Бүгін Орал қаласында Батыс Қазақстан облысында ісін жаңа бастаған және бұрыннан жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер үшін Бизнес-акселерация жобасын іске асыруының аяқталуына орай фестиваль өтті.
Бизнес-акселерацияға батыс өңіріндегі ісін жаңа бастаған және бұрыннан жұмыс істеп жатқан 120-дан астам кәсіпкер қатысса, 36 кәсіпкер Батыс Қазақстан облысынан болған.
- Жоба тек батыс өңірінің облыстарында жүзеге асырылады және бизнеске қолдау көрсетуге бағытталған. Жоба экономиканы әртараптандыруды, жергілікті халықтың өндіруші секторға тәуелділігін төмендетуді көздеген. Бұл кешенді бағдарлама, бағдарлама аясында біз кәсіпкерлерді оқытамыз, оларға бизнес идеяларды генерациялауды, жаңа іс ашуды және оны ашу үшін қаржы тартуды үйретеміз. Біз жобаны 2018 жылдан бері жүзеге асырып келеміз, 2018 жылы «Марафон успеха», 2020 жылы «Бизнес білім» болса, биыл Бизнес акселерация. Биылғы жылы біз бағдарламаның фокусын және операторын өзгерттік. Қазір жұмыс жасап тұрған бизнесті алып, ол істі дамыту, кеңейту үшін және бизнестің тұрақты болуы үшін акселерация жасауға көмектесеміз. Осы мақсатта біздер халықаралық және жергілікті тәжірибесі бар кеңесшілерді шақырдық. Бағдарламаға қатысуға батыс өңірінен 300-ге жуық өтініш келіп түсті, олардың ішінен 122 өтінішті таңдап алдық. Батыс Қазақстан облысынан іріктеуден өткен 7 кәсіпкер бүгін өз жобаларын қорғайды, - деді ЕҚДБ Қазақстандағы шағын және орта бизнесті дамыту бағдарламасының жетекшісі Алма Қасымова.
Фестиваль аясында Shell Live WIRE бағдарламасының үйлестірушісі, Еуропалық қайта құру және даму банкінің Қазақстандағы батыс аймақтарының өкілі Алмас Жұмашев кәсіпкерлерді қолдау бағдарламасы бойынша қолдау құралдарына нақты тоқталып өтті. Негізгі құралдарды атап өтетін болсақ, бұл - кәсіпорынның бизнес-міндеттерін шешуге бағытталған консалтингтік жобаларды бірлесіп қаржыландыру, кәсіпкерлердің басқарушылық білімі мен дағдыларын арттыру және Shell LiveWIRE жаһандық бағдарламасына қатысу.
Бағдарлама жетекшісі атап өткен 7 кәсіпкер қазылар алқасының алдында өз жобаларының тұсауын кесті. Қазылар алқасының қатарында ұйымдастырушылармен бірге «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының өкілдері болды. Ал бизнес-идеялар оның мәні, тұрақтылығы, инклюзивтілігі, әлеуметтік үлесі, инновация және презентация сияқты критерийлерге сәйкес таңдалды. Осыдан бөлек топтық жобаға қатысушылардың панельдік сессиясы және фестиваль қатысушыларына арналған «Как развить бизнесмышление и видеть возможности» атты шеберлік сағаты мен тренинг өтті.
Фестиваль қорытындысында әр номинация бойынша үздіктер анықталды. Жобаға қатысып, бақ сынаған Нұрболат Сагмалиев «Экологиялық сапасы жоғары» номинациясында үздік деп танылды. Ол ет және сүт өнімдерін өңдеп, олардан сүт, қаймақ, ірімшік, май, жартылай фабрикаттар мен тыңайтқыштар дайындайтын фермерлік шаруашылықты қолға алуды мақсат еткен. Жобаның әлеуметтік маңызы кәсіпкер болашақта ерекше балаларды оңалтуға арналған зоотерапия ашқысы келеді. «Әлеуметтік үлес» номинациясын қазылар алқасының шешімімен Алиса Колоскова иеленді, Алиса кондитерлік іспен айналысады, жобаның ерекшелігі дұрыс тамақтануға және тамақтың кейбір түріне аллергиясы бар адамдарға арналған десерттер дайындайды. Нұржан Бабасов болса «Инновациялық жоба» аталымында алға шықты. Ол өз жобасы арқылы салтанатты шараларды ұйымдастыру үшін қызметтер агрегаторы ретінде мобильдік қосымша жасауды ұсынды, қосымшаны Toi.like деп атаған. «Керемет питч» аталымын терезелерге арналған перделер мен басқа да қажетті аксессуарлар салонының негізін қалаушы Алихан Есенбаев жеңіп алды. «Жарқын бизнес-идея» номианциясында үздік Асылым Нурмухамбетова болды. Асылым қазір жұмыс істеп тұрған «Qadam» білім беру орталығын дамытып, кеңейту мақсатында еліміздің басқа қалаларында да франшиза арқылы білім беру орталықтарын ашуды жоспарлаған.
Альфия Шамаева,
zhaikpress.kz,
Фотоларды түсірген: Марзия Зеин