электровелосипед, электромобиль, мопед, скутерлер, қайсысы болсын, бала тасымалдауға мүлде болмайтынын әр ата-ана білуі тиіс.

Осы жеңіл көліктерге қатысты елімізде алынып жатқан шаралар туралы әлеуметтік желіден деректер іздестірдік. Сөйтсек, өткен жылы елімізде жол қозғалысы туралы заңға өзгерістер енгізіліпті. Соған сәйкес енді скутер, мопед, самокат жүргізушілеріне талап күшейтіліп отыр. Иелері жолда жүру ережесі бұзған болса «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 127, 440, 620 және 593-баптарына сай әкімшілік хаттама толтырылмақ.  

Электросамокаттармен жүретін адамдар нені білуі тиіс?

Алдымен басында шлем, ал үстінде жарық шағылыстыратын элемент болмаса, әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Яғни оған ескерту жасалады немесе 3 АЕК, яғни, 10 350 теңге көлемінде айыппұл саланады.

Бұдан бөлек полиция жылдамдықты анықтайтын кибершериф жылжамалы кешендермен жабдықталған. Соның көмегімен нақты жылдамдықты тіркеуге мүмкіндік бар. Кәмелетке толмаған балалар мінген электросамокаттар жол апатына ұшыраса, онда заң бойынша ата-анасы жауапқа тартылады. Ендеше, желмен жарысқысы келетіндерге де тықыр таянып, заңның құрығынан құтылмайтын күндер де алыс емес.

Әрине, тәртіп бұзбасаң, өз өмірің мен өзгелердің өміріне қатер төндірмесең саған «тәйт» дейтін ешкім жоқ. Тек көлік тізгіндесек, көзіміз көрмей кететін әдеттің жаманы-ай!

Гүлшат Ботанова

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале