Адамдар сауатты, білімді болған сайын алаяқтарға жем болу жиілеп бара ма, қалай өзі деген де ой келеді кейде. БАҚ құралдарындағы күн сайынғы ескертулер мен сақтандыруларға қарамастан, алаяқтықтың түрлері көбеймесе азаяр емес.
Фото: istockphoto.com
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 190-бабының 1-бөлігінде алаяқтыққа мынадай түсінік беріледі: «Алаяқтық – бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау, немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлікке құқықты иемдену. Қарапайым сөзбен айтқанда алаяқтық – алдау және сенімге қиянат жасау жолымен бөтен мүлікті ұрлау саналады». Әсіресе соңғы кездері интернет-алаяқтық өршіп тұр. Ақпараттық жүйені пайдалана алатын алаяқтар сауда-саттық жасау бағытында жұртты оп-оңай «сыпырып алуда».
«Күнделікті алдап соғыпты», «тақырға отырғызып кетіпті» деген гу-гу әңгімеден гөрі ақ-қарасын айырып отырған заң орындарындағы мәліметке жүгініп көрейік.
1 197 000 теңгенің жыры
2021 жылдың қақ ортасында, айдың-күннің аманында азаматша А-ның «Jusan Bank-банктегі» 1 197 000 теңге ақшасы (нақтырақ айтқанда сол банктен алған кредиті) белгісіз біреулердің алаяқтық іс-әрекетінің негізінде айдаладағы М-ның есепшотына аударылып кетеді. Әрине ақша әуелі өз есепшотына түседі. Артынша шоттағы ақшасы жоқ боп шығады. Азаматша А. өзінің есепшотындағы ақшаның барлық банктік құжаттарымен сотқа жүгінеді. Бөрлі аудандық соты істі зерттей келе, 2024 жылдың мамыр айында талапкердің арызын қанағаттандырады.
Яғни айтқанда, соттың шешімі бойынша жауапкер М. ақшаны қайтаруы тиіс болады. Ал «ақшаның иесі» атанған азамат М. болса өзінің «RBK Bank» есепшотына үш бөлініп түскен 1 197 000 теңгенің өзінікі екенін құжаттармен дәлелдей алмаса да қаражатты иесіне қайтаруға асыға қоймайды.
«Binance» халықаралық биржасының қолданушысы ретінде тіркелген аталған азамат түскен ақшаны өзінің биржадағы жүргізген саудасы ретінде көрсетуге тырысқан. Сөйтіп, өзін жауапкер ретінде қарастырмауын сұрап облыстық сотқа апелляциялық арыз-шағым түсіреді. Батыс Қазақстан облыстық соты осы жылдың маусым айында аудандық соттың шешімін өзгеріссіз қалдырады. Өйткені азаматша А-ның банкке өз аяғымен келіп, кредит алып, оны өз есепшотына аударғанына банк қызметкері куәгер. Қалай болғанда да ақша иесіне қайтарылатын болады. Азаматша А.-ның бұл ақшадан басқа да бірнеше рет алаяқтық іс-әрекеттің құрбаны болғаны анықталғаны өкінішті.
Жарқ-жұрқ еткен жарнамалар
Бүгінде жарнаманың дәуірі жүріп-ақ тұр ғой. Азын-шоғын ақшасы бар азамат К.-де сөйтіп жарнамаға сеніп «құдай ұрған». Ол әуелі инстаграм Instagram желісінің мессенджерінен алаяқтар ұйымдастырған «Халық банкінің» инвестициялық жобасын көреді. Бағын сынап көрмекші болады.
Кім байығысы келмейді дейсіз, сөйтіп көрсетілген есепшотқа 800 мың теңге ақша аударып жібереді. Бұл 2022 жылдың тамыз айы болатын. Көп ұзамай-ақ алаяқтар құрған торға түскенін білісімен сотқа жүгінген. Ал жауапкер деп танылған азамат О. сотқа шақырылғанмен, келмеген де. Ол өзін ешкімге, ештеңе қайтаруға тиіс емес деп санаса керек. Аудандық сот 2024 жылдың мамыр айындағы шешімімен азамат К-ның азамат О-ның есепшотына аударған ақшасын қайтарып алу туралы арызын қанағаттандырмайтыны туралы шешім шығарып береді. Бұл шешімге азамат К.-ның онлайн платформаға кіріп жалған «инвестициямен» айналысқаны, делдал ретіндегі үшінші жақтағы белгісіз адамның нұсқауымен белгілі бір нөмірге, белгілі бір шотқа еш қателіксіз өзі аударғаны негіз болған. «Мал ашуы жан ашуы» дегендей, азамат К. облыстық сотқа апелляциялық шағым түсіреді. Шағымды қараған облыстық сот әңгіме болып отырған ақшаның азамат О.-ның есепшотына түскенін және ол ақшаның оныкі емес екенін анықтады. Сонымен қатар азамат О. сотқа бұл уәжге қарсы ешқандай құжат ұсынбағандықтан, сот жәбірленушінің арызын қанағаттандырды. Нақтырақ айтқанда, азамат О. әу бастағы ақша иесі азамат К.-ге ақшасын қайтарып беруге шешім шығарылды. Мұндай мысалдар өкінішке орай, көп-ақ.
Сенгендер де сан соқтырады
Қазіргі таңда алаяқтықтың түрлерін санап тауыса алмайсың. Мәселен бір затты сатамын деп жарнама жасап, алғашқы жарнасын алып жоқ боп кету. Немесе өзі жалға алған пәтерді бірнеше кісіге жалға беру. Сол бірнеше кісіден алдын ала ақшасын алып алады да өзі жоқ боп кетеді. Біреулер сыртынан жасалған алаяқтықтың құрбаны болса, енді біреулері жақындары мен таныстарына сеніп, өзі ғана білуге тиіс жеке мәліметтерді беріп қояды, не құжаттарын сеніп бере салады. Енді біреулері ақша жасасам, тез байысам деген оймен алаяқтардың торына түсіреді.
Жақында ғана өзімнің басымнан мынадай жағдай өтті. Әріптесім екеуміз жұмыс бабымен үш күнге Алматы қаласына ұшып бардық. Таңғы 6-да ұшақтан түсіп барсақ, интернеттен тауып келіскен, алдын ала жарты ақшасын аударған адам телефон алмайды. Түске дейін күтіп, болмағасын қонақүйге бардық. Алматыда ол кісіні қайдан іздеп жүрейік, уақыт тапшы, оның үстіне көп ақша да емес қой деп елге қайтып кеттік. Әлгі адамның сөйтіп көп ақша емес қой дейтіндердің қаншауынан күніне қанша ақша тауып отырғанын ойласаңыз, біраз дүние боп қалады, иә.
«Дәніккен қарсақ құлағымен ін қазады» деген сөз осындайдан шықса керек. Интернетте ABAIBOL деген сайт бар. Онда танымал журналист аяқталған қылмыстық істер туралы баяндап отырады. Сол журналист әр кезекті шығарылымын бастар алдында ақша салып ойнайтын әртүрлі ойындарды жарнамалап, қалай ақша ұтып алуға болатынын айтып алады алдымен. Жарнамаға үйрендік қой негізі. Бірақ бұл жерде бір қызығы, жарнамасын аяқтап болғаннан кейін, «бұл жәй ермек қана, ал ақша салып, ойын ойнап байып кетемін десең – топассың» деп сұқ саусағын шошайтып қояды ғой.
Миыңыз ашып кетті ме? Менің де. Сақ болайықшы ағайын. Абай болайық. Екі шоқып бір қарайық. Әп-сәтте байып кету ертегісіне сене бермеңіздерші.
Дариға Нұрашова
Бөрлі ауданы